Саясат • 30 Сәуір, 2022

Әр азамат Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесін қоса алады – Әли Бектаев

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнідегі» ұсыныстарды барлық халықтық референдумға шығару туралы ұсынысын  қолдағандардың қатарында сенатор Әли Бектаев та бар. Ол «Ауыл» партиясының facebook парақшасы арқылы өз пікірін білдірді деп жазады Egemen.kz

Әр азамат Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесін қоса алады  –  Әли Бектаев

Партияның әлеуметтік желідегі парақшасында сенатор, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы былай деп ой бөлісті: 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнідегі» ұсыныстарды барлық халықтық референдумға шығаруды ұсынды. Конституция енгізілетін өзгерістер біраз уақыттан бері  біздің қоғамда пікірталастар тудырып жатқаны жалпыға аян.  Бұл қазіргі қоғамдағы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең өзекті тақырыптардың бірі десек те болады. Осы уақытқа дейін талқылау мен тартысу бар да, нақты шешімді қадам жоқ еді.

Президент халқымыз  үшін тағдыршешті мәселені  саяси күштердің, мүдделі топтардың тартысына салмай, жалпыхалықтық референдум арқылы шешуді ұсынып отыр. Бұл заңдық, саяси теңдік, тіпті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда ең дұрыс, әрі әділ шешім деп ойлаймын.

Расында да «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын «сөз бұйдаға» айналдырмау керек. Еліміздің әрбір азаматы бұл тұжырымдаманың негізгі философиясын ұғына білуі, сезіне білуі тиіс. Бұл үшін билік тарапынан ғана емес, қоғамдық күштер мен азаматтық институттар тарапынан да нақты қадамдар жасалуы тиіс.

Егер Президенттің ұсынысы қабылданып, жалпыұлттық референдум жарияланатын болса, мен өз басым Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің әрбір азаматын сол Референдумға қатысуға шақырар едім.

Референдумға қатысып, дауыс беру арқылы әр азамат өзінің Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға үлесін қоса алады деп білемін.»