Қоғам • 20 Қазан, 2022

Доңыз трагедиясы

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жазушы Талаптан Ахметжанның кітабынан оқыған бір аңыз еске түсіп отыр. Аңыз доңыз туралы. Алайда астарында адамзаттық мәселе жатыр.

Доңыз әр кеш сайын жатарда табанындағы жазуды көріп жылайды екен. Сөйтсе, оның өлетін күні табанында жазулы дейді. Жарық дү­ниемен қоштасар күніне жақындап қал­ғаны есіне түсіп, өзінің доңыздық тір­лігіне әбден налитын көрінеді. «Ендігі қалған өмі­рімде шалшыққа аунамайыншы, лас, харам іс жасамайыншы» деп өз-өзін қайрайды екен. Сөйтіп, жылап жатып көзі ілініп кетеді. Ертеңіне таң ата оянады. Ояна сала табанымен жер басқан бойда бәрін ұмытады. Өйткені жазуды көріп тұрған жоқ. Содан кешке дейін армансыз батпаққа аунайды, қайтадан доңыздығын істейді екен.

Жазушы айтқан аңыздың астарында көп дүние жатыр. Тәпсірлеп түсіндірудің өзі артық секілді. Мұндай іс-әрекетті онсыз да күнделікті өмірде жиі көріп жүрміз. Қазақ мұны бір сөзбен тәубесіздік деген. Тәубесіздің тоқтар жері тозақ екені және түсінікті.

Бұл – аңыз. Ал енді Алла тарапынан арам етілген доңыздың трагедиясы жайлы естіп пе едіңіз? Доңыздың трагедиясы – аспанды көре алмайтыны. Оған мұндай мүмкіндік мүлдем берілмеген. Оның дене бітімі солай жаратылған.

Мойыны көкке көтерілмейтін мақұлық арамызда жүрген ынсапсыз адамдарды да көз алдымызға әкелгендей. Жазушы Әкім Тарази айтпақшы, ұсақ адам, рухани мәстек адам да аспанға қарай алмайды. Қоғамға қауіптісі де – осылар. Қаламгердің осыған қатысты Гитлер мен Германияны мысалға келтіргені бар.

«Бір кезде батырлар елі, ақындар елі, даналар елі аталған Германия ХХ ғасырдың басында ұсақ тоғышарлар еліне айналды. Ұсақ қолөнерші. Ұсақ шаруа. Ұсақ шенеунік. Ұсақ саудагер. Ұсақ кәсіпкер. Бәрі ұсақ...» дейді ол.

Ал көкке көз тастай алмайтын доңыз­дар­дың биіктегі қыранға өшігуі – заңдылық. Әкім Тарази осы философияның жетегінде екі рет дүниежүзілік соғыс басталғанын айтады.

«Бірінің аты фашизм еді, екіншісінің аты тым әдемі: социализм деп аталды. Социализм дегеніміз – қоғамның қамын ойлаймыз дегеніміз. Бірақ билік аспанды көре алмайтындардың қолына түсті. Екі жүйенің де аты бөлек болғанымен, заты біреу-ақ еді. Қанша миллион адамның өмірі қиылды, қанша миллион қиял, қанша миллион арман өлді...

Жиырмасыншы ғасырдағы екі үлкен опатқа себепші болған әлгі қарғыс атқан екі жүйе болатын. Дүние жүзіндегі ең аяусыз қанау, өз халқын аздырып-тоздырып жіберген, төңіректегі елдердің бәріне көз алартқан, қанға бөктірген, кедейі – ең кедей, топасы – ең топас, билеушісі – ең қатыгез осы екі ел емес пе еді», деген ой айтады қаламгер.

Доңыздың трагедиясын адамдарға да қарата қолдануға болады. Күнделікті өмірде де аяғының астындағыны ғана көріп, одан сәл биік жерде тіршілік бар деп білмейтін, білгісі келмейтін жандар жетерлік.

Рас, адамның ниеті бұзылса, бір өзіне жаман. Ал халықтың ниеті бұзылса, адам­затқа зиян. Ниеті бұзылған соң халық та жеке адам секілді тойымсыздық дертіне ұшырайтын секілді. «Анау менікі», «мынау да маған тиесілі» деп астамсиды. Сол секілді пенделер арасында да «Алланың сүйген құлымын» деп емес, «Құдайдың нақ өзімін» деп ойлайтындарды кездестіріп жатамыз.

Ниеті жаман адамды топырақ түзер, ал пиғылы теріс халықты ше?

Бір жағынан жақсының қадіріне жету үшін жаманның болғаны да дұрыс секілді. Құдайдың өзі шебер ғой. Айналаға қарап шүкір етуді пенде баласына осылай үйрет­кендей.

Шынында да, соғыс болмаса, бейбіт­ші­­ліктің, ауру болмаса, денсаулықтың, кә­рілік болмаса, жастықтың қадірін ұқ­пай жүре беруіміз де мүмкін екен. Демек доңыздың трагедиясында адамзат баласы үшін көп тәлім жасырылып жат­қандай.

Доңыздың трагедиясынан сақтасын!