Парламент • 23 Қараша, 2022

Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісім ратификацияланды

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісім ратификацияланды

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко түсіндіргендей, құжат инвесторлардың инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқықтарына кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруды көздейді, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

«Келісім сондай-ақ соғыс және басқа да қарулы қақтығыстар салдарынан, сондай-ақ мемлекет меншігіне алу және экспроприациялау кезінде келтірілген залал мен шығындарды өтеу тәртібін белгілейді. Сонымен қатар инвестициялық дауларды шешу тәртібі егжей-тегжейлі белгіленіп жатыр», деп қосты Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.

Роман Василенконың айтуынша, 2022 жылдың 9 айында елдер арасындағы тауар айналымы 558 миллион АҚШ долларын құраса, бірінші жартыжылдықта инвестиция ағыны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге артып, 127 миллион АҚШ долларын құраған. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін БАӘ-ден келген тікелей шетелдік инвестиция ағыны 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда БАӘ капиталының қатысуымен 371 заңды тұлға тіркелді, 5,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 28 жоба жүзеге асырылуда.