22 Мамыр, 2014

Кедендегі кедергілерді шектейтін кез келді

286 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі отырысында ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі қаралды. Сондай-ақ, депутаттар тұрғын үй қатынастары, бюджет заңнамасын жетілдіру және кәсіптік одақтар туралы заңдық құжаттарды талқыға салды. Күн тәртібіне шығарылған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне Кеден одағының кеден­дік шекарасы арқылы автомобиль өт­кізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­лымда қолдау тапты. Заңдық құжат «Шекараларда жүк­терге бақылауды жүргізу шарттарын келісу туралы» Женева конвенциясына және Үкіметтің №992 Қаулысын жүзе­ге асыру мақсатында әзірленген. Баян­дамашы Премьер-Министрдің орын­басары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі күні кеден органдарына көліктік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау түрлерін жүргізу функциялары берілгендігін жеткізді. Ал Женева конвенциясына сәйкес, бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыру кеден қызметімен үйлестiрiледі және олардың уәкілеті берілген жағдайда бақылау функцияларын жүргізеді. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаған Мәжіліс депутаты Зухра Саяпова Кеден одағы шекарасының қазақстандық учаскесіндегі өткізу пункт­терінде ветеринариялық-сани­тариялық және өсімдіктер карантині бойынша бақылау жүргізу функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігінен Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетіне беру көзделіп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, заң жобасын қабылдау шекара арқылы көлік құралдарының өту уақытын (3-4 сағатқа) қысқартуға, шекарадағы жемқорлықтың төмендеуіне және еліміз ішіндегі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды оң­тайландыруға оң ықпал ететін болады деп күтілуде. Заң жобасын қарау барысында депутаттар көліктік-логис­тикалық орталыққа талап етілетін стандарттарды әзірлеу және бекіту бойынша түзетулер ұсынса, ол Үкімет тарапынан қолдау тауыпты. Бұл ретте, автомобиль өткізу пункттеріндегі инфрақұрылымның тек транзитті кедендік ресімдеуге бағытталғандығы және кедендік бақы­лау­ды толық жүргізуге мүмкіндігі азды­ғы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл жайт өткізу пункттерінде қой­малардың, тиеп-түсіру техника­ларының және басқа да факторлардың болмауымен түсіндірілді. Қазіргі уақытта шекара маңы өткізу пункттеріндегі орын алып отырған жағдайда, жүк ағымын өңдеу бойынша логистикалық қызмет кешені мен қосымша қызметті көрсету мүмкін емес. Бүгінгі күнде «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында бір ғана көліктік-логистикалық орталық салынған, ал қалған жерлер бос жатыр. Негізгі себеп – мемлекет тарапынан көліктік-логистикалық орталықтардың жұмыс жасауының тұрақтылығына және инвесторлармен салынған қаражаттың қайтарымына кепілдің жоқтығы. Б.Сұлтанов мәселенің шешімі концессия бойынша қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуде емес, өткізу пункттеріндегі көліктік-логистикалық орталықтардың бөлек бір мемлекеттік стандартын әзірлеу мен бекітуде жатқанын баса айтты. Сондай-ақ, палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша баяндаған Мәжіліс депу­таты Серікбай Нұрғисаев заң жобасының негізгі мақсаты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның нор­малары мен заңнамалық актілер ара­сындағы қайшы­лықтарды, олқылықтар мен коллизияларды анықтау және жою, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін нормаларды алып тастау арқылы тұрғын үй заңнамасын жетілдіру екенін жеткізді. Жалпы, өзгерістер тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын күшейтуге; кондоминиум объектісін басқару орган­дары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және олардың жауаптылығын арттыруға бағытталған. Бұдан басқа, тұрғын жайға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық, техникалық талап­тарды бекіту жөніндегі және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайларды жекешелендіру бойынша нормалар нақтыланып отыр. Заң жобасы бойынша Мәжіліс Төр­аға­сы Қабиболла Жақыпов Президент құрылыс салу мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешу үшін барлық жағдай жасап отырғандығын айта келіп, тиісті ұйымдардың құрылыс сапасына деген жауапкершілікке назар аударуы қажеттігіне тоқталды. «Қазіргі ең көп өтініш – баспанамен қамтамасыз ету. Сондықтан оған баса назар аударуымыз керек. Құрылыстың сапасы мәселесін бірінші қатарға шығарғанымыз дұрыс. Әйтпесе, жел тұрса, шатырды көтеріп кетеді, оны қалпына келтіруге миллион теңге керек, бір жерде жауын өтсе, бірдеңе қирап жатады. Бұлай жұмыс істеуге еш болмайды. Талап қатал болу керек. Мемлекет қаржы бөліп жатқан соң, сұрауы да қатал болуы қажет», деді Қабиболла Қабенұлы бюджет қаржысын жаратуда да өте жауапкершілік керектігін меңзеп. Бұдан кейін палата үш заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Солардың бірі «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев заң жобасы бюджет қаражатын, оның ішінде бюджеттік кредиттерді бөлудің және пайдаланудың тиімділігін, бюджетті атқару кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғандығын ортаға салды. Сондай-ақ кеше, «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасы Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Заңдық құжаттың негізгі міндеті әлеуметтік әріптестіктің: республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерінің әрбірінде және кәсіпорын деңгейінде кәсіподақтардың қызметін қауымдастық (мүшелік) қағидаттарында интеграциялау болып табылады. Бұл шара кәсіподақтар қызметінде мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен тиімді әлеуметтік үнқатысу жүргізуге, әріптес­тік қағидаттарына негізделген бірыңғай саясатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Мәжілістің кешегі отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкі­меті арасындағы Қазақстан Респуб­ли­­ка­­сының аумағы арқылы Қытай Ха­лық Республикасына ресейлік мұнай­ды тасымалдау саласындағы ын­ты­мақтастық туралы келісімді рати­фикациялау туралы», «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын басқару мен пайдалану туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң жобалары және «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандар мен Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен жұмысқа алынды. Тағы бір айта кететін жайт, «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаттығына Әмірхан Рақымжанов келді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».