Парламент • 17 Қараша, 2022

Үкімет мемлекеттік қарыздардың өсуін тежеп отыруы қажет - Сенатор

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет мемлекеттік қарыздардың  өсуін және оған қызмет көрсету шығындарын тежеп отырудың маңыздылығын ескеруі қажет. Бұл туралы Сенатор Бақтыбай Шелпеков айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет мемлекеттік қарыздардың өсуін тежеп отыруы қажет - Сенатор

«Мемлекеттің сырттан тартылатын займдар мен несиелердің экономиканың өндірістік, кәсіпкерлік секторын инвестициямен қамтамасыз ету мақсатында алынатыны  белгілі.  Бұл  шаралар  сырттан қарыз  алу  көлемін арттыруды ғана емес,   экономиканың тұрақтылығын да  сақтайды және оны дамытуы  да тиіс. Ол туралы айтылған,  «кредит пен займ түрінде тартылған шетелдік инвестицияны экономиканың нақты секторларын дамыту бағытында пайдалану, кез келген елде өзінің онды нәтижесін береді және экономикалық дамуды қамтамасыз етеді» деген ғылыми негіздер де  баршылық», деді Сенатор өзінің баяндамасында.

Оның айтуынша, сырттан келген қаражат мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ете алмайтын болса, ол тек қана сыртқы қарыздың үнемі жоғары қарқында өсе беруіне және болашақта оны өтеуге байланысты күрделі проблемалардың туындауына әкеліп соғады. 

«Осы орайда, қарыздарды тарту тәжірибесін жалғастыра отырып, үкімет, мемлекеттік қарыздардың  өсуін және оған қызмет көрсету шығындарын тежеп отырудың маңыздылығын ескеруі қажет», деді Б.Шелпеков.

Сөйтсе де,  сыртқы қарыздың  елдің экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатерлердің қатарында саналғанымен, әлемнің көптеген дамыған елдерінің тәжірибесіне айналған қатынастар, оған бір жақты қарауға болмайтыны да анық.

«Келісімде қарыз қаражаты  2,5  пайыз жеңілдікпен және 11, 5 жыл өтеу мерзіміне берілетіні және тартылатын  қарызға  қызмет көрсету Қаржы министрлігіне жүктелетіні белгіленген.  Тартылатын қарыз қаражаты белгіленген бюджет тапшылығы жағдайында өте маңызды, қаражат мемлекеттің әлеуметтік және басқа да басым мақсаттарына бағытталған бюджет шығыстарын қолдауға мүмкіндік береді», деп қосты сенатор.

Сөз соңында, ол аталған заң жобасын толықтай қолдайтынын, сондай-ақ әріптестерін де қолдауға шақыратынын айтты.