Президент • 11 Қараша, 2022

ТМҰ қызметін дәріптеу қажет – Президент

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ТМҰ қызметін дәріптеу қажет – Президент

«Тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Бұл – өте қажет нәрсе. Осы жұмысты елдеріміздің ішіндегі ақпарат құралдары және белгілі халықаралық агенттіктер аясында жүргізуге болады. Себебі, әлем қауымдастығы біздің түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту үшін жасап жатқан ауқымды жұмысымыз туралы білуі қажет», деді Президент.

Қ.Тоқаев жаһан жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейтінін атап өтті.  Дегенмен, қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастағанын, сондай-ақ түркі өркениетінен хабар беретін құнды деректердің табылып жатқанына тоқталды.

«Бұл – біздің елдерімізге ортақ құндылықтар. Сондықтан, қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет деп ойлаймын. Ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз керек. Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.