Саясат • 02 Қараша, 2022

Брайль шрифті мен трафареттер қолданылады

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент сайлауын ұйымдастыру сияқты саяси маңызы зор науқанға дайындық та күн өткен са­йын қыза түсуде. Биыл кезектен тыс өтетін президент сайлауында Брайль шрифті мен трафареттер қолданылады. Бұл туралы Орталық сайлау ко­мис­сиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтты.

Брайль шрифті мен трафареттер қолданылады

Электронды цифрлық қол­таңбаны пайдалана отырып, онлайн-дауыс беру тетігін әзірлеу және енгізу туралы ұсыныс бү­гінде зерделеу сатысында тұр және заңнаманы өзгертуге талаптар қойылып отыр.

«2022 жылғы 22 қыркүйекте жүргізіліп жатқан жұмыстарды жетілдіру мақсатында ЕҚЫҰ ДИАҚБ сарапшыларымен онлайн-консультация өткізілді. Мү­гедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін халықаралық стандарттар мен ЕҚЫҰ елдерінің үздік халықаралық тәжірибесі егжей-тегжейлі қаралды», деді ол Орталық сайлау комиссия­сы жанындағы мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың құқық­тарын қорғау жөніндегі жұ­мыс тобының отырысында. Орталық сайлау комиссиясы жұмыс тобы мүшелерінің, мүд­делі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүге­дектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі келіп түскен бар­лық ұсыныстары зерделенді. Барлығы 30-ға жуық ұсыныс түссе, оның кейбірі дауыс беруге ар­налған үй-жайды жарақ­тандыру, сондай-ақ мүге­дек аза­мат­тардың сайлау құ­қықтарын қа­мтамасыз ету жөніндегі жұмысқа еріктілерді, ым-ишара тілі ма­мандарын тарту мәселелерін жан-жақты қарастырады. Сондай-ақ мүгедек азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа еріктілерді, аудармашыларды тарту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, мысалы, зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі немесе психологиялық кемістігі бар адамдардың сайлау құқығын сақтаудағы құқықтық және әкімшілік кедергілерді қысқарту қатаң қаралады.

Сонымен қатар Анастасия Щегорцова көру қабілеті бұзылған адамдар үшін трафа­реттерді әзірлеу туралы ұсы­ныс­тың ескерілетінін айтты.