Қоғам • 17 Қазан, 2022

National Geographic Qazaqstan «Қызықты ғылым» жобасын жалғастыруда

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

География пәні мұғалімдері мен оқушыларға арналған «Қызықты ғылым» жобасының астаналық мектеп оқушыларына арналған бөлігі қазан айының 17-18 күндері өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

National Geographic Qazaqstan «Қызықты ғылым» жобасын жалғастыруда

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» бастамасын қолдау мақсатында іске асырылып келеді.

«Шеврон» компаниясының қолдауымен «KAZMEDIA HOLDING» жүзеге асырып жатқан бастама аясындағы арнаулы семинарларда мұғалімдерге және оқушыларға 134 жылдық тарихы бар, география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фото-бейне деректердің бай қорын қалыптастырған National Geographic журналының ресурстарын тиімді қолдану әдістері таныстырылады.

Жоба екі мақсатты көздейді. Біріншісі – әлемдік деңгейдегі сапалы ғылыми контенттердің қазақ тіліндегі қолжетімділігін кеңейту. Бұл ретте компания National Geographic журналының қазақ тіліндегі жиынтық топтамаларымен республика мектептерінің кітапханаларын қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруда. «Шеврон» компаниясының атсалысуымен жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысының және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының мектептеріне журнал топтамалары тегін тапсырылады.

Жобаның екінші мақсаты – қоғамда ғылымға деген қызығушылықты, ынта-ықыласты арттыру. Соған орай, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арнайы тақырыптық семинарлар өткізіліп, әлемдік ғылыми-ресурстарды сабақ барысында қалай қолдануға, оқушыларды қалай қызықтыруға болатыны, ал оқушыларға ғылыми жобаларына қалай дұрыс пайдалану керектігі жан-жақты түсіндіріледі.

Еске сала кетейік, мұғалімдерге арналған семинарлар бұған дейін Астана және Орал қалаларында, оқушыларға арналған семинарлар Орал қаласы мектептерінде өткен болатын.

Аталған жоба 17 қазан күні №20 мектепте сағат 9.00-11.00, №34 мектепте сағат 14.00-16.00 аралығында өтеді. 18 қазанда №41 мектепте сағат 09.00-11.00, №49 мектепте – 14.00-16.00 аралығында өтеді.