Президент • 07 Желтоқсан, 2022

Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер заңсыз айыппұлдан босатылды - Президент

134 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бұл конкурстың дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтіп, 2005 жылдан бері  шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өскенін және қазір ел экономикасының 34 пайызына жуықтағанын айтты.

– Бүгінде осы салада 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – еңбек ететін халықтың 40  пайызы деген сөз. Тағы бір жетістік: былтыр  өңдеу өнеркәсібінің экспорты  рекордтық көрсеткішке – жиырма миллиард долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде  17 мың жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алдағы жеті жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш салынатынын айтып, бизнесті өркендету үшін  нақты шаралар қабылдана беретініне тоқталды.

– Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері. Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет  бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды. Кәсіпкерлерді  негізсіз тексерулерден қорғауға, қылмыстық процеске заңсыз тартуды болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қазірден бастап қолға алынып жатыр.

– Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 миллион теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1200 тыйым салу және шектеу шараларының күші жойылды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды. Сонымен қатар өткен жылдардың оң нәтижесіне сүйене отырып, ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде шынайы индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру ісі дәйекті түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, «Өнеркәсіптік саясат туралы» арнайы заң қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат жоғары және орташа өңдеу деңгейіндегі өнім өндірушілерге кең көлемде қолдау шараларын ұсынады. Алайда заңның кейбір нормаларының қолданысы әлі күнге дейін «кібіртіктеп тұр».

– Қазақстандық өндірушілер отандық шикізаттың қолжетімді емес екеніне жиі шағымданады. Ірі тау-кен, металлургия кәсіпорындары өңделген өнім шығарғаннан гөрі ресурсты сыртқа тасығанды қолайлы көреді. Қазақстандық өңдеу өнеркәсібіне шикізат қолжетімділігі төмен. Бұл кабель өнімдері, аккумулятор, алюминий бұйымдар мен басқа да жоғары өңдеу деңгейіндегі тауарларға қатысты. Үкімет әрбір арыз-шағымды қарастырып, қажетті жүйелі шараларды қабылдағаны жөн. Қайталап айтамын, уақытша емес, жүйелі шаралар керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент агробизнес экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтіп, оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік инфляциясы үшін стратегиялық маңызы бар сала екеніне тоқталды. Сондай-ақ күзгі жиын-терін науқанын сәтті аяқтаған шаруаларға ризашылығын білдірді.

– Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі басымдықтың бірі екенін жеткізді. Сондықтан келесі жылдың алғашқы тоқсанында Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданады.

Сонымен қатар Президент келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға үлес қосу. Бұл – мемлекетіміз бен бизнестің азаматтарымыз алдындағы ортақ борышы.

Жиын соңында Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының  жеңімпаздарын   салтанатты түрде марапаттады.

«Алтын сапа» сыйлығының «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Павлодар облысының «Проммашкомплект» кәсіпорны, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша  Алматы облысының «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жеңімпаз атанды.

«Парыз» сыйлығының шағын және орта бизнес иелері арасындағы  Гран-при жүлдесі Ақмола облысының «Шуйское-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал ірі бизнес иелері арасындағы Гран-при жүлдесі Атырау облысының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» кәсіпорнына табысталды.

Сонымен қатар бизнеске  қолайлы жағдай жасалған «Үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлыққа Шымкент қаласының әкімдігі, «Үздік аудан» санаты бойынша арнайы сыйлыққа Сәтбаев қаласының әкімдігі ие болды.

Соңғы жаңалықтар

Дипломатияның даму жолдары

Саясат • Бүгін, 08:58

Сөз өнерінің суреткері

Қоғам • Бүгін, 08:50

Еңбек құқығы қорғалады

Еңбек • Бүгін, 08:45

Су басу қаупі жоқ

Төтенше жағдай • Бүгін, 08:40

Ауылға әл беретін несие

Ауыл • Бүгін, 08:30

Бағыты айқын «Respublica»

Партия • Кеше

Ауыл жоқшысы

Отбасы • Кеше

Парасатты полиция

Қоғам • Кеше

Іс көп, судья аз

Құқық • Кеше

Аспалы жолда абайла!

Аймақтар • Кеше

Апатты жағдайдың алдын алды

Төтенше жағдай • Кеше

Тасқынға – тосқын

Аймақтар • Кеше

Сағи жыры

Әдебиет • Кеше

Мәңгіліктің елесі

Әдебиет • Кеше

Бір ойында – 11 гол

Спорт • Кеше

Ұқсас жаңалықтар