Аймақтар • 01 Наурыз, 2022

Тері өндірісінен теріс айналмайық

617 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Төрт түліктің жүн-терісі жайлы әңгіме қозғалса, ауыл сыр­тын­дағы қоқыс алаңы ойға оралатыны рас. Ұлттың брендіне айналуға тиіс шикізаттың құрттың жемтігіне айналғаны өкінішті-ақ. Біреулер бұл іске қолдау көрсетпей отырған билікті кінәласа, енді бірі жүн-тері бизнесімен айналысуға ешкімнің қызы­ғушылығы жоқ екенін алға тартып отыр. Мәселенің мән-жайына үңіліп көрелік.

Тері өндірісінен теріс айналмайық

Жеңіл өнеркәсіп жетістікке жетелейді

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғаны жасырын емес. Қолда барды ұқсата алмайтынымыз қор қылады. Әйтпесе, ағыл-тегіл шикізаттан дайын затты шығарып, жергілікті дү­кен сөрелерінен қолжетімді баға­мен сатып алуға не кедергі? Қа­рапайым мысал келтірсек, Павлодар облысында жыл сайын шамамен 50 мың тонна қарақұмық жиналады. Оның басым бөлігі экспортталады. Себебі диқанға шетелге жөнелтіп, қалтасын қампайтқаны маңызды. Әлгі өнім кейін тазартудан өтіп, көздің жауын алатын қызылды-жасылды қаптамаларға салынып, бізге 2-3 есе қымбат бағамен қайта оралады. Ауылдағы шикізатты іс қылмай, қайта өңдеу саласын дамытпай, бағаны тұрақтандыруға бас қатырып жүргеніміз-ай...

Әңгімеміздің әлқиссасы жүн-тері еді ғой. Мәселе күрделі. Қазір жер-жерде өтіп жатқан әкімдердің есептік кездесулерінде ауылдағы ағайын осы мәселені көтеруде. Нан салмай, сиыр саумай, құрт қайнатпай, малдың басын үйіту былай тұрсын, ішек-қарнын тазаламай, жүн-теріні қоқысқа тастап келген тұрғындар қазір тәубасына келе бастады. Дүкендерде өнім бағасы қымбаттаған сайын әр теңгесін үнемдейтін болды. Соң­ғы уақытта «жүн-теріні өткізетін орын жоқ» деп әкімдерді тығы­рыққа тіреуі де бекер емес.

Ауыл шаруашылығы сала­сының ардагері Ахмет Серке­баевтың айтуынша, соңғы уа­қыт­та қойдың бағасы әжептәуір қым­баттады. Ендігі жерде терісі мен жүнін кәдеге жарату маңызды. Жалғыз Шопан ата түлігі ғана емес, ірі қара терісінен де ірі жобаларды қолға алған абзал.

– Бала кезімізде қойдың күзем жүнін, жабағы жүнін тиісті жерге өткізіп, аз да болса ақша қылатынбыз. Қазір тұрғындар малдың жүнін далаға тас­тап, өртеп жіберетіні жасырын емес. Ал өздері моңғол түйесінің жүнінен істелген шұлық, көрпені сатып алады. Бая­ғыда шөптің басына ілініп қалған бір уыс жүнді көрсек, «обал болады» деген оймен қалтамызға салып алатынбыз. Ал қазір боқтық ретінде көреміз. Мал терісінің жағдайы да сол. Бұл күні тө­сенішіміз – ковролин, жамылғы-жас­ты­ғымыз – синтепон. Химиялық қос­палары бар тауарлар адам ағзасына кері әсерін тигізетінін естен шығармаған жөн, – дейді А.Серкебаев.

Шынымен де бүгінде медицина мамандары ХХ ғасырдың адамзат баласына әкелген үлкен бір дерті аллергендермен қозатын аллергия кеселі жайлы жиі айтып жүр. Түгі полипропилен және полиамид талшығынан жасалатын ковролиннің мықтылығы мен төзімділігіне тең келер төсеніш жоқ шығар, бірақ жылылығы мен денсаулыққа пайдасы жөнінен қазақ қойының жүнінен жасалған текемет пен алашаға жетпейтіні анық.

Қолдау болса, қор болмайды

Төрт түліктің жүн-терісін жинаумен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау аз дейтіндер көп. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму бас­қар­масына хабарластық. Ондағылар жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар үлес­ті­рілетінін, бірақ өтініштердің арасында жүн-тері кәсібін дөңгелетуге ниет біл­діретіндер кездеспейтінін айтты. Ол тү­сі­нікті де. Соңғы жылдары гранттардың бар­лығы инновацияның ұшқыны бар жо­ба­ларға үлестірілуде. «Сыбаға» сияқты мем­лекеттік бағдарламалар мал басы санын көбейтуге бағытталғанын ескерсек, қайта өңдеу бағытында еңбек еткісі келетін кәсіпкерлерге қолдау бар ма екен?

Бірден айту керек, елімізде теріден аяқкиім сияқты дайын өнім шыға­ра­тын кәсіпорын жоқтың қасы. Бұл кә­сіп­пен айналысуға ешкімнің батылы бара бермейді. Сайып келгенде тері өң­дей­тін­дердің өзі шикізатты шетелге сатып, бізге дайын өнімдер қымбат бағамен қай­та оралады.

Алдағы уақытта былғары аяқкиім шы­ғаратын ірі кәсіпорындар ашылар. Әзірге тері өңдеушілердің мәселесін ше­­шіп ала­йық. Қазақстанның тері және өң­деушілер қауымдастығы бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Жақында қауым­дас­­тықтың тізгінін ұстаған Нұрман Нүп­те­­ке­евтің айтуынша, мемлекет тара­пы­нан зор қолдау болса, 4-5 жылдың ішін­де тері өңдеу саласы аяққа тік тұ­рып, ел экономикасына орасан пайда әкелмек. Айтпақшы, Нұрман Екібастұз қала­сын­дағы «КазЛидерМех» тері өңдеу кә­сіпорны директорының кеңесшісі болып та еңбек етуде.

– Еліміздегі тері өндірушілердің жұ­мы­сы жандана бастағанына 1 жыл ғана болған шығар. Себебі алдыңғы жылдары дүниежүзі бойынша бұл салада тоқырау орын алған еді. Отандық кәсіпкерлер жан бағудың амалымен өзге салаға бет бұрды. Қаншама тері далада шіріп қалды. Экологиялық зардап туындады. Мұның бәрі қалыпты құбылыс. Кез келген саланы алып қарасақ, құлдырауды бастан кешеді. Ендігі жерде тері өң­деу­шілердің аяққа тік тұруына зор қол­дау қажет. Мемлекет тарапынан ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие берілсе, шетелден тасымалданатын химиялық қоспалар мен қондырғыларға салынатын кедендік баж салықтары алынып тасталса, инфрақұрылым мәселесі қолға алынса, тері өткізушілерге субсидия қарастырылса, тағы да басқа кө­мек­тер көрсетілсе, салаға серпін берері сөзсіз. Өзімізді аяқкиіммен толық­тай қам­тамасыз етуге де болады. Алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстанды мысалға алайық. Онда саланы дамытуға бағыт­тал­ған бағдарламалардың нәтижесінде, тері өндірісінің қуаттылығы 800 пайызға артты! Олар теріні шикі түрінде сыртқа шығаруға тыйым салып, шетелден әке­лін­ген қондырғылар мен химқоспалар үшін салынатын кедендік баж және қо­сым­ша құн салығын алып тастады. «Жаңа Қазақстан» деп ұрандап жатыр­мыз ғой. Агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың да жоба-жоспарлары жасалуда. Бұл ретте ел басқарып отырған азаматтар тері өндірісінен теріс айналмай, өміршең бағдарламаларды іске қосса екен. Жасы­ра­тыны жоқ, көп жағдайда төрт түліктің те­рісін ажырата алмайтындар соңғы ше­шім­дерін қабылдап жатады, – дейді Н.Нүптекеев.

Иә, саланы дамыту үшін кешенді жос­пар қажет. Ең әуелі терінің сапасын арттыру маңызды. Ол үшін төрт түлікке екпе егу шаралары жүйелі жүргізілгені абзал. Түптеп келгенде малдың тұратын жері, жем-шөбі, қалай сойылатыны терінің сапасына кәдімгідей әсер етпек.

– Әлемдік нарықта «Қазақстанның терісі», «Өзбекстанның терісі» деген бренд бар. Өкінішке қарай, терінің сапасымен мақтана алмаймыз. Біздің өңделген сиыр терісінің бағасы 50 долларға баға­лан­са, АҚШ-тың өңделмеген терісі­нің бағасы 110 долларға тең. Елі­міз­дегі ірі деген ет комбинаттарының өзінде жағ­дай мәз емес. Кеңес дәуірінде ет ком­бинаттарының тері өңдейтін ар­на­­йы орындары болды. Малды сою, те­рі­ні тұздау сияқты шаралар жүйелі атқарылып, сапалы шикізат бірден шетелге сатылып отырды. Тіпті еттен гөрі терінің жоспарына көп көңіл бөлінді. Жоспар орындалмаса, жауапты басшылар қатаң сөгіс алған. Қазір ше? Ет комбинаттарының тері дайындайтын цехы жоқ. Қай жерге барсаңыз да малдың терісі қалай болса, солай сыпырылады. Сойылған әр малдың басына ақша алатын қасапшылар терінің сапасына мән беріп жатыр дейсіз бе? Көп сойса, пайда да мол. Мүмкін арнайы мал сою орындарының жұмысын реттеу керек шығар. Не десек те, терінің сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қолға алынуы қажет-ақ, – дейді Н.Нүптекеев.

Жақында Мәжіліс депутаты Юрий Жулин ірі қара мал терісін өңдеуді әрі қа­былдауды жетілдіру мәселесін көтер­ген болатын. «Отандық мал шаруа­шы­лығында жыл сайын әрі кеткенде шикі терінің 10-20 пайызы ғана қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізіледі. Ірі қара мал­дың өңделмеген 2,5-3 млн терісі да­­лаға тасталып, ауылдардың шетінде шіріп жатыр. 2016, 2017 және 2019 жылдары еліміздің былғары кәсіпорындарын қол­дау үшін тері экспортына баж салығы ен­гі­зілген болатын. Аталған шара елеулі нә­тиже бермеді», деп сыртқа шығарылған тері үшін бекітілген 200 еуро баж салығын алып тастауды ұсынған еді.

Бұл пікірмен Нұрман Нүптекеевтің келіс­кісі жоқ. «Шектеулер алынса, шетел­дік­тер таңдап жүріп сапалы теріні алып кететіні анық. Яғни енді ғана дамудың даңғыл жолына түскен Семей, Арқалық, Шымкент, Тараз, Петропавл, Екібастұз қала­ларындағы тері өңдеу зауыттары сапа­лы шикізатсыз қалады деген сөз. Орта­лық Азия бойынша алпауыт сана­ла­тын Алматы тері өңдеу зауытына да ауыр соққы болып тиетіні сөзсіз. Әр кәсіпорынның жоспары айқын. Қуаттылығын арттырып, үлкен жобаларды қолға алмақ ниетте. Егер депутаттың ұсынысы іске асатын болса, кәсіпорындар қайтадан құрдымға кетеді. Салдарынан жұмыссыздық пайда болып, әлеуметтік мәселелер шиеленісіп кетуі мүмкін. Шетелдік инвесторлар да аяқ бас­пайтын болады», дейді Н.Нүптекеев.

Айтпақшы, былтыр тәжірибе ретінде баж салығы алынып тасталыпты. Бірақ көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Бәрі де терінің сапасына келіп тіреледі. Теріні шетелге өткізіп, байып кеткендер шамалы. Сыртқа сапалы шикізат шығара алмасақ та, соңғы жылдары пайда болған жаңа кәсіптің түрлері – ақуыз, желатин өндіретін кәсіпорындарды жарылқауға шамамыз жетеді екен. Оларға біздегі сапасы төмендеу, былғары жасауға жарамсыз деп танылған терінің 40 пайызы жөнелтілуде. Әзірге ондай кәсіпорындар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Беларусь жерле­рінде қарқын ала бастаған. Еліміз­де ашылса, жергілікті тері өңдейтін за­уыт­­тар­дың жаңа дәуірі басталатыны сөзсіз.

Шағын цехтың шарапаты

Павлодар облысында шағын цех ашып, тұрғындардан жүнді өзі жинап, кәсібін дөңгелетіп отырған «Мұстафинов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Руслан Мұстафиновты жұртшылық енді тани бас­тады. «Қоқысқа тастағанша азын-аулақ тиын-тебен болсын» деп хабарласып жатқандар көп.

Цех Павлодар қаласына қарасты Кенже­­көл ауылында орын тепкен. Бұл кәсіп маусымдық болғандықтан, қазір өн­діріс тоқтап тұрған көрінеді.

– Облыстың түкпір-түкпірін аралап, жүн жинаймын. Әр килосы 50 теңгеге бағаланады. Кейін цехта өңдеп, киіз, байпақ, қолғап шығарамыз. Бастысы, сұраныс бар. Жүннің сапасына қатты мән бермеймін. Десе де, күзгі уақыттағы жүннің сапасы жоғары. Кейбір ауылдарда жергілікті әкімдер жүн жинау ісін ұйымдастырып, барынша атсалысады. Тұрғындар тарапынан да қызығушылық артып келеді, – дейді Р.Мұстафинов.

Былтыр Екібастұз өңіріндегі бірқатар ауылдың тұрғындары жүнді молынан өткізіпті. Шиқылдақ ауылынан – 2 900, Әлкей Марғұлан атындағы ауыл­дан – 1 600, Қоянды ауылынан – 1 мың, Төртқұдық ауылынан 2 мың және Темір­жол ауылдық округінен 500 кило жүн жи­нал­ған. Сайып келгенде 8 мың кило жүн үшін тұрғындарға 400 мың теңге қаражат бе­ріліпті. Керемет емес пе?

Қорыта айтсақ, тері және жүн өндірі­сін дамытудың кешенді жоспары қажет-ақ. Шикізат көл-көсір. Жеткіліксіз болса, желікпейтін едік. Малдың жүн-терісін, сүт пен етті тиімді бағамен өткізген ағай­ын ауылда тұрақтап қалмай ма? «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсаты мек­теп пен мәдениет үйінің терезесі мен ша­т­ырын жөндеумен шектелмесе екен.

 

Павлодар облысы