Қоғам • 02 Тамыз, 2022

Әскери бөлімдердің қоймалары жыл соңына дейін автоматтандырылады

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жыл аяғына дейін әскери бөлімдердің қоймалары автоматтандырылған есеп форматына көшетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери бөлімдердің қоймалары жыл соңына дейін автоматтандырылады

«Кейінгі 11 жылдың ішінде Қарулы күштерді жабдықтау ісі неге электронды форматқа ауыстырылмады? Сонда әскери бөлімдердегі сыбайлас жемқорлық мәселелерінің жолы кесілер еді ғой», деп сұрады БАҚ өкілі вице-министрден.

Дархан Ахмедиевтің айтуынша, аталған мақсатқа бюджеттен біршама қаражат бөлінген.

«Бұл мақсатқа белгілі бір мөлшерде қаражат бөлінді. Бірақ соның 37 пайызы ғана игерілді. Ал қалғаны бюджетке қайтарылып отырған. Өкінішке қарай, қазір бұл бағыттағы бүкіл жұмыс жартылай қолмен істеледі. Министрдің маған берген бірінші тапсырмасы – қойма есебін автоматтандыру. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жыл аяғына дейін аяқтаймыз», деді министрдің орынбасары.

Оның мәліметі бойынша, биыл Қарулы күштерде 7 суицид әрекеті тіркеліп, төртеуі қайғылы аяқталған.

«Биылғы 5 айдың ішінде Қазақстанда 4318 суицид әрекеті өліммен аяқталған. Соның ішінде төртеуі Қарулы Күштерде болған. Суицид әрекеттері – 4942. Оның ішінде Қарулы күштердегісі – 7. Яғни бұл 0,6 пайызы. Бұл жерде мен осы сандардың артына жасырайын деп тұрған жоқпын, дұрыс түсініңіздер. Жаңа да айтқанымдай, арнайы топ құрылды. Сол топ суицид деректерін азайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», деді Дархан Ахмедиев.