Аймақтар • 02 Наурыз, 2022

Мол өнімнен үмітті

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Диқандарда дамыл жоқ. Бірі техникасын жөндесе, кейбіреуі қолдағы тұқымын зертханаларға өткізуге асық. Арзандатылған жанар-жағармайды алуға құжаттарын реттеп жатқандары да аз емес. Қысқасы, жылдағы маңызды науқанға дағдыланған шаруалардың аяқалысы тәуір. Бәрі мол өнімнен үмітті.

Мол өнімнен үмітті

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Нұрболат Мақашевтың мәліметінше, биыл егіс алқабы 1 554,1 мың гектарды құрайды деп болжануда. Былтыр диқандар 1 468,9 мың гектарға дақыл еккен еді. Яғни астық, жемшөп және картоп егістерін кеңейту есебінен егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артпақ. Тізбелесек, дәнді дақылдар 887,8 мың гектарға, майлы дақылдар 265,1 мың гектарға, азықтық дақылдар 370,2 мың гектарға, картоп 21,4 мың гектарға, көкөніс­тер мен бақша дақылдары 9,6 мың гектарға егілмек.

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді игеру бойынша атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бергенін атап өткен жөн. Диверсивикациялау шараларының да оң әсері бар. Қала берді, нарықта астық да­қылдарына сұраныс артқан сайы­н диқандар да жыл сайын егіс алқабын арттыруға ынталы. Мәселен, биыл дәнді дақылдар алқабы 14 мың гектарға ұлғайып отыр. Естеріңізге салсақ, алдыңғы жылдары Ресей мемлекеті тарапынан бидайға сұраныс артып, жергілікті диқандар астықтың әр тоннасын 600-650 мың теңгеге өткізген еді. Осылайша, аймағымызда карантиндік шектеулер орын алғанымен, шаруаларға астықты өте тиімді бағамен Ресей мен Өзбекстанға экспорттауға мүмкіндік туды. Әлі де болсын бидайдың бағасы тұрақты. Сондықтан да алдағы науқанда диқандар көбіне бидай егуге ниетті, – дейді Н.Мақашев.

Көктемгі егіс науқанына дайындық қыс айларында басталатыны белгілі. Яғни шаруалар қар тоқтату жұмыстарына кіріседі. Биыл маңызды әдіс дәнді дақылдар себілетін 400 мың гектардан астам алқапта жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі атқарған Успен, Шарбақты және Тереңкөл аудандарының шаруалары күздігүні мол өнімнен үмітті.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы өсімдік және механикаландыру бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, шаруалардың иелігінде 129 қар тоқтату техникасы бар. «Қардың қалың­дығы облыс бойынша орташа есеппен 15 сантиметрді құрады. Әрине, былтырғымен салыстырғанда ақ ұлпа аз. Ақпан айында ғана боран соқты. Егер күн күрт жылынбай, қар суының жерге сіңуі баяу болса, ылғал молынан сақталады. Диқандардың тілеп отырғаны – осы» дейді маман.

Маңызды әдісті, әсіресе, аймағымыз­дағы ірі шаруа қожалықтары кеңінен меңгеріп, жергілікті ғалымдардың жөн сілтеуімен жүйелі қолға алып келеді. Жасы­ратыны жоқ, кейбіреулері әлі күнге дейін қадіріне жетпей жүр. Бұл бағыттағы шаралар егісті аудандарда қолға алынатыны белгілі. Жыл сайын ең алғашқы кезекте көктемде жыртылатын танаптарда, сүдігер жерде, сондай-ақ көпжылдық шөптердің егіс алаңында атқарылады. «Победа», «Галицкое», «Абай атындағы» ЖШС, «Оразбаев», «Замандас» қожалықтары және «Жаздық» фермерлік шаруашылықтарында қар тоқтатуға қажетті заманауи техникалар (орақ салғыштар) бар. Арнайы техника қар тоқтату жұмыстарын шығынсыз жүргізуге мүмкіндік береді. Тәуекелді егін­шілік жағдайында барлық жауын-шашынның сақталуы мен оның ұтымды пайдаланылуы маңызды. Қар тоқтату топырақтың агрофизикалық қасиеттерін жақсартып, ылғалды толық жинау әрі сақтауға мүмкіндік береді.

Биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға 3,4 млрд теңге субсидия бөлінген. Жіктеп берсек, минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 870,9 млн теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің гербицидтер құнын арзандатуға 1 458 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға 844 млн теңге, ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерге су жеткізу құнын арзандатуға 224,6 млн теңге қаражат қарастырылған.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалының директоры Ардақ Таңжарық шаруалар үшін тиімді бағдарламалар аз емес екенін айтады.

– Жыл сайын көктемгі егіс науқаны кезінде диқандар біздің көмекке жүгінеді. Себебі бағдарламалардың талаптары жеңіл, құжат толтырып та бас қатырмайды. Ша­руалар «Кең дала», «Іскер» және «Агробизнес», «Сыбаға» бағдарламалары арқылы қаржылай қолдауды сезіне алады. Былтыр 8,864 млрд теңге көлемінде 505 шаруаға көмек көрсетілді. Биыл қаражат мөлшері артты. «Кең дала», «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламаларының жүзеге асуына 10,181 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Шаруалар түрлі жағдайларға душар болып, несиесін төлей алмауы мүмкін. Ондай кезде қам жемесе болады. Кепілдік затын тартып алу мақсат емес. Шаруалардың аяққа тұруына атсалысып, проблеманы бірігіп шешуге ынталымыз, – дейді А.Таңжарық.

Диқандар көктемгі егіс науқанына дайындық барысында тұқым мәселесіне ерекше мән береді. Мол өнім жинаудың амалы бұл. Биыл шаруалар 147,2 мың тонна тұқым әзірлеп отыр. Бұл қажеттіліктен асып жығылады. Атап айтсақ, 93,2 мың тонна дәнді дақылдар, 2,8 мың тонна майлы дақылдар, 51,2 мың тонна картоп тұқымы қорда сақтаулы. Қазіргі уақытта «ҚазАгрЭкс» АҚ арқылы арнайы зертханаларда тұқымның сапасы тексерілуде. Айтпақшы, бүгінде аймағымызда тұқым шаруашылығымен айналысуға заңды құқығы бар 27 шаруашылық тіркелген. Яғни жергілікті диқандар қажетті тұқымды солардан сатып ала алады.

– Тұқым шаруашылықтары қолдаудан кенде емес. Атап айтсақ, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына аудандас­тырылған және перспективалы сорттардың бірегей тұқымдарын сатып алғаны үшін шығындарды ішінара (70 пайыз) өтеу қарастырылған. Қала берді, сатып алушыларға да, яғни шаруаларға тұқымды сатып алғаны үшін субсидия беріледі. Оның арнайы талабы мен тәртібі бар, – дейді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Мақашев.

Алдыңғы жылдары аймағымызда шаруаларға бөлінген арзандатылған жанар-жағармайды тасымалдау ісінде проблемалар орын алғаны белгілі. Тіпті бұл мәселені облыс әкімі жеке бақылауына алған еді. Биыл бұл бағыттағы шаруалардың барысы қалай болмақ?

– Көктемгі егіс науқанына 22,2 мың тонна (былтыр 21 мың тонна) арзандатылған дизель отыны қажет. Бүгінде есептеулер мен өтінім құжаттары Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Егіс алқабы ұлғайған сайын жанар-жағармайға деген қажеттілік те артқанын атап өткен жөн. Былтыр жанар-жағармай тасымалдауға жауапты болған LF TRADE, «ТК Парнас» және «Рымжан Трейд» серіктестіктері өз міндеттерін ойдағыдай атқарды. Диқандар арзандатылған жанар-жағармайға қол жеткізу үшін Qoldau.kz сайты арқылы өтініш береді. Бір артықшылығы, сайтта шаруалар жанар-жағармайды қай уақытта алып кететінін өздері белгілейді. Электронды жүйеде әр шаруашылықтың егіс алқабының көлемі есепке алынады. Бүгінде облыста егін шаруашылығымен 1 300-ден аса шаруашылық айналысады. Әрқайсысының арзандатылған жанар-жағармай алуға мүмкіндігі бар, – дейді Н.Мақашев.

Көктемгі дала жұмыстары кезінде техникаң сыр берсе, орта жолда опық жеп қалуың әбден мүмкін. Осы орайда шаруалар жыл сайын техника паркін жаңартуды ұмыт қалдырған емес. Жеке қаражатына да, бағдарламалар арқылы да қажетті техникаларды сатып алуда. Бүгінде көктемгі егіс науқанына техника паркінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Егіс жұмыстарына 200-ге жуық егіс кешені тартылады деп жоспарлануда.

Қорыта айтсақ, өңір диқандары ма­ңызды науқанға қызу дайындық үстінде. Табиғаттың тосын сыйы болмаса, өзге проб­лемаларды шешу оңайырақ. Себебі мемлекет тарапынан бөлінген қаражат көлемі жыл сайын артып, науқанды ойдағыдай аяқтауға септігін тигізбек. Бастысы – шаруаларға қарастырылған қаражаттың уақтылы қолға тиюі.

 

Павлодар облысы