Ғылым • 13 Шілде, 2022

Ералы Тоғжанов: Биылдан бастап жас ғалымдарға мың грант беріледі

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Зеренді ауылында «Жастар Рухының» кезектен тыс VI Съезінің жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ералы Тоғжанов: Биылдан бастап жас ғалымдарға мың грант беріледі

Жастар форумының үшінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, партияның Саяси бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов «Jas Talks» ашық диалог алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен кездесті. Бейресми жағдайда әңгіме өрбіп, жастар қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Тұщымды жауап алды.

ф

«Жастар үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керек екенін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – бұл күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейтін болады. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі», деді Е.Тоғжанов.

ф

Вице-премьер елімізде ҰБТ-ның талаптары өзгергенін де тілге тиек етті. Бұдан былай абитуриенттерге бір емес, 3-4 рет тест тапсыруына болады. Бұл қадам жастар арасында жиілеп кеткен суицид мәселесінің алдын алуға бағытталып отыр. Себебі тест тапсыруға келген азаматтар қиналған кезде психологиялық, моральдық тұрғыда күйзеліске түседі. Кейбіреуі тест нәтижесін көріп қайғыға беріледі.

«Жас ғалымдарға нақты мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бүгінде елімізде бас-аяғы 34 000 ғалым бар болатын болса, соның 8 700-і – жас ғалымдар. Яғни, ғалымдардың 24%-ы – ел жастары. Сол жас ғалымдарға биылдан бастап бір мың грант беріледі. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Алдымызға осындай мақсат қойдық. Бұл – жастарға жасалып жатқан қомақты қолдау. Шетелде жүрген қаншама білімді азаматтарымыз бар. Оларды да елге тарту мәселесі қолға алынып жатыр», деді спикер.

Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі – жұмыссыздық. Ералы Тоғжанов бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4%-ды, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар 7,2%-ды құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар вице-премьер «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Ауылдың мәселесін шешіп алмайынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе қалада білім алған жастар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағдай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабылдайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүретін боламыз», деді Е.Тоғжанов.