Экономика • 11 Қазан, 2022

Қазақстанда ЖІӨ өсімі 2,8%-ды құрады

773 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында елдің 2022 жылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда ЖІӨ өсімі 2,8%-ды құрады

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрағанын, оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1%, қызмет көрсету саласы 1,9%-ға өскенін айтты.

Министр атап өткендей, салалар арасында ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қойма, өңдеу өнеркәсібі, сауда және тау-кен өнеркәсібі оң өсім көрсетті.

«Негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқынының 7%-ға дейін жеделдеуі байқалады», деді Әлібек Қуантыров.

ҚР ҰЭМ басшысының деректері бойынша білімге инвестициялар ағыны 45,7%-ға, саудаға  23,3%-ға, құрылысқа - 22,9%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша - 17,5%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібіне - 10,7%-ға, көлік пен қоймалауға - 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында - 7,5%-ға өсті.