Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2022

Табыстан айырған жол белгісін орнатқан кім?

519 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасына «Рахат – Шымкент», «ДАНИ-НАН», «Алтын дән», «Эхз №1» және «Реннисан» ЖШС өкілдері шағымын арқалап барды.

Табыстан айырған жол белгісін орнатқан кім?

Өтініште биыл шілде айы­ның соңында К.Цеткин көше­сіне және оған жаспарлас жол­дарды да қамтитын «жүк авто­мобильдерінің қозғалысына тыйым салынады» деген жол белгісінің заңсыз қойылғаны туралы айтылған. Өйткені аталған кәсіпорындарға баратын басты жол осы көше ғана. Сондықтан жүк көліктерінің бұл көшемен жүруі мұңға айналды. 

Айта кету керек, көше бойын­дағы өндірістік нысандар мен ондағы қоймалар қанша жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл – ұн, техника, құрылыс материал­дары және басқа да тұтыну тауарларын өндіру, жеткізу мен сақтауда қаланың өзіндік бір логистикалық хабы. Себебі қой­маға тауарлар теміржол вагондарымен жеткізіліп, күнделікті жүк көліктерімен жан-жаққа тасымалданады.

«Біздің өнімдерді күн сайын клиенттеріміз жүк көліктерімен тасып әкетеді. Сонымен бірге өзімізге Алматы мен Ресейден күн сайын жүк тасығыш ауыр көліктер шикізат тауарларын әкеледі. Енді әлгі жүк көліктеріне тыйым салатын жол белгісі пайда болғалы машиналар бізге кіре алмай қалды, жолда жүргенін көрсе жол полициясы дереу тоқтатады. Сондықтан бұл жол белгісі қолымызды байлап, аяғымызға тұсау болып отыр», дейді кәсіпкерлер өз шағымында.

Аталған мәселе бойынша палата мамандары қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімімен хабарласты. Белгілі болғандай, автожолдың осы учаскесінде жол белгісін орнату туралы нұсқама полиция департаментіне қарасты бөлім тарапынан берілмеген. Сонда нұсқама қайдан келген?! Бұдан бөлек, ірі компаниялардың клиенттерінен, мемлекеттік қазына салықтық түсімдерінен айырылғаны үшін кім жауап береді, кінәлі кім деген сауалына да нақты жауап табылмады.

Дей тұрғанмен, осыған қа­тыс­ты мәселе кәсіпкерлер пала­тасының жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жө­ніндегі кеңестің қарауына ұсы­нылды. Өйткені мұндай оқи­­ға жиілеп кеткен. Соның са­л­да­­рынан кәсіпкерлердің жұмы­сына кедергісін келтіре бас­тады. Әсіресе халықты бірінші қажеттіліктегі өнімдермен қам­та­масыз ететін елдің ірі экспорттаушылары мен отандық
тауар өндірушілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірді.

Осы ретте кеңес отырысына қатысқан Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев К.Цет­кин көшесіндегі жол бел­гісі жақын уақытта алынатынына және сол маңайдағы жолдар да жүк көліктерінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін тексерілетініне уәде берді. Кеңес отырысы аяқталған соң шамамен бір сағаттай уақыт өткенде кәсіпкерлердің «бас ауруына» айналған жол белгісінің алынып тасталғаны туралы хабар келді. 

Бұл ретте палата сарапшы­лары тыйым салатын жол белгі­сін негізсіз белгілеу кәсіп­орын­дардың қызметіне теріс әсер ететінін және бизнес субъек­тілері үшін қосымша қаржы шы­ғындарына әкеп соғатынын айтып отыр.

– Иә, елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғалардың салдары және Ресей мен Украи­на арасындағы жағдайдың шиеленісуі кәсіпкерлік бел­сенділіктің төмендеуіне, қаржы­лық құлдырауға, дебиторлық берешектің өсуіне, шарттық міндеттемелердің орындалмауына, жұмыс орындарының қысқаруына, сондай-ақ эко­но­миканың жекелеген салала­рындағы тауарларға, қызметтерге және жұмыстарға тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне алып келді. Осындай жағдайда кәсіп­керлердің жолын бөгемей, керісінше қолдау білдіру керек, – дейді палата жанындағы тұрақты кеңестің төрағасы Мелес Сейітжанов.

Өз кезегінде Мемлекет бас­шы­сының талаптарын орын­дау және отандық бизнесмен­дердің толыққанды және бәсе­ке­ге қабілетті болуы үшін жағ­­дай­ларын жақсарту, жаңа жұ­мыс орындарын құру, республи­када импортты алмастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету бойынша жүр­гі­зіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, іс жүзінде бизнесте әкімшілік кедергілер әлі де бар және олардың көпшілігі жасанды түрде жасалуда, дейді палата өкілдері.

 

ШЫМКЕНТ