22 Мамыр, 2014

Өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасылды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов VII Астана экономикалық форумына келген Ливан Парламентіндегі «Мустакбаль» басшылық блогының жетекшісі, экс-премьер-министр Фуад ас-Синиорамен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Олар Қазақстан-Ливан мәселелері бойынша және парламенттік, ынты­мақтастық жайында екіжақты пікір алмасып, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге де назар аударды. Қабиболла Жақыпов әлем бүгінгі эко­номикалық және қаржылық дағда­рыс жағдайында алдымен келісім мен ұжымшылдық және жан-жақтылыққа көңіл аударып отырғанына тоқталды. – Осы жағынан алып қарағанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың G-Global идеясы өзінің әлемге қажеттілігін тағы бір мәрте дәлел­деп отыр, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы. Өз кезегінде Фуад ас-Синиора Қазақ­станмен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтудің Ливан үшін маңызына тоқталып, біздің елдің барлық бағытта қарқынды дамып отырғанын атап өтті. – Бұл өркендеуде 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясын нақтылап қойған сіздердің Президенттің еңбегі зор, – деді ли­ван­дық парламентші. Тараптар Қазақстан мен Ливан өз аймақтарында тұрақтылық пен сенім жағдайында белсенді жақтастар екенін қуаттады. – Қазақстан Таяу Шығыстағы тұрақ­тылық пен бейбітшілікке өте мүдделі, – деді Қабиболла Жақыпов осы орайда. Екі жаққа пайдалы Қазақстан-Ливан ынтымақтастығын кеңейту, экономикалық байланысты өрістетіп, құқықтық-шарттық базаны дамыту, банк саласындағы тәжірибемен бөлісу тұрғысында пікір алмасылды. Қабиболла Жақыпов пен Фуад ас-Синиора парламентаралық байланыс­тарды нығайту жайында өз пікірлерін білдірді. Тараптардың ойынша, пар­ламенттердің салалық комитеттерінің тұрақты байланысы осы жолда көп үлес қосатын болады.