Парламент • 09 Наурыз, 2022

Ұлттық қауіпсіздікке қызмет еткен екі депутат Мәжілістен кетті

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Файзолла Қаменов, Сергей Решетниковтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық қауіпсіздікке қызмет еткен екі депутат Мәжілістен кетті

«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Файзолла Қаменұлы Қаменов міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға заңнамаға сәйкес Ф. Қаменовтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шеші үшін ұсыным енгізіп отыр», деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Сергей Николаевич Решетниковтің депутаттық мандаттан өз еркімен босату туралы өтініші дауысқа салынды.

«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Николаевич Решетников міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға ҚР Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаты С. Решетниковтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шеші үшін ұсыным енгізіп отыр», деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.

Жалпы отырыста палата депутаттары аталған ұсынымға дауыс беріп, депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Сергей Решетников 1974 жылы 29 наурызда туған. Арнайы әскери атағы бар – Қазақстан ұлттық қауіпсіздік органдарының запастағы подполковнигі. 1999-2016 жылдар аралығында ҰҚК-нің «Арыстан» бөлімшесінде қызмет еткен, «Альфа-А» терроризмге қарсы ардагерлер одағының негізін қалаған.
 
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
 
Файзолла Қаменов 1960 жылы 30 қыркүйекте Ақмола облысының Қорғалжын ауылында дүниеге келген.
 
Әр жылдары ішкі істер министрлігінің түрлі құрылымдарында қызмет атқарған, сонымен қатар ҰҚК-де жедел және басшылық қызметтерде болған.
 
2013-2014 жылдары Қазақстанның ҰҚК «Арыстан» қызметін басқарды.
 
2017-2019 жылдары «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ күзет қызметінің бастығы.
 
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
 
Екі депутат та «Қазақстан халық партиясының» мүшесі.