Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Қаптаған кеніштерден қайырым бар ма?

545 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Баянауылдық жұрт көмір ке­ніш­­терінің қайырымы жоқ­ты­ғына қапалы. Бұл өлкеде үш бірдей кеніш бола тұра, олардан босатылатын тас кө­мір­дің игі­лігін жергілікті халық мүлде сезін­бейміз дейді. Қоғам бел­сен­­ділері кәсіпорындар Ре­сей­ге өт­кізетін отынның ба­ға­сын 2,5 есеге арзанға сататы­нын, ал жер­гілікті тұтыну­шы­ларға еш­­бір жауапкершілік танытпай отырғанын ашына жеткізді. Көр­шілес кейбір аудандарда отын­ның құнына қатысты шектеулер енгізіліп, тіпті Май ауданында көмірдің тоннасы биыл мың теңгеге арзандаған. Қазба бай­лықтың үстінде орналасса да әл­гіндей артықшылықты пайдалана алмай отырған Баянауыл бас­шылығына жұрттың өкпесі қара қазандай.

Қаптаған кеніштерден қайырым бар ма?

Тамыз айының екінші жартысы жаз бойы болмаған жауын-шашынды әкеліп, Ертіс-Баян өңірінде биыл күн ерекше салқын. Енді бір аптадан соң қыркүйек келсе, су да суып, жергілікті табиғат жазғы тонын өзгерте бастайды. Соңғы он күнде тұрып алған өкпек жел жер үйлердің тұрғындарын пеш жақтырып, бой жылытуға мәжбүр етті. Күздің ызғары білінгелі керекулік атқа­мі­нерлерден де маза кетуде. Қазір әр аудан-қала басшысының алдында жер­гілікті халықты тұрмыстық кө­мір­мен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Осы ретте Баянауыл ауданының тұр­ғындары ерекше алаңдаулы. Айту­ла­рынша, өңір басшылығы көмірмен қамтамасыз етуде әрекетсіздік танытып отыр. Аудан аумағында орналасқан «Майкөбе», «Сарыкөл» кеніштерінен жергілікті халыққа түк пайда жоқ.

Әлеуметтік жауапкершілікті былай қойғанда, өңір жұртшылығына қатты отынның бағасын түсіріп беру, жеңілдіктер жасау «Майкубен-Вест» және «Гамма-Сарыкөл» кәсіпорындары бас­шыларының ойына да кіріп шық­пай­тын­дай. Ел мен жердің иесі – халық, ендеше, қазіргідей ауыртпалық кезеңде ке­ніш­тер тұрғындарға қарайласуы керек.

– Алаш қайраткері Әлихан Бөкей­хан­ұлы: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадал­уы керек», деген. Олай бол­са өзі­міз­дің табанымыздың ас­ты­нан шығып жатқан қазына не себепті жергілікті халыққа қымбат бағаға сатылып отыр? Кәсіпорын тұр­ғын­дар­ға қарайласып, қа­йы­рымын таны­туға тиіс деп санай­мыз. Биыл баян­ауыл­дықтар аудан әкімдігіне өз та­лап-ұсыныстарын айтып, әсіресе көмірдің тым қымбат еке­нін, оның бағасын түсіруді талап еткен болатын. Алайда әзірге еш өз­ге­ріс жоқ. Керісінше көмірдің босатылу бағасы көтерілетіні туралы ақ­па­рат шықты. Білуімізше, «Майкөбе» кенішінен шығарылып, Ресейге сатылатын кө­мір­дің әр тоннасы былтырлары 3 мың теңгеден, ал жергілікті халық тұты­натын көмірдің бағасы 7,5 мың теңгеден сатылып келді. Неге ке­ніш­тің дәл жанында тұрып, көмірді экспортқа бағытталатын бағадан 2,5 есеге қымбатқа сатып алып отырмыз? Бұл мәселе қазір баянауылдықтарды айрықша алаңдатуда, – дейді баян­ауыл­­дық қоғам белсендісі Айбат Ыдырысов.

Тұрғындардың өтініші бойынша аудан әкімі Серік Батырғожиновқа хабарласып көріп едік. Бірнеше мәрте қоңырау шалып тырысқанымызбен, өңір жетекшісі телефонға жауап бер­меді, жазбаша сауалымызға да әу деп үн қатпады. Соған қарағанда әкім­мен байланысқа шығу жергілікті ха­лық үшін қиямет-қайымның өзі ме деген ой түйдік. Әлеуметтік желі ар­қы­лы байла­ны­сып көреміз бе деген сені­мі­міз де ақталмады.

Баян елімен көрші жатқан Май ауда­нының әкімі Ағыбай Әміриннің халық өтінішін орындаудағы әбжілдігі бай­қалады. Май – қысы ұзақ әрі суық өңірлердің бірі. Облыс басшысы жуықта аудан-қала әкімдеріне көмір өндіретін кәсіпорындар басшыларымен кездесіп, тұрғындарға отынды қолайлы бағамен сату бойынша келісім жасауды тапсырған болатын. Май ауданының әкімі биыл бұл тұр­ғыда ерлепті. Жылу маусымы жа­қын­дап қалғанын ескеріп, аудан тұр­ғын­дарын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында «Қайнама Көмір» ЖШС-мен меморандумға қол қойған. 2023 жылдың 1 сәуіріне дейінгі келісім не­гі­зінде көмір бағасы жергілікті тұр­ғын­дар үшін 7 500 теңгеден 6 500 теңгеге тү­сірілді. Демек алдағы қыста кө­мір ба­ға­сының қымбаттауына жол бе­ріл­мей­ді.

«Баянауыл ауданында үш бірдей кеніш бола тұра, мұндай жеңілдікті әріптесіңіз Серік Барлыбайұлы, тіпті онда бұған дейін де әкім болған азаматтар жасай алмай кеткен. Сіз «Қай­нама» кенішінің құрылтайшысын қан­дай сиқырдың күшімен көндір­ді­ңіз?», деп сұрадық.

– Көмірдің бағасын арзандату туралы мәселені бұрыннан ойлап жүргем. Кеніштің өзі өңіріміздегі Майтүбек ауылдық округінде, ал кәсіпорын басшылары Алматы жақта орналасқан. Маусым айында біздің елге келгенде арнайы барып сөйлестім, халықтың жағдайы осындай, бағаны түсіріңіз деген талап қойдым. Құрылтайшы ойланатынын айтқан еді. Облыс әкімінің жуықтағы тапсырмасынан соң тағы ха­бар­ластық. Міне, нәтижесі жаман болған жоқ. Тоннасын мың теңгеге арзандатып әрі оны сәуір айына дейін ұзартып қойды. Көмірі өте қызулы, баянауылдық «Майкөбе» көмірінен де асып түседі дейді ауыл адамдары. Тез тұтанады әрі күлі аз қалады. Бұған дейін біздің жеткізушілер қатты отынды 250-300 шақырым жерден таситын. Енді көмір жеткізу құны да арзандап, оны тасу радиусы 100-150 шақырымды ғана құрап отыр. Нәтижесінде, ауылдарға дейін жеткізу тоннасы үшін 12-13 мың теңге болады деп күтілуде. Тұрғындар кемінде 8-9 мың теңгесін үнемдеп қа­ла­ды, – дейді Ағыбай Әмірин.

«Қайнама көмір» кеніші осыдан 2-3 жыл бұрын ғана ашылған. Аяғына енді тұра бастаған кәсіпорынның көмі­рі­не Ресей елі де қызығушылық та­нытуда екен. Отынның сапалы еке­­ніне көз жеткізген жергілікті тұр­ғын­­дар бір шеті сонау Курчатов, Баянауыл, Екі­бас­тұздан тасуды биылдан доғара бас­тайтындарын айтады. Май бойынша көмір жеткізетін 10 кәсіпкердің жүк көліктерінің нөмір­ле­рі кенішке бері­ліп қойған. Әр тоннасы 6 500 тең­геден сатылатын арзан көмір тек солар­ға ғана тиелетін болады. Ал сырттан келе­тін­дерге баға бұрынғыша қала бер­мек. Бүгінде аудан­да 9 700-дей адам тұра­ты­нын айтып өткен абзал.

Ағыбай Қойшыбайұлы жергілікті әлеуметтік және әкімшілік нысандар да келесі жылдан «Қайнаманың» кө­мі­рін пайдалана бастауы мүмкін екенін де айтып қалды. Дей тұрған­мен бұл жерде бір кедергі бар. Ғимарат­тар­дағы қазандық пештерінің көбі Те­рең­­көлдегі Песчан зауытында шы­ға­рыл­ған. Ал бұл пештер екі­бастұздық көмір­ге бе­йім­де­ліп жаса­лыпты. Биыл қазан­дық­тарға жер­гі­лікті көмір аз-аздап жа­ғы­лып, сынақ­тан өткізу жоспарланып отыр.

Айтпақшы, былтыр жергілікті ке­ніш әкімдіктің өтінішімен 200 тонна көмір­ді тұрмысы төмен отбасыларға, оңтүстіктен қоныс аударып келгендерге таратып берген. Биыл да сондай көмек болады деп күтілуде.

Бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшы­сы Ержан Салхановтан өңірдегі негіз­гі үш кеніштен босатылатын тұрмыстық көмір бағасын сұраған едік. Мекемеден жолданған жауап хатта былай делінген: «Богатырь-Көмір» ЖШС-нда өздігінен тасымалдау бағасы (темір жол арқылы емес) қосымша құн салығымен қоса есептегенде 2 756,32 теңгені құрайды. Ал «Майкубен-Вест» ЖШС-нда те­мір жолмен жеткізу бағасы 6 741 тең­гені, автокөлік арқылы жеткізу
7 500 теңгені құрап отыр. Бұған қоса «Гамма-Сарыкөл» ЖШС-нда темір жол арқылы – 5 400 теңге, авто­көлікпен жеткізу – 5 500 теңге».

«Майкубен-Вест» серіктестігіндегі коммерциялық директордың орынбасары Нұрлан Сарбөпеев тұрмыстық не­гіз­дегі көмірдің бағасы соңғы 3 жылда өзгермегенін айтады. Алайда кө­мірді вагондармен жеткізудегі тасы­мал­дау шығындары биыл 13 пайызға қым­баттапты. Кеніштегі тиеу жұмыс­та­рының бағасы 6 пайызға, «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі жүк вагондарында тасымалдау қызметінің құны 7 пайызға өскен. Автокөлікпен келіп алып жатқандар үшін баға бұ­рын­ғыша қала береді. Былтыр кеніш жалпы көлемі 3 млн 800 мың тонна көмір өндіріпті. Биылғы көрсеткіш те сол шамада болады деп болжанып отыр.

Нұрлан Сарбөпеевтен жергі­лік­ті ха­лыққа жеңілдік жасала ма деп сұ­ра­дық. Ол бұл мәселені құрыл­тай­шы­­лар шешетінін, әзірше Баянауыл бас­шылығы тарапынан ондай өтініш айтыл­мағанын жеткізді. Кеніш жыл са­йын өңірдегі мешіттерді көмірмен тегін қамтамасыз етіп келе жатқанын, биыл бұл игі үрдіс жалғасады деп жауап берді.

Баянауыл жұртын алаңдатып отыр­ған жалғыз бұл мәселе емес. Биыл құ­рыл­ғанына 90 жыл толған алтынды Майқайың кенті жуық арада қиындыққа ұрынуы ғажап емес. Кенттегі көпқа­бат­­ты 64 тұрғын үй мен 384 жеке бас­пана, әлеуметтік және әкімшілік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар және кәсіпкерлік нысандары биыл қыста жылусыз қалуы мүмкін. Елді мекенді жылумен қам­тып отырған «Майқайың алтын» акционерлік қоғамының бас директоры Қуаныш Ботин жылыту бойынша келісімшарттың күші биыл­ғы қараша айының 27-сінде жойы­латынын, сол уақытта кәсіпорын бұл қыз­метті көрсетуден біржола бас тартатынын жазып, тиісті мекемелерге хат жолдаған. Орталық қазандықтың шы­ғыны көп, желілерге қызмет көр­сету­дің өзі тым қымбаттап кетті деген уәж айтыпты.

Майқайыңның әкімі Ербатыр Мол­да­таевпен сөйлескенімізде бұл мәсе­лені аудан басшылығы жақсы біле­ті­нін, жуық уақытта облыстан кө­мек сұралатынын жеткізді.

Кентке жылу беруден бас тартуға қа­тысты мәселе бұл бірінші рет емес. Кәсіпорын бұған дейін де бірнеше мәрте қызмет көрсетуді доғарамыз деп доқ көрсеткені есімізде. Елдің көңілін алаң­датып отырған бұл жайттарға жер­гі­лікті билік жедел назар аудармаса болмайды. Қыс – қыр астында. Енді бір айдан соң орталық қазандықтар іске кірісіп, үйлерге жылу беріле бас­тай­тынын ұмытпау керек.

 

Павлодар облысы