Қоғам • 06 Қараша, 2022

Рухани тұтастық

483 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел ішінде жиі айтылатын «Өзгенің ақы­лы­мен зерделі бола алмайсың, өзге­нің даң­қын иеленіп абыройлы бола алмайсың» деген сөз бүгінгі қоғам үшін көкейкесті.

Қазақ қоғамында бұрыннан келе жатқан өзгеге еліктеушілік, өзгені зор тұту үрдісі тәуел­сіздік алғаннан кейін бәсеңдейді де­ген үміт болған. Қайдан? Өкінішке қарай, бұл үміт ақталмады. Мұның басты себеп­терінің бірі – ел ішінде, әсіресе жастар арасында ұлттық толымды саясатты жүр­гізудегі шарасыздығымыз немесе ниет­тің жоқтығы. Бұл айналып келгенде өзгенің құн­дылықтарына еліктеу мен қызы­ғу­шы­лықты төмендетуге тікелей әсер ететін жұ­мыс – ұлттық болмысымызды наси­хат­тау ісін жеткілікті деңгейде атқара алма­ға­ны­мызды көрсетсе керек.

Бүгінгі қазақ қоғамы әлемге ашық. Ешкім басқа ұлттардың озық үлгілерін бойына сіңірмесін, одан үзілді-кесілді бас тартсын демейді. Тек, бар уайымымыз – елімізде тарихи сананы қалыптастыру үдерісін бастан кешіріп, рухани тұтастыққа қол жеткізуге талпынып отырған қазіргі кезде өсіп келе жатқан жаңа толқын, жас буынды ортақ мүддеге жұмылдыруда, орталық күш-жігерге, саяси-қоғамдық, рухани-мәдени өміріміздің тиімді қозғаушы күшіне айналдыруда оң нәтижеге қол жеткізе алмау ықтималдығының жоғарылығы.

Елдің ынтымағы таным-түсінігіміздің, руханиятымыздың тұтастығына тікелей тәуелді. Осы бағыттағы тұтастығымыздың қа­­зір­­гі деңгейін анықтамай, саладағы кілти­пандарды ой елегінен өткізбей, бұған қа­тыс­ты қоғамдық пікірлерге құлақ аспай ілгері жылжу қиын-ақ.

Елімізді еуропалық үлгідегі демократия ұшпаққа шығара алмайды. Мұны түсінетін кез жетті. Бізді көгертетін қазақ даласында өркен жайған, өзін-өзі ақтаған, ұлтымыздың ұлт ре­тінде сақталып қалуына негізгі ықпа­лын жасаған ұлттық құндылықтарымыз. Соның маңында топтасқанда ғана рухани тұтас­тыққа қол жетеді.

Иә, біз бүгінде ұлттық құндылықтар деген мән-маңызы жоғары, ауқымы кең ұғымды жиі айтамыз. Бірақ осы ұлттық құндылық­тар­ға нелер жатады, оның кеңістігіне не кіреді деген сұрақты өзімізге әлі күнге қойғанымыз жоқ. Қойылмаған сұраққа жауап берілмесі белгілі. Осы ұғымның фило­со­фиялық мәнін ашу, оның құрамдас бөліктерін нақты көрсету, оларды ұлттық саясаттың өзегіне айналдыру ісі туралы ойланатын да түріміз жоқ.

Ұлттық құндылықтар замана желінен зор нұқсан көрсе де халық ішінде сақталып отыр. Оларды бүгінгі ұлттық саясатпен қабыстыра білсек, ұтарымыз көп болмақ.

Рас, бүгінде құндылықтар өзгеруде. Соған қарай бейімделу де керек шығар. Бірақ жел қуған қаңбақтай бағыт-бағдарымызды ай­қын­дамай, өзімізге тән өміршең құнды­лық­тарды темірқазық етпей, құр босқа да­лақ­тай беру абырой әпермейді. Бұл жерде ұлтымыздың принципшілдігі, табан­ды­лы­ғы қажет. Өзгерген әлем мен құбылған құнды­лықтарға көзсіз табынып, жүгініп кете бару нағыз жөнсіздік болар еді. Міне, осы орайда ұлттық тарихи сананы ұлттық басты құндылық ретінде қарастырып, оны қалыптастыру міндетін мемлекеттік сая­саттың өзегіне айналдыру маңызды. Сондай-ақ бұл міндетті еңсерудің ұзақ жыл­дарға арналған ұлттық іс-қимыл жос­пары түзіліп, оны орындауға мемлекеттік құзырлы органдардың барлығының атсалысуы міндеттелгені абзал. Әсіресе азаматтық қоғамды жұмылдыруға көңіл бөлген дұрыс.

Осы орайда тарихи таным-сананы қалып­тас­тыратын ғылымдарға деген көзқарасты өзгерту өте қажет. Бұл өзгеріс қазіргі жа­ңар­ған қоғам жастарының ұлттық саясатты түсіне білуіне оң әсер ете алуы керек. Бүгінде техникалық ғылымдарға басымдық беру гуманитарлық ғылымдардың аяғына тұсау салуда. Екі бағытқа да тең көзқарас қажет. Бұлай болмаса, ұлттық тарихи санасы оянбаған көп ұрпақ өсіп шығады. Олар рухани тұтастыққа ұмтылмайды әрі қажет санамайды. Мұндайлар ел Тәуелсіздігін нығайту жұмыстарына үлес қосуға тырыс­пайтын, «кімнің тарысы піссе соның тауығы болуға» дайын, өзіндік тарихи миссиясы айқындалмаған солқылдақ буын ретінде өмір сүреді. Бұлар елдің рухани тұтастыққа ұмтылысының маңыздылығын бағаламайды.

Қорыта айтқанда, ертең ұлт ұпайын түгендеу ойында жоқ ұрпақ – өз анасына оқ атар мәңгүрт жастармен бас ауыртып, атысып-шабысып жүрмейік. Мәңгүрттер үшін ең арзаны – ел Тәуелсіздігі. Егемендігімізді солардан қорғауға мәжбүр болып қалмайық. Құдай сақтанғанды сақтайды.