Президент • 05 Маусым, 2022

Президент қаңтар оқиғасы туралы: Қоғамнан жасырып отырған ешқандай мәлімет жоқ

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Референдумда дауыс беріп болғаннан кейін БАҚ өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қаңтар оқиғасын тергеу жұмыстары туралы сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент қаңтар оқиғасы туралы: Қоғамнан жасырып отырған ешқандай мәлімет жоқ

«Құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр, өте тыңғылықты, егжей-тегжейлі тергеу жүріп жатыр. Қазір қолда бар материалдың бәрін Бас прокуратура жариялап отыр. Қоғамға қатысты немесе қоғамнан жасырып отырған ешбір мәлімет жоқ. Бәрін ашық, транспарентті тұрғыда, жоғары кәсіби деңгейде істеп отырмыз. Сондықтан халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ, мен солай ойлаймын», деді Оқушылар сарайындағы референдум учаскесінде БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қаңтар оқиғасының салдары ауыр болғанын еске салды.

«Шынымен де, бандиттер мен террористер келтірген зиянның ауқымы үрей туғызбай қоймайды. Өйткені 1600 қызметтік, коммерциялық ғимарат өртеліп, 3000 қару ұрланды және әрине, қаза болғандар бар. Олардың ішінде бандиттер мен треррористер де бар. Біз мұны мемлекеттің құрылымын ыдыратуға бағытталған террористік шабуыл болды дегеннен танбаймыз. Сондықтан біз оған қатысы бар адамдарды тікелей қатысы болса да, жанама қатысы болса да, ұйымдастыруға қатысы болса, тіптен жауапкершілікке тартылуы керек тарту керек деп отырмыз. Мемлекетке қарсы операцияның сипаты оның тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Жақсы дайындығы бар кәсіби адамдар басқарып отырған», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент еліміздің 13 қаласында билікке қарсы шабуыл бір мезетте тұтанғанын, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу көзделгенін атап өтті.

«Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды. Соның ішінде 23 адамға ғана нақты мерзім кесілгеніне назар аудартқым келеді. Яғни, бұл қайғылы оқиғаны зерттеуге тыңғылықты қарап отырғанымызды көрсетеді. Бұған дейін айтқанымдай, қаңтар трагедиясының рецидиві қайталануына жол жоқ. Оның кепілі, бүгінгі референдум болмақ. Біз тиісті сабақ алдық», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде мерт болғандардың тізімі жарияланатынын мәлім етті.