Қазақстан • 03 Наурыз, 2022

ЕҚЫҰ Орнықты даму саласындағы шараларыды пысықтады

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің бастамасымен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы «ЕҚЫҰ аймағында Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу: парламенттік перспектива» тақырыбында веб-диалог өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҚЫҰ Орнықты даму саласындағы шараларыды пысықтады

ЕҚЫҰ ПА ОДМ жөніндегі арнаулы өкілі Асқар Шәкіров өз баяндамасында 2030 жылға қарай қойылған мақсаттарға қол жеткізу кестесі белгілі бір түзетуді талап ететінін атап өтті.

«ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бізге ОДМ іске асыру саласындағы ұлттық тәжірибеміз бен алған сабақтарды, сондай-ақ ОДМ іске асыру мерзімдерін сақтау үшін біздің қадағалау және заң шығару міндетімізді жақсырақ жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды ақпаратпен алмасудың бірегей платформасын ұсынады», деді вице-спикер.

Осыған байланысты әрбір Парламентте мақсаттардың ресми мәртебеге ие болуы үшін барлық күш-жігерді жұмсау ұсынылды.

Сенатордың пікірінше, Украинадағы жағдайдың шиеленісуі ЕҚЫҰ аймағындағы орнықты даму барысында ауыр зардап әкелуі мүмкін.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕҚЫҰ 2010 жылғы саммиті қабылдаған өзара сенім негізінде өзара түсіністікті көздейтін бөлінбестік пен ортақ қауіпсіздік қағидатын ұстанатынын мәлімдеді. Ол екі мемлекетті диалогты жалғастыруға және бейбіт жолмен реттеуге барынша күш салуға шақырды», деді қазақстандық парламентші.

Орнықты даму мақсаттары Қазақстанның стратегиялық құжаттарына 80%-ға интеграцияланып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орнықты даму мақсаттары бойынша еліміз өткен жылмен салыстырғанда прогресс индексіндегі рейтингін 6 тармаққа жақсартып, 166-ның ішінен 59 орынға ие болды.

Веб-диалог аясындағы талқы ОДМ тақырыбын неғұрлым белсенді талқылау, оларды іске асыруға орай парламенттерді кешенді үрдістерге тарту, үздік тәжірибені зерделеу мен алмасу қажеттігі туралы ЕҚЫҰ парламентшілері көзқарастарының бірлігін көрсетті.