Үкімет • 26 Сәуір, 2022

Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр

«Импортты алмастыру мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, біздің экономикамыз үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор. Бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52 пайызды құраса, оның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40 пайыздан аспайды. Бұдан бөлек өткен жылы импорт шамамен 8 пайызға өскен», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының дерегінше, импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер.

«Бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Бұл жерде нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету арқылы импортты алмастыру саясаты оң ықпал етуі тиіс. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өндірістің дамуына мультипликативтік әсер береді. Бұл өз кезегінде, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», деді Премьер-Министр.