Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Тектіден текті туады

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, атақты драматург, көркем сөздің хас шебері Сафуан Шаймерденовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Отандық әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгердің немересі Дина Саянқызы атасының мерейтойына керемет сый жасады, деп жазады Egemen.kz.

Тектіден текті туады

Мектеп жасынан спортқа етене жақын болған Дина түрлі жарыстарда ел намысын абыройлы қорғап, қазіргі кезде қалың қазақ жанкүйерлерінің қошеметіне бөленіп жүр. Солардың арасындағы ең елеулісі – 2019 жылы АҚШ-тың Гавай штатындағы Каилуа-Кона қаласында триатлоннан әуесқойлар арасында өткен әлем чемпионатына («Ironman») қатысуы. Спорттық бұл түрінде аталған жарыста жүлдегерлер санатынан көріну былай тұрсын, жолдама алудың өзі оңай шаруа емес. Осы жайттың өзінен-ақ кейіпкеріміздің қандай ауыр сынақтардан өткенін аңғартса керек.

Дина Шаймерденованың басқа да ауыз толтырып айтарлықтай табыстары аз емес. Биылғы жылдың өзінде ғана ол БАӘ-де ұйымдастырылған «Ironman 70.3 Dubai» додасында күміс медальді иеленсе, Әзербайжанда тұсауы кесілген «IronWind 70.3» турнирінде бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар елордада жалауы желбіреген «IRONMAN 70.3 Astana» жарысының абсолютті сайысында үшінші орынға табан тіреді. Ал таяуда ғана Дина АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында жалауы желбірген әлем чемпионатында («Ironman 70.3») қола медальді мойнында жарқыратты. Төрткүл дүниенің мықтылар жиналған жарыста бұған дейін атақты велошабандоз, Олимпия ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров қана жеңіс тұғырына көтерілген еді. Осылайша, Шаймерденова өз есімін осындай дәрежеге жеткен Қазақстанның тұңғыш триатлоншы қызы ретінде спорттық шежіреге тіркеді.

Негізі Дина кәсіпқой спортшы емес. Оның екі жоғары білімі бар. Сөз орайы келгенде, 2021 жылы Шаймерденованың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын айта кеткен абзал. Ол қаржы саласы бойынша басшылық қызметтер атқара жүріп, спортты да серік етуде. Ал триатлонға ден қойғанына бар-жоғы жеті жылдай ғана уақыт болды. Соған қарамастан, Дина Саянқызы халықаралық аренада өзінің мықтылығын мойындатып үлгерді. Міне, «тектіден текті туады» деп осындай да айтылса керек.

Дина өзінің әр сөзінде әкесі Саян Шаймерденовтың оның жүрегіне бала кезінен спорт пен саламатты өмір салтына деген сүйіспеншіліктің діңгегін қалап кеткенін айтады. Иә, бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде сырмінез Саянның өнеріне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сәрі! Көгалдағы хоккейдің хас шебері болған ол Алматының даңқты «Динамосының» намысын абыройлы қорғап, сегіз дүркін КСРО чемпионы атанды, екі рет күміске қол созды. Еуропа чемпиондары кубогын иеленіп, басқа да аса байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілді. Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары Кеңес Одағының ең мықты ойыншыларының бірі әрі бірегейі болған Саян Сафуанұлының «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атағы бар. Кейіннен бапкерлікке ден қойып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және еліміздің көгалдағы хоккей федерациясының президенті қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Динаның өсіп-өніп, ел ертеңін ойлайтын азаматша болып қалыптасуына атасы – Халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Отан» орденінің иегері Сафуан Шаймерденов те маңызды рөл атқарды.

Атасының қазақ әдебиетіндегі және әкесінің отандық спорттағы жетістіктері Динаны әркез жарқын жеңістерге жетелеп, үнемі шабыттандырып отырады.

«Асыл атамның жүріп өткен жолына қарап, мен адалдық пен әділдік, ізгілік пен жанашырлық, жауапкершілік және тағы басқа көптеген адами қасиеттерді бойыма сіңірдім. Алдыма биік мақсат қойып, соған жету үшін тынбай еңбек етуді үйрендім. Отанымды, елім мен жерімді сүюдің маңыздылығын терең ұғындым. Атам мен әкемнің өмірлік қағидаттары мен ұстанған принциптері бұл күндері маған жұмыста да, спортта да көп көмек беруде», дейді Дина.

Жуырда ғана АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында өткен әлем чемпионатындағы («Ironman 70.3») өзінің жарқын жеңісін Дина Саянқызы атасы, Халық жазушысы Сафун Шаймерденовтың 100 жылдық мерейтойына арнады.