Оқиға • 19 Мамыр, 2022

Талдықорғанда ұрланған көлікпен қашқан оқушы ұсталды

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласының полицейлері кәмелетке толмаған көлік ұрысын ұстады. 16 жастағы жасөспірімге үш көлікті ұрлады деген айып тағылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талдықорғанда ұрланған көлікпен қашқан оқушы ұсталды

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары ұрланған шетелдік көлікпен қашып кетпек болған көлік ұрысының ұсталған сәтін видеоға түсіріп алған. Патруль қызметкерлері күдіктіні көліктен шығып қашып кеткенше қуып, көпқабатты үйлердің ауласында қолға түсірген.

«Ұсталған оқушының Mitsubishi Galant, BMW және Mazda-626 ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Аталған дерек 16 мамырда тіркелді. Көліктердің бірі Алматы қаласының шетінен, екіншісі Көксу ауданындағы Алғабас ауылының маңындағы арықтан табылды», делінген ПД хабарламасында.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (көлік айдап әкету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетерлігі, жасөспірім толық емес отбасынан шыққан. Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған баланың анасы жалғыз өзі 4 баланы тәрбиелеп отыр. Жастығына қарамастан, күдікті түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін бірнеше рет полиция бөліміне жеткізілген.