Медицина • 14 Сәуір, 2022

Қазақстанда онкологиялық науқастар көбейді

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда онкологиялық аурулардың көрсеткіштері артты. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда онкологиялық науқастар көбейді

«2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда онкологиялық аурулармен сырқаттану 9,8%-ға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 190,3-ті құрады. Яғни, 2021 жылы 36 мыңнан астам жаңа жағдай анықталды және бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4 мыңға жуық жағдайға артық», деді Диляра Қайдарова.

Сонымен қатар оның айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте анықтау 27%-ға дейін, ал бес жылдық өмір сүру деңгейі 55%-ға дейін өсті.

«Аурулар бойынша бірінші орында, бұрынғыдай, сүт безі қатерлі ісігі, екінші орында - өкпе қатерлі ісігі, содан кейін колоректальды қатерлі ісік, асқазан қатерлі ісігі және жатыр мойны обыры», деді Д. Қайдарова.

ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашева Қазақстанда 2021 жылы онкологиялық аурулардың 36 140 жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлады.

«Онкологиялық аурулармен ауыратындардың негізгі үлесін немесе 59%-ын еңбекке қабілетті жастағы адамдар алады», деді Г. Жанғарашева.

Оның мәліметінше, Қазақстанда жалпы құрылымда қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім үшінші орында тұр.