Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Ең қымбат қазына

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Адам құқығы күніне орай М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері мұрындық болды.

Ең қымбат қазына

Жалпы, аталған комиссия өкілдері адам саудасына қарсы күрес іс-шараларын жүйелі жүргізіп келеді. Елімізде ал­­ғаш рет Адам саудасына қар­сы күрес туралы заң жо­ба­с­ы әзірленіп жатқанын ес­кер­сек, бұған комиссия мүше­лері­н­ің қосқан үлесі зор. 2023 жыл­дың сәуір айында заң жобасы Мәжілістің талқылауына ұсынылмақ.

Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар ұйымдастыру мен жеңгетайлық жасау. Ер адамдар әдетте, еңбек нарығында жапа шегеді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды сату фактілері де азаймай тұр. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, заң жобасында шетелдік мигранттардың ең­бек қатынастарын реттеу мәселесі қарастырылып, өзге де маңызды бағыттар қам­тылған. Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болмақ. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор.

Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құр­бан­да­ры­на атаулы әлеуметтік кө­мек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғы­лықты тұ­рып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала ала­ды. Ал түрлі себептермен Қа­зақстанға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда бұл көмектен қағылады. Ха­лық­аралық сарапшылар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Жал­пы, бұл бағыттағы заңна­малық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде тө­менгі сатыдан көрінуіне түрт­кі болғаны рас. Білікті ма­мандардың қатысуымен әзір­леніп жатқан заң жобасы осы сияқты түйткілдердің түйінін тарқатады деген сенім мол.

Дөңгелек үстелге адам құқы­ғын қорғау іс-шараларда бел­сенділік танытып жүрген сарапшылар шақырылып, олар өз ойларын ортаға салды. Жиын­да елімізде заң үстемдігін қалып­тастыру мен құқық қорғау инс­титуттарын жетілдіруге ба­сым­дық беріліп отырғаны айтылды. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы адам бостандығын сақтау­мен тіке­лей байланыс­ты. Жинал­ғандар адам құ­қық­­­тарын халықаралық стандарттарға сәйкес қорғау­дың ұлттық тетік­терін жетіл­діру, салада қолға алынып жатқан реформалар төңірегінде пікір алмасты.

Тастемір Әбішевтің айтуынша, мұндай кездесулер жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл жастардың ой-өрісін кеңейтумен бірге болашақта заң саласында жұмыс істеу­де қажетті дағды­ларды мең­геруге мүмкіндік береді. «Енді Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қан­дас­тар, азаматтықты алып үлгер­мегендер де Конс­титуциялық сотқа жүгінуге құқылы. Мы­салы, менің құқықтарым бар болғанымен, мемлекет пен қоғам алдында міндеттерімді де ұмытпауым керек», деді Т.Әбішев.