Технология • 11 Тамыз, 2022

Шымкенттік «Илон Маск» тұңғыш қазақстандық электрмобильді құрастырды

321 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда әлемде дамыған елдер жасыл экономиканы дамытуға барынша тырысып бағуда. Сол мақсатта барлық салада таза қалдықсыз технологияны, баламалы қуат көздерін пайдалануды, бұрынғы өндірісті, техникаларды түгел осы қағидаға сәйкес өзгертуді жоспарлап, жүзеге асырып келеді.

Шымкенттік «Илон Маск» тұңғыш қазақстандық электрмобильді құрастырды

Осының нәтижесінде да­мыған Батыс елдерінде, Шығыс­тағы экономикасы мықты алпауыт мемлекеттерде тоқпен жүре­тін электрмобиль өндірісі бүгінгі таңда кең үрдіс ала бас­тады. Жұрт сұйық отынмен жүретін көліктерін тастап, біртіндеп электркарға көшіп жатыр. Әлбетте бір жағынан экология мәселесін ойлау болса, екінші тұрғыдан жаңа технологияны игеру мақсатында қазіргі таңда дүние жүзінде электркар құрастыру саласы бойынша бейне бір жарыс жүріп жатқандай. Осы заманауи технологиялық тренд додасынан Қазақстанның да қалып кетпеу керегі маңызды.

Бұл тұрғыдан алып қарағанда мемлекет шеңберінде қандай да бір ілкімді істер атқарылмаса да жергілікті жерде заман көшіне ілесуге тырысушылық байқалады. Айтайық дегеніміз, осы күнде Шымкентте жер­гілік­ті кәсіпкерлердің күшімен отандық электркар құрастырыла бастады. Әрине, салтанатты жағ­дайда лентасы қиылып, ауқым­ды презентациясы болмаса да бүгінге дейін шымкенттік инженерлердің күшімен 7 көлік қозғалтқышы электрлі мотормен жүретін жаңа автомобильге айналып үлгерген.

Аталған жобаны қолға алған, былай­ша айтқанда идея авторы әрі оның инвесторы – жергілікті жас кәсіпкер Нұрсұлтан Сейсембаев. Англияда оқып келген жігіт. Мамандығы – инженер. Өзі басқаратын Berenmotors компаниясы электркар, яғни электр көлігін құрастырады.

Кәсіпкер қаладағы №8 мектепте 9 сыныпқа дейін оқыған. Кейін алдыңғы буын ағаларының жолымен оқуын ағыл­шын жұртында жалғастырған. Тұманды Альбион елінде Warwick жоғары оқу орнына түсіп, инженер мамандығы бойын­ша диплом алып шыққан. Әлі мектеп бітірмеген баласының Англияда оқимын деген шешіміне әке-шешесі қарсылық көрсетпепті, керісінше ұлын қолдаған.

Шетелде өнертапқыштардың еңбегіне әбден қаныққан Нұрсұлтан Шымкентте электр көлігін құрастыру жобасын іске асыруға бел шеше кіріседі. Содан бері екі жыл уақыт өтті. Әдеттегі моторды электр қозғалтқышқа алмастырған алғашқы кө­лігі Форд болған. Бірақ жұмыс барысында бағдарламашы маманына сұраныс туындайды. Қазақстан бойынша жалғыз осы мамандық иесі Ерлан Рахматуллаевпен алғашқы таныстығы осылайша басталған. Ерлан да өз күшімен 2016 жылдан бері электр көліктерін жасаумен айналыса бастаған азаматтардың бірі.

Электр көлігіне қажетті жабдықтарды әзірге Ресейден алдыруда. Әзірге дейтін себебіміз, кәсіпкер Н.Сейсембаев келешекте элетр моторды, микрочипті, қуат­тағыш құрылғыны елімізде шығаруды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға тек өз қалтасынан қаржы жұмсаған.

– Бір көліктің моторын электр қоз­ғалт­қышқа ауыстыруға кемі 5 млн теңге кетеді. Бәрі батареяға байла­нысты. Ол аз болған сайын, төленетін қаржы да қысқарады. Келешекте жанармаймен жүретін көліктер өндірісі тоқтайды. Бүгіннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілері электр көлігіне көшіп жатыр. Қазақстандағы көліктердің барлығы негізінен 1990-2000 жылдары шығарылған ескі көліктер. Олардың моторының тиімділігі бар-жоғы 20 пайызды құрайды. Электр қозғалтқышы­ның тиімділігі 95-98 пайызға жетеді. Шетелден жаңа электр көліктер әкелу де қазір тиімсіз. Өйткені бағасы қымбат. Біреуінің өзі 35 мың доллар тұрады. Екіншіден, оған қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді, – деді жас кәсіпкер.

Н.Сейсембаевтың айтуынша, электр көлігінің батареясын қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді. 1 Квт шамамен 17-18 теңге екенін ескерсек, бензинге қарағанда жүргізушіге электркар әлдеқайда арзан түспек. Оның үстіне, бір толтырған батарея қуаты 300-400 шақырымға жетеді.

Бұл жобаның келешегі өте мықты. Батыс елдерінде қазір экологиялық көлік өндірісіне сұраныс ерекше артып отыр. Сондықтан кәсіпкер инвестор болса жобаны бірлесіп дамытуға ниетті.

– Өкінішке қарай, инвесторлар өнді­ріске қаржы құюға құмартпайды. Себебі бұл тәуекелі көп іс. Оның орнына олар тойхана немесе ломбард ашқанды артық көреді. Менің өзіме ақша жетеді. Бұл жоба мен үшін Қазақстанның көлік өнді­рісінде заман көшінен қалып кетпесе екен деген ниетімнен туып отыр. Елімізде жерасты байлығы жетерлік. Алайда барлығы шикізат күйінде шетел асып жатыр. Ол байлықтан тауар өндіре алмасақ, не пайда?! «Каспий банктің» цифрлы саладағы жетістігін Гарвард уни­верситетінде талқылай бастады. Еліміз барлық салада осындай жетістікке жетуі керек. Осыдан 5 жыл бұрын қолма-қол ақ­шасыз зат аламыз дегенге біреу сенді ме екен? Қазір «Каспий» қосымшасын қариялардың өзі пайдаланады. Қазақ халқының интеллектісі өте жоғары. Бар­лық жаңалықты тез игереміз. Электр­кар құрастыру ісін де «Каспий банк» секілді жолға қоюымыз керек, – дейді Н.Сейсембаев.

Бүгінгі таңда Berenmotors компаниясы жоғарыда айтқанымыздай, 7 көлікті құрастырып үлгерді. Ол sport car BMW Z3, Retro Ford 74, Wolkswagen Golf МК3, BMW Х1. BMW, Дамас, Форд тау­рус және Митсубиши галанд көліктері. Міне, осы электр мобильдерді компа­ния сатылымға қойып отыр. Бір қызы­ғы, Berenmotors жобасын жетілдіру­ге Англиядағы Warwick университеті 2 зерт­теуші топты жасақтамақ. Кәсіпкер электр көліктерінің қауіпсіздігін тексеру бойынша арнайы тесттер өткізген. Және бұл 6 жыл уақытты алған. Бүгінде ол сәтті жүзеге асып, компания сервистік жұмыстарын бастауға ресми кірісті.

Сол тұманды Альбион елінде Lunaz деп аталатын компания бар екен. Ол да электр көліктерін құрастырумен айналысады. Осы күнге дейін инвесторлар оған 10 млрд доллар қаржы құйған. Тіпті 10 пайыз акциясын әйгілі футбол ойыншысы Дэвид Бекхемнің өзі сатып алған. Кәсіпкердің ойынша, қолдау болса, дәл осындай нәтижеге шымкенттік электркар жобасын да жеткізуге болады.

а

– Бізге қазір электр моторын, контройлер, қуаттаушы құрылғылар шы­ғаратын зауыт және көліктерді сынайтын алаң керек. Мемлекеттік қолдау арқылы да жобаны дамытуға керемет мүмкіндік бар. Мәселен, елімізде 1 млн-нан астам ескі көлік бар. Әр көлікке 5 мың доллардан субсидия бөлсе, 5 млрд долларға бүкіл ескі машиналардан құ­тылар едік. Біздің жобамызға қызығып жатқан елдер көп. Мәселен, Нигерия мемлекеті егер қолдау таппасаңдар, жобаны біз-ақ қаржыландырайық. Бірақ Нигерияға барлық мамандарыңмен көшіп барасыңдар деген ұсыныс жасап отыр. Жеке инвесторлар немесе мемлекет тарапынан қолдау болып қалар деген үмітпен әзірге бұл ұсынысты қа­былдамай отырмыз. Мойындау керек, Қазақстанда инновациялық, стартап ­жобаларды қаржыландыру мәселесін­де кедергілер әлі де көп. Англияда бизнес идеяның өзіне қанша қаражат керек, қиналмай бере салады. Десек те «Жаңа Қазақстанды» құру жолына қадам бастық. Жағдай енді өзгеретін шығар деген үміттемін, – деді Н.Сейсембаев.

Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда осы идеяны ортаға салғанда оны қол­даушылар бірден табылған. Тіпті Англия­дағы қызметі мен үйін тастап Қазақ­станға, Шымкентте көшіп келгендер бол­ған. Африка елдерінен осы жобаға қызығушылық танытқандар, соған өз үлесін қосқысы келетін идеялас таныс­тары да қолдау білдірген. Осылайша, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанның айналасында 40 білікті маманнан құралған мықты команда жасақталды. Олар жобаны өміршең ету мақсатында күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Электркардың басты бөлшектерінің бірі қуаттағыш құрал толық компанияның күшімен жасалды. Қытайлық баламасына қарағанда әлдеқайда шыдамды және бағасы да онымен салыстырғанда бірнеше есе арзан. Түрлі сынамалардан сүрінбей өткен қуаттағыш құралға ендігі керегі жаппай өндірісін бастайтын әлеуетті инвестор. Көлік құрастырушы компанияның тағы бір жетістігі ол электркардың миы саналатын контройлер құралын жасап шығаруы. Контройлер дегеніміз – кәдімгі микрочип. Бұл болмаса көлік бір қадам да адымдап жылжи алмайды. Дүние жүзінде микрочиптердің өндірістік ота­ны Тайвань аралы саналады. Егер қандай да бір себеппен Тайваньнан келетін микрочиптердің логистика­лық тізбегі үзілсе, әлемдегі көптеген автомобиль өндіретін концерндердің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Ал мұндай қорқыныш Berenmotors-тың көліктеріне ешқандай қауіп төндірмейді. Жасалу технологиясы қиын кішкентай ғана құрыл­ғы отандық инженерлердің күшімен өзі­міз­де өндіріледі. Электркардың ең басты бөлшегіне жататын контройлер өндірі­сін жолға қоя алуы компанияның таза отандық электрмобиль жасаудағы алға қойған мақсатына бір табан жақында­та түсті. Осы тұста көліктің күрделі де тех­нологиялық ең жоғарғы сапаны қажет ететін бөлшек түрі әлбетте қозғалтқыш болып есептеледі. Бүгінгі таңда компания электрмоторды сыртқы елдерден импорттағанымен, келешекте өзінің күшімен моторды да жасауға белін бекем буып отыр. Оның алғышарты да жоқ емес. Қазіргі таңда бұл бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, болашақ электрмобиль қозғалтқышының сызбалары дайындалып жатыр. Ол әзірленіп болған соң сызбалар шетелдік зауыттардың біріне жөнелтіледі. Дей тұрғанмен кә­сіпкер электркар моторын құрасты­рып беруге Алматыдағы «Казтех­при­бор» кәсіпорнының да әлеуеті толық жете­тінін айтады.

Н.Сейсембаевтың мәлімдеуінше, мем­лекет тарапынан компания бас­тама­ларына нақты қолдау білдірген Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі болыпты. Аталған ведомство басшысының орынбасары Марат Қара­баев елімізге белгілі «Астана моторс» компаниясы басшылығымен ты­ғыз қарым-қатынас орнатуға көме­гін тигіз­ген. Дегенмен нақты нәтижелер­ге қол жет­кізілмесе де келіссөздер әлі жал­ға­сып жатқанға ұқсайды. Кәсіпкер иннова­циялық индустрия саласында адами әлеуеттің маңызы жоғары екенін айтады.

– Электрмобиль құрастыру бір күн­нің дүниесі емес. Жарайды, шетелден бөлшектерін әкеліп, құрап, қазақша атауын қойып шығара салуға болады. Бірақ бұл бәрібір өзімізде жасалған отандық көлік болып саналмайды. Көлік индустриясын шетелдік бөлшектермен құрастырып дамыту – өзімізді алдау. Онымен Қазақ­стан ешқашан өзгелердің тәуелділігі­нен құтыла алмайды. Сондықтан жабық циклді өндірісті өркендету еліміздің ­басты стратегиялық жоспарына айна­лу­ға тиіс. Яғни электрмобиль өндірісін­де бұрандадан бастап моторға дейін­гі бөлшектер мүмкіндігінше өзімізде шығарылуы керек. Қазір осы бағыт­та жұмыс істеп жатырмыз. Электркар Қазақстанның автомобиль нарығына енді ене бастағандықтан оған тиісінше инфрақұрылым қажет. Батареяларды қуаттаушы құралды сол үшін алдымен жасауды ұйғардық. Егер қуаттаушы бекеттер көп болса, адамдарға ыңғайлылық тудырар еді және сол арқылы электркарға деген қызығушылар саны артар еді. Кім ойлаған, осыдан 10-20 жыл бұрын Қытай мен Үндістанды технология жағынан дамыған алдыңғы елдер қатарына шы­ғады деп. Мұның барлығы да адами әлеуеттің арқасы. Олар бірінші кезекте білікті кадрларды даярлау ісіне көңіл бөлді. Мықты инженерлер шоғырын даярлап шығарды, заманауи индустрия саласында мектеп қалыптастырды. Біз де солардан көп нәрсе үйренуіміз керек. Бір жағынан мұндай инновациялық жобалармен айналысатын кәсіпкерлік бастамаларға шетелде қолдау өте мықты. Атақты «Тесла» компаниясын алайық. Жалпы, Америкада бизнесті жүргізу, аяққа тұрып кету оңай. Соған қарамас­тан АҚШ үкіметі тоқпен жүретін көлік құрастырушы компанияның жобала­рына миллиардтаған қаржы құйды. Сол үшін Қазақстанға жасыл энергетикаға негізделген көлік индустриясында жалпы заманауи инновациялық өндіріс сала­сында іргелі база, институт қалыптастыру керек, – деді кәсіпкер.

Ол сонымен бірге техникалық маман­дықтарға оқытатын жергілікті жоғары оқу орындарының басшылары электр көлігі саласы бойынша да мамандар даяр­­лау ісін қолға алса екен деген тілегін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ