Оқиға • 14 Қараша, 2022

Биыл жол апатынан екі мыңнан астам адам қаза тапты

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елімізде жол апатынан екі мыңнан астам адам қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл жол апатынан екі мыңнан астам адам қаза тапты

«Биыл жол-көлік апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тапты, 15 мыңнан астам адам әртүрлі ауырлықтағы жарақат алды. Қараша айының өзінде 300-ден астам жазатайым оқиға орын алып, 60-қа жуық адам қаза тапқан, 400-ге жуық адам жарақат алған», деді ҚР ІІМ-нің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысында болған жантүршігерлік оқиғаны еске салды.  Audi 100 көлігі қауіпсіздікке көз жеткізбей, темір жолға шығып кеткен. Салдарынан жолаушылар пойызымен соқтығысып, жүргізуші мен бес жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Қостанай облысында Chevrolet көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, арыққа аударылып қалды. Салдарынан үш адам қаза тауып, біреуі жарақат алды.

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Қараша айынан бастап ауа райы күрт нашарлады. Адамдар бұл ауа райына бірден үйрене алмайтындықтан, қысқы жолда (мұзда, жаңа түскен қарда) көлік жүргізген кезде ауа райының әсеріне назар аударып, сақ болу керек. Көлік кенет тоқтай алмайтындықтан, жаяу жүргіншілер айналаға ерекше назар аударғаны жөн. Сондықтан жолды кесіп өткенде жүргізушінің жол беріп, содан кейін ғана жүруді жалғастыруын қадағалау керек. Сонымен қатар құлаққап, телефон, капюшон адамның зейініне үлкен кедергі келтіретінін ескеру қажет», деді Ш.Тұрлыбек.

Сондай-ақ заңнамаға сәйкес қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көліктерді қыста пайдалануға тыйым салынғанын еске түсірді. Көлік иелері ауа-райының өзгеруін мұқият қадағалап, нашарлаған жағдайда елді мекендерден тыс жерлерде жүруді шектеуі керек», деді ІІМ өкілі.