Қоғам • 16 Ақпан, 2022

AirAstana-ның атын жамылып жүрген алаяқтар кімдер?

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

WhatsApp мессенджерінде AirAstana компаниясы өзінің 20 жылдығына орай жүргізіп отырған сауалнамаға сілтеме таратып жүргені туралы ақпарат пайда болды. Көрсетілген сауалнамаға қатысқан адам жүлде ретінде 100 000 теңге алады-мыс. Stopfake.kz порталы бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

AirAstana-ның атын жамылып жүрген алаяқтар кімдер?

AirAstana-ның ресми сайтында мұндай ұтыс ойыны туралы ешқандай ақпарат шықпаған. Бұл туралы әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда да айтылмайды.

«Air Astana өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында немесе airastana.com сайтында ғана ұтыс ойындарын, конкурстар мен акциялар өткізеді. Сол себептен, алаяқтардың айла-амалдарына бой алдырмауларыңызды сұраймыз!», деп жазды авиатасымалдаушы өзінің Telegram-парақшасында.

Осылайша, қазір пайдаланушыларға өтуге ұсынылған сауалнама авиакомпанияның ресми порталында немесе оның әлеуметтік желілердегі беттерінде орналастырылмағандықтан, оны шынайы деп санауға болмайды. Демек, бұл сауалнама алаяқтардың ісі.

Ғаламтордағы алаяқтықтың бұл түрі - фишинг деп аталады. Оның көмегімен зиянкестер пайдаланушылардың дербес ақпаратын, банк карталарының деректерін, жеке және ақылы аккаунттардың логиндері мен парольдерін иемденеді.