Футбол • 12 Қараша, 2022

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері ауыспайды

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚФФ Магомед Адиевпен келісімшартты ұзартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері ауыспайды
Қазақстан футбол федерациясы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиевпен серіктестік жөнінде келісімшарттың ұзартылғанын хабарлады. Жаңа келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін белгіленген.

«Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы жеңісі отандық футболдың тарихына енді. Тәжірибелі бапкер Магомед Мұсаұлын шақырып, алғашқы міндеттерді орындай алдық. Біздің басты мақсат әлі жүзеге асырылған жоқ. Алда 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі мен өтпелі ойындар күтіп тұр. Басталған жұмысты әрі қарай жалғастырғымыз келеді. Ол үшін біздің футболды жақсы жүйеге қою қажет», деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

М. Адиев Қазақстан футбол федерациясына сенім білдіргені үшін, командаға жанкешті ойын көрсеткені үшін, ал жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты.

«Біз маусымның басты міндеті - «В» Лигасына шығу жоспарын орындадық. 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алдағы ойындарында жаңа жетістіктерге жету үшін командамен жұмысты жалғастырғым келеді. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.

Айта кетейік, Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып биыл мамыр айында тағайындалған. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орын алып, УЕФА Ұлттар лигасының В лигасына шықты.

Осылайша, отандық футбол жанкүйерлерінің көңілінен шыққан бапкер ұлттық құрамада қалатын болды.