Қазақстан • 02 Сәуір, 2022

Аутизм бойынша Республикалық үйлестіру кеңесі құрылады

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аутизм спектрі бұзылуы мәселелері бойынша арнайы Республикалық үйлестіру кеңесі құрылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов телеграм өзінің Telegram каналында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аутизм бойынша Республикалық үйлестіру кеңесі құрылады

«Аутизм спектрі бұзылуы мәселелері бойынша арнайы Республикалық үйлестіру кеңесі құрылады. Үкімет мүшесі ретінде оны өзім басқаруды жөн көрдім. Сондай-ақ кеңес құрамына ҮЕҰ өкілдерін, салалық мемлекеттік органдардың вице-министрлерін, әкім орынбасарларын және басқа да әріптестерімізді қосамыз. Маңызды мәселе - осы бағыттағы барлық жұмысты үйлестіру.

АСБ мәселелері бойынша арнайы Жол картасы бекітіледі. Құжатта проблемалық аймақтарды анықтап, қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындаймыз. Ғылыми зерттеулер жүргізу маңызды. Сол себепті БҒМ аутизм спектрінің бұзылуын зерттеу жөніндегі арнайы ғылыми бағдарламаға қаржы бөлу бойынша жұмыс жүргізеді», деп жазды министр.

Оның айтуынша, бүгінде 19 жоғары оқу орны арнайы педагогтерді даярлайды. Аталған университеттің барлығына түзету кабинеттері форматында ресурстық орталықтар ашу тапсырылды.

Орталықтар мамандар даярлау жөніндегі клиникалық база ретінде әрекет етеді. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жолға қойылған. Университетте «Дара» қорының қолдауымен ресурстық орталық ашылды.

«Биыл біз ЖОО-ларға бағдарламаларды, әдістемелерді дайындау және студенттерді оқыту үшін аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге маманданған шетелдік профессорларды тарту үшін қаржы бөлдік. Осы жылы Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, ҚарМУ осы дертке шалдыққан балалармен жұмыс істеп жүргендер үшін аралас онлайн/офлайн форматында арнайы магистрлік бағдарламалар әзірлеп жатыр. ППТК (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті), ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес), ресурстық орталықтар, арнайы инклюзия кабинеттерінің қызметкерлеріне мақсатты гранттар бөлуді бастадық. Сондай-ақ оларға бейіндік магистратураға түсу үшін жағдай жасауға дайынбыз», деп түсіндірді ол.

Министрдің жазуынша, үлгілік штаттарға педагог-ассистенттер енгізілді. Қазірдің өзінде мектептерде 1 000-нан астам педагог-ассистент жұмыс істейді. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мектепке бейімделуге және оқуға көмектеседі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

«Түзету көмегіне мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруды бастаймыз. Яғни, осы дертке шалдыққан балалармен сапалы түзету жұмыстарын жүргізуге дайын ұйымдар бюджеттен тиісті қаржы алады. Бұл балаларымызды осындай арнайы қолдаумен қамтуды күрт арттыруға мүмкіндік береді. Ата-аналарға, мамандарға барлық қажетті ақпарат пен арнайы ұйымның деректер базасы, сондай-ақ ППТК, ПМПК және ресурстық орталықтар туралы ақпарат барлығына қолжетімді болуы үшін бірыңғай портал құрылады», делінген министр хабарламасында.