Үкімет • 23 Тамыз, 2022

Жанар-жағармай бағасын бақылау жөніндегі комиссия құрылады

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда жанар-жағармай бағасын бақылау және жанармай тапшылығының алдын алу жөніндегі комиссия құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жанар-жағармай бағасын бақылау жөніндегі комиссия құрылады

«Жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне байланысты тиісті шаралар қабылдауды қамтамасыз ету қажет. Осыған орай Роман Склярдың басшылығымен бағаны бақылау және жанар-жағармай тапшылығын болдырмау жөніндегі тұрақты комиссия құруды тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесе отырып, бағаның негізсіз өсуіне қатысты тиісті шараларды қабылдауды қамтамасыз етуі тиіс», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, «Қазмұнайгаз» және ҚТЖ компанияларына мұнай өңдеу зауытынан мұнай өнімдерін уақытылы жөнелту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

«Сонымен қатар Цифрлық даму және Энергетика министрліктері дизель отынын жеткізудің тәуліктік лимиттерін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізуді жеделдетуі керек. Егін жинау науқаны кезінде Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, шаруаларды жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Ауыл шаруашылығы министрі егін жинау барысын күнделікті бақылауды жалғастыруы тиіс», деді Ә. Смайылов.