28 Мамыр, 2010

ҚАЙРАТКЕР

1174 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Біздер, бүгін жетпістің ол жақ-бұл жа­ғын­дағылар, жарты ғасыр кеңес дәуіріндегі, жи­ырма жыл егемендіктің тұсындағы өмірдің иегерлері екенбіз. Біріне бірі ұқсамайтын, қоғамдық талғам-түсінігінің айырмашылығы, қарама-қайшылығы мол кезеңдер. Сондықтан да замандастар туралы әңгіме өрбігенде осы екі кезеңнің ерекшеліктерін ескеруге тура келеді. Кеңес заманында бәрі де – шаруашылық жүйесі, саяси-әлеуметтік ұстанымы, одан қалса білімі, ғылымы жаман болды дедік егемендіктің басында. Идеологиялық құрсауда, жайдақ ұранмен өмір кешкен күндерімізді айттық. Олардың көбімен келісуге болады. Дегенмен, бәрі жаман деген біржақты теріс пікірден сейіліп келе жатқан секілдіміз. Өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, білім, ғылым жүйелерінің, кейбір басқа да са­лалардың бүгінгі келбетінің негізі сол дәуірде салынды. Кеше біздегі бай жер қазынасын тауып, оны игеру барысында, мұнай, металл, көмір өндіруде, өндірістік кәсіпорындарын салуда, тың игеру ісінде, бұрын бізде тіпті болмаған ғылым, білім жүйелерін жасап, оларды дамытуда ұлт азаматтары шынайы талантымен тарих сахнасына жарқылдап шығып, ұлт мақтанышына айналды. Қа­зақ­станда кадр мәселесіндегі Мәскеудің үс­тем­дігіне қарамай, көптеген шешуші орындарда сол орталық жіберген басқа ұлттың өкілдері отырса да, өз ұлтымыздың азаматтары да үлкен іске белсене араласып, өздерінің ерен еңбек, биік рух, жасампаздық қабілетін, тұлға дәрежесін көрсете білді. Біздің бүгінгі әңгімеміз адал да қажымас еңбегімен халқының құрметіне бөленген Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев туралы. Осы күндері ол жетпістің желкеніне мініп отыр. Оның өмірі Қазақстандағы мұнай өнеркәсібі, мұнайшылар тарихымен қым-қуыт араласып жатыр. XІX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында ағайынды Нобель, Леман басқарған ағылшындар, олармен әріптес орыс кә­сіп­керлері мұнай іздеп, қазақ сахарасын кезді. Аты­рау өңіріндегі Доссордан мұнай тауып, оны жер бетіне шығарып, тасымалдайтын кә­сіп­орындар сала бастады. Сөйтіп, қазақ же­рінде ең алғашқы өндіріс саласының іргесі қаланды. Оларға жұмысшылар мен қызметкерлер керек болды. Мамандарды Англия мен Ре­сейден тасығанымен, қара жұмысқа кә­сіпорын ие­лері жергілікті халықтың азаматтарын ша­қырды. Сөйтіп, Қазақстанда құрылған жұ­мысшы табының ең алғашқы өкілдері болу бас­қалармен қатар сол кезде Доссорда тұратын Шырдабай ақсақалдың ұлдарының еншісіне тиді. Жеті ағайынды олардың бесеуі – Теңізбай, Баймолда, Тымықбай, Шашпан және Тәжіғара мұнай кәсіпорындарына жұмысқа тұ­рып, еңбек жолдарын қатардағы жұмысшыдан бас­тайды. Дегенмен, ерекше еңбекқорлығының, кәсіби мамандықты игеру ісінде көрсеткен ынтасы мен қабілеттілігінің арқасында олар өз ісінің хас шеберлері дәрежесіне көтеріліп, осы саладағы көптеген басшылық қызметтерге қол жеткізді. Жоғарыда аты аталған әкелерінің мұнай саласындағы қызметтерін олардың балалары, немерелері жалғастыруда. Сөйтіп, Қазақстанда баршамыз мақтан ететін Шырдабаевтардың мұнайшылар әулеті қалыптасты. Осы әулет өкілдерінің мұнай саласындағы жалпы жұмыс өтілі 1000 жылдан, яғни он ғасырдан асқанын осыдан біраз уақыт бұрын “Егемен Қазақстан” үлкен құрметпен жазған еді. “Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі” дегеніміз де осы бір өте сирек кездесетін озық үлгі емес пе! Жалпы, біз өте ұйымшыл, іргеміз бөлін­бе­ген, бабамыз Шопан атадан тараған әулетпіз, дейді Рекең. Бабамыздың екі перзенті –Алдоңғар мен Шырдабай отбасыларымен Батыс Қазақстан өңірінде қазақ ауылдарында көшіп-қонып жүрді, елмен бірге талай қиыншылықтарды басынан өткізді, төңкерістің тепкісіне де шыдады. Адалдық пен қа­йы­рым­дылық мінездерінің арқасында баба ұрпағын ел ішіне құрметі мол етіп тәрбиеледі. Олардың жеті баласының бесеуі жоғарыда аталған мұнайшылар әулетін құрды. Осы әулеттің, өскен-өнген, жапырағы молынан жайылған ұрпақтың көшбасшысы, бүгінгі ноқта ағасы Равиль Шырдабаев. Оның өмір жолы да біздің замандастарымыздың өткен ғасырдың екінші жартысында жүріп өткен жолдарын қайталайды. Ауылында мектеп бітіреді, одан ұзап шығып институтта оқып, мамандық алады. Комсомол, партия мү­ше­лі­гіне өтеді, партия шешімімен әртүрлі дең­гей­дегі қызметтерді атқарады. Баршамызға таныс, кеңес заманында не істесең де басқаға бұрылмай жүріп өтетін қасқа жол. Равильдің әкесі Тәжіғара өзі сұранып кетіп төрт жыл қан майданда болды, қайтып келіп Доссорда автомобиль, трактор және мұнай жабдығын жөндейтін зауытта құрметті демалысқа шыққанға дейін жемісті еңбек етті. Әкесіне серік болып Равиль де 16 жасынан сол зауытқа жұмысқа кіріп, слесардың шәкірті болып бастап, осы мамандықтың ең жоғары кәсіби деңгейі – 6-шы разрядқа дейін жетті. Ата жолын қуу мақсатымен алдында Саратов по­литехникалық институтына түсіп, артынан Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және газ институтына оқуға ауысады. Атап кетуіміз керек, Губкин институты Қазақстан мұнай инженерлерінің алтын бесігі, осы саланың біздегі бірнеше ұрпақ басшылары аталмыш институттың түлегі. Осы институтты Равиль Шырдабаев та ойдағыдай бітіреді. Әкесі де, өзі де жұмыс істеген Доссордағы зауытына маман ретінде қайтып келіп, аз уақыттың ішінде оның бас инженері дәрежесіне көтеріледі. Осыдан кейін көп жылдар комсомол, партия қызметтерінде жүреді. Егемендігіміздін тұсында әртүрлі салада табанды еңбегімен, ұйымдастыру қабілетімен, әлеуметтік ауқымды көзқарасымен көзге түсіп жүрген азаматтардың ішінде де осындай саяси мектептерден өт­кендер аз емес. Равиль Тәжіғараұлы осы мектептің түлегі. Комсомол тарапынан біршама қызметтер атқарды. Өз замандастарымен тығыз араласты, олардың арманын, мақсатын түсіне білді, әртүрлі деңгейде жастар ұйымының көшін бастады. Өмірге деген жақсы дайындығын көріп, партия қызметіне тартылды. Махамбет аудандық партия комитетінің, артынан он жыл қатарынан Гурьев қалалық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы қыз­мет­те­рінде жүріп Равиль Шырдабаев үлкен талап­тарға сай азамат екенін көрсете білді. Ол пар­тия қызметінде болған 80-ші-90-шы жылдар кеңес елінің тоқырауда болып, ауылда да, қалада да не тауарға, не тамаққа дұрыс қолы жетпей, әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген қайшылықтары болған кезең еді. Гурьев сияқты түкпірде жатқан қаланың коммуналдық, құрылыс салаларының, мектеп, мәдени ошақтарының көптеген қордаланып қалған проблемаларын шешемін деп Алматы мен Мәскеудің арасында ат сабылтып, еліне келсе күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген Рекеңді біздер, оның замандастары, көріп едік. Қажымас еңбектің қара нары дейтін Рекеңді сол кездерде әріптестері һәм қала тұрғындары. Осы адал еңбегінің арқасында ол жұрт­шылықтың үлкен құрметіне бөленді. Партия сенің артық екпін­ді­лігіңді көтере бермейтін. Қала тұрғындарының тұр­мысын жақсартып, шаруашылық жүйесін дұрыстаймын деген Шырдабаетың орталыққа жолдаған ұсыныстары дұрыс қолдау таппады, кейбіреулері ол туралы тіпті теріс пікір ту­ғызды. Нәтижесінде ол партиядағы қызметінен бо­сатылды. “Мен жаратылысымнан мұ­найшымын ғой, мұнай саласындағы қызметке келгеніме қатты қуандым”, дейді Рекең осыдан кейін “Теңізмұнайгаз” өндірістік бірлестігіне бас инженер қызметіне келгенін есіне алып. Өте бай мұнай кенішін игеру ісі жаңа ғана қолға алына басталған кез еді. Ол үшін орта­лық­тан, кеңес елінің мұнай өндіретін өңір­лерінен көптеген мамандар шақырылды. Бір-екі жылдан кейін америкалық “Шеврон” корпорациясы өкілдерінің алғашқы тобы келе бастады. Осы болашақ үлкен істің бас­тауында бас­шы ретінде Равиль Тә­жі­ғараұлы Шы­рдабаев болып еді. Кенді иге­ру жұ­мыс­та­рын ұй­ым­дас­тыру, тиімді техникалық шешімдер жү­йесін жасау, ин­женерлер тобын құ­рас­тыру, әлем дең­­­гейіндегі ірі осы салада жұмыс істейтін ко­р­по­рациялармен байланыс жасаудың ал­ғаш­қы қадамдары Рекеңнің тікелей қатысуымен, басшылығымен өтті және, кейін өмір көрсет­кендей, осы кен орнының болашақ ілгері дамуының негізін салды. Сонымен қатар аталмыш кезеңде еліміздің әлеуметтік саласында тыныштық бұзыла бастады. Алматыда жергілікті халықпен санас­пай, орталықтан әкелген басшыға наразылық шеруі артынан күйзеліске әкелді. Жер-жер­лерде өзінің тұрмысы мен әлеуметтік жа­ғ­да­йына қанағаттанбаған халық әртүрлі дәрежеде на­разылық көрсете бастады. Үлкен күйзелістің бірі Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында болды. Мұнай игеруге басқаларды әкеліп, жергілікті халық жұмыссыз қалғандықтан, олар көтеріліп, үлкен ұлтаралық шиеленістер туды. Дұрыс шешім, беделді басшыны таппаса, осы күйзеліс қантөгіске айналып, басқа өңірлерге де тарап кету қаупі тұрды. Осындай жағдайда жаңа ғана республикалық партия ұйымының басшылығына сайланған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шырдабаевқа Жаңаөзен қалалық партия комитетін басқарып, ол жердегі өршіп тұрған ұлтаралық шиеленістің шешімін табуды тапсырды. Рекеңнің биік рухын, үлкен іскер­лі­гін, халықтың мұң-мұқтажын тү­сініп, оның дұрыс шешімін таба білетін қабілетінің жоғары екенін осы тұста бүкіл ел көрді. Оның әр халықтың өкілдерінің пікірін, өкпе-назын мұқият тыңдап, оларды шешу жолында баршаға бірдей адалдығын көрген халық сабасына түсіп, басыла бастады. Оқ атылмай, қан төгілмей ұлтаралық араздық өршімей басылды. Бұл жаңаөзендіктердің ғана емес, бүкіл халықтың алдында Равиль Шыр­да­баевтың абырой-беделін өсірді. 1990 жылы Равиль Тәжіғараұлы отын-энер­гетикалық кешеніне және жалпы өнеркәсіпке жетекшілік ететін Атырау облыстық әкімшілігі тө­рағасының орынбасары қызметіне таға­йын­дал­ды. Аса қиын жағдайларда жұмыс істеуге тура келді. Сол кезді, республикадағы ахуалды жап­пай саяси және қоғамдық бейберекетсіздік ре­тінде сипаттауға болатын еді. Эко­но­ми­к­а­да­ғы қайта құру сәтсіздікке ұшырап, дағдарыс ушыға түсті, түрлі одақтас республикаларға орналасқан өндірушілер мен тұтынушылардың арасындағы ондаған жылдардың ішінде қалыптасқан байланыстар үзіліп, халық көп айлар бойы жалақы, зейнетақы, балалардың жәрдемақыларын ала алмады, дүкендерде сөрелер қаңырап бос тұрды, кәсіпорындарда ұдайы митингілер мен айғай-шуы мол жи­на­лыстар өтіп жатты. Осындай жағдайда әрбір кәсіпорынның жай-күйін бағалау, шұғыл міндеттерді ай­қын­дау, кәсіпорындар арасындағы үзілген бай­ла­ныстарды тікелей қалпына келтіру қажет бол­ды. Барлау, бұрғылау және мұнай өндіретін учас­келер мен басқармаларды, өңдеуші кә­сіп­орындар, мәшине жасау және химия за­уыт­тарын тоқыраудан шығарып, олардың тия­нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек болды. Осындай мәселелер басқа өңірлерде, олардың шаруашылық жүйелерінің, басшыларының алдында да тұрды. Оларды ше­шу­дегі сол кезде іс басында жүрген аза­мат­тар­дың, олардың қатарында Равиль Шырдабаев та бар, қажырлы еңбегін айтуымыз керек. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қа­зақстан тәуелсіз мемлекет мәртебесін алды. Ел халқы Н.Ә.Назарбаевты егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті қызметіне бірауыздан сайлады. Республика экономикасын қалпына келтіру мақсатымен шұғыл және ауқымды жұмыс басталды. Басқалармен қатар Атырау қаласының басты нысандарының жұмысын жандандырудың да сәті түсті. Жұмсалған күш-жігердің арқасында облыстағы көптеген кә­сіп­орындардың бойларына қан жүгірді.  “Осылардың барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық өткір проблемаларды шешу кезіндегі кадрларға деген сенімі мен дәйекті саясатының нәтижесінде мүмкін болды”, – дейді сол кезде аталмыш жұ­мыстарға Атырауда тікелей басшылық еткен Равиль Шырдабаев. 1991 жылы көптен күткен Теңіз м­­ұ­на­йы­ның да алғашқы тоннасы алынып, Равиль Тә­жіғараұлы осы кеніштің іске қосылғаны туралы Елбасына мақтанышпен баяндады. Теңізді дамыту бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. “Шеврон” корпорациясымен келіс­сөз­дер жаңғыртылып, 1993 жылы Н.Ә.На­зар­баев пен “Шеврон” кор­по­рац­ия­сының басшысы салтанатты жағдайда “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды. Сол күні қазақстандық тараптан “Тенгизшевройл” БК директоры қызметіне Равиль Тәжіғараұлын тағайындау туралы Президенттің Жарлығы шықты. Өндірісті жүргізудің жаңа стандарттарын енгізу, жаңа кәсіпорынға бұрынғы “Теңіз­мұ­най” өндірістік бірлестігінің жұмыскерлерін шақыру ісінде, басқару жүйесіне жергілікті кадрларды шақыруда, әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін бірлескен кәсіпорын басшылары, әсіресе, Равиль Шырдабаев бірнеше сәтті қадамдар жасады. “ТШО” БК бірінші күнгі жұмысынан бастап ұжым ішінде қалыпты рай қалыптастырудың, бұған дейін мүлде қарама-қайшы саяси құрылымда тәрбиеленген түрлі мәдениет өкілдерін бір-бірімен жақындастырудың және өзара түсінісулеріне көмектесудің қаншалықты дұрыс және маңызды болғанын уақыттың өзі көрсетіп берді. 1994 жылы Қазақстан Президентінің Ра­виль Тәжіғараұлын республиканың жаңадан құрылған Мұнай және газ өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлығы шық­ты. Сөйтіп, жоғарыда айтылған мұнай­шылар династиясының өкілі өзінің үлкен іскерлігінің арқасында осы саланың басшысының дәре­жесіне көтерілді. Мұнай саласының ең жауапты даму сатыларының бірі еді бұл кез. “ТШО” БК құрылып, министрлік өз жұмысын бастағаннан кейін әлемдік бизнес қоғамд­ас­тығы жас республикада қолайлы ин­вес­ти­ция­лық райдың қалыптасып жатқанын көріп, күмәні сейілді, елімізге шетелдік капитал құйыла бастады. Оларды игеру үшін қатаң графикте жұмыс істеуге тура келді: инвесторлармен, осы өңірдегі мұнай мен газ кеніштері орналасқан облыстардың әкімдерімен, шетелдік әріптестер, инвестициялау үшін таңдаған мұнай-газ өн­діруші кәсіпорындардың басшы­лыөғымен түрлі деңгейлерде өтетін сансыз көп кез­де­сулер, сондай-ақ шетелдік капиталды тартуға бағ­дарланған әр түрлі форумдар, көрмелер жасау, көптеген бағдарламалар жасау, басқа да іс-ша­ра­лар ұйымдастыру. Міне, Шыр­дабаевтың мұ­най саласының басшысы ретінде қолға алған іс­тері. Осылардың барлығы Қазақстан мұнай-газ саласының қарқынды дамуына негіз қалады. 1994 жылы Равиль Тәжіғараұлы алдымен Атырау облыстық әкімшілігінің басшысы, содан кейін Атырау облысының әкімі қыз­метіне тағайындалды. Жұмысқа кіріскеннен-ақ жаңа басшылық облыстағы өткір әлеуметтік-экономикалық про­блемалардың шешімін табуды қолға алды. Сол кезеңде республикамыз жоспарлы шаруа­шылықтан рыноктық (на­рықтық) экономикаға өтудің бастапқы са­ты­сында ғана еді. Осыған байланысты тұрғын халықтың арасында өте көп мәселелер ту­ын­дады. Жұртшылықпен жиі кездесулер өткізуге, оларға мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіруге тура келді. Осы жылдар қоғамдағы, экономикадағы, мемлекеттік басқарудағы түбегейлі өзгерістерге толы кезең еді – реформалар жүргізіліп, еліміздің жаңа Конституциясы, мемлекетіміз үшін маңызды жаңа заңдар қабылданып, Президенттің бастамасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, ал 1997 жылы республика астанасы Алматыдан Целиноградқа (кейіннен Астана аталды) көшірілді. Осы бастамалар мен жаңалықтардың барлығын жаппай жер-жерде іске асыру керек еді, ол сол кездегі әр саланың басшыларына, жалпы басқару жүйесінің алдында тұрған зор міндет болатын. Осы міндетті абыроймен орын­дағандардың ішінде Равиль Шырдабаев та бар. Кеңес дәуіріндегі Равиль Шырдабаевтың Атырау өңірінде істеген жемісті еңбегі туралы жоғарыда айттық. Ал егемендігіміздің тұсында Рекең осы өңірде 8 жылға жуық басшылық қызметтерде болған екен. Және де егемендіктің алғашқы жылдары. Қазақстанда өте күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалар басталып, жүргізіле бастаған жылдары. Осы реформалардың өңірлерде жүзеге асуы, оларға жергілікті халықты жұмылдыру, реформалар нәтижесін ел игілігіне, халық тұрмысын жақ­сартуға бағыттау өңір басшыларына жаңадан құрылып жатқан шаруашылық жүйесінің сыры мен ерекшілігін түсініп, игеру жолында, басталып жатқан саяси-демократиялық үдерістердің тиімді тетіктерін меңгеру ісінде зор талап, міндет артты. Тұңғыш Президентіміз командасының сенімді өкілі болып, осы істі белсенді түрде және жемісті атқарған өңір басшыларының бірі Равиль Шырдабаев болды. Біздің заманымыз бір орында көп отыруды кө­термейді. Өміріміздегі жиі өзгерістер басшы орындағы азаматтардың да ауыс-түйісін жиілететін жағдайлар болады. Осындай се­беп­тер­мен Рекең Қазақстанның Украина мен Молдавия елдеріндегі елшісі, Сыртқы істер ми­нис­трінің Каспий теңізінің құқық мәртебесі ту­ралы құрылған халықаралық Ұжымның ар­нау­лы өкілі қызметін атқарған кездері де болды. Равиль Шырдабаевтың Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде істеген еңбегін де айтуымыз керек. X-XІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болды, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің 3-ші шақырылымының депутаты болып бірге істедік. Оның бай өмір тәжірибесі, өндіріс, шаруашылық салаларын жете білетіндігі, еліміздің үзбей дамуына деген зор ынтасы, жа­уап­кершілігі Мәжіліс алған көптеген заң жо­ба­ларының сапалы болуына елеулі үлес қосты. Депутат Шырдабаевтың пікірі оның әріп­тес­терінің ортасында ешқашан елеусіз қалмайтын. Мен осы замандасымды көптен білемін. Қызмет саламыз басқа болса да оның өмір өт­келдерінен әр уақытта хабардар болып жүрдім. Кейін, жоғарыда айтқанымдай, Мәжілісте бірге депутаттық міндетімізді атқардық. Оның еңбекқорлығы, тапсырылған істі орындаудағы үлкен жауапкершілігі туралы жоғарыда айттық. Сонымен қатар, ол зор парасат иесі, отырған ортасына достықтың, ізгіліктің нұрын шашып отыратын азамат. Сүйікті жары, қазақ қызының барша мейірімділігі бойына сіңген Сәуле екеуі перзенттерін өсіріп, немере сүйіп отыр. Рекеңнің жанында оның іні-қарын­дас­тары, мақала басында айтылған династия құ­ру­шы әкелерінің бүгінгі ұрпақтары. Осындай үлкен әулеттің қамқор атасы болу міндетін де абыроймен атқаруда. Осыған қоса Равиль Шырдабаевты көрнекті қайраткер дер едім. Дүрілдеген кеңес дәуірінде өз жоғары орнын таба білген, халқына еңбегін аямаған қайраткер. Егемендіктің туын көтерген тұсымызда бүкіл бір үлкен өңірдің жаңа за­ман­ға көшін бастаған қайраткер. Біздің эко­но­ми­каның шешуші саласы – мұнай өн­дірісінің негізін қаласқан, осы саланың бү­гінгі жан-жақты дамуына елеулі үлесін қос­қан қайраткер. Қа­зақ елінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Артында жемісті, жеңісті жылдары қалды, алдағы өмірінің белестері де осындай сәтті болғай. Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.