Қоғам • 21 Маусым, 2022

Республикалық маңызы бар жолда кезекті рет қызмет көрсету нысаны пайда болады

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл жол-құрылыс маусымы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы «ҚазАвтоЖол инвесторлармен бірлесіп, тасжолдардың бойында қызмет көрсету нысандарын орнатады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Республикалық маңызы бар жолда кезекті рет қызмет көрсету нысаны пайда болады

Бұл шамамен 500 жаңа жұмыс орнын құрып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жол бойындағы сервис нысандарының көбі республикалық трассаларда орнатылады. Мәселен, «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1333 шақырымында, атап айтқанда «Нұр-Cұлтан – Теміртау» ақылы учаскесінде модульдік үлгідегі жаңа павильон орнатылады.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысанында ерекше қажеттілігі бар тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып, арнайы санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Модульдік павильонда сауда алаңы да бар. Сонымен қатар жақын жерде жүргізушілер үшін арнайы демалыс алаңы да қарастырылған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарын одан әрі дамытуға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Нысан пайдалануға берілгенге дейін, құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, заң аясында кеңес береміз. Қызығушылық танытқан азаматтар 1403 қысқа нөмірі бойынша біздің бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталыққа хабарласа алады. Барлық ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз. Әлеуетті инвесторлар үшін бір ғана талап бар - бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, яғни пандустар, тіректер, тұтқалар және арнайы әжетханалар орнату», деді «ҚазАвтоЖол» жол бойындағы сервисті дамыту бөлімінің басшысы Диас Арынов.

Еске сала кетейік, қазір республикалық трассалардың бойында 1600-ден астам сервис объектілері және 620-ға жуық бос тұрған демалыс алаңдары бар.