Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Асыра сілтеген полицейлердің ісімен «ANTIKOR» айналысып жатыр

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасының салдары Алматы облысын да айналып өтпеді. Бүлік кезінде аймақта 758 адам зардап шеккен болатын. Оның ішінде 643 полиция қызметкері, 78 әскери қызметші және 37 бейбіт тұрғын бар. Оқиға ортасында болған тәртіп сақшыларының көпшілігі жеңіл жарақат алған, деп жазады Egemen.kz.

Асыра сілтеген полицейлердің ісімен «ANTIKOR» айналысып жатыр

Алайда, өңірде бүлік салушыларды анықтап, жазалау мақсатында жүргізіліп жатқан құқықтық шаралар барысында асыра сілтеу орын алып, бейбіт шеруге қатысушыларды азаптау дерегі де тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, тәртіп сақшылары тарапынан азапталған адамдар қатары Талдықорған қаласында көбейіп келеді. Қазір қоғамның назарын аударып отырған Азамат Батырбаевтың жағдайы әлі мәз емес.

Қаңтардағы оқиға кезінде Талдықорған қаласындағы орталық алаңға шеруге шығып, сол маңдағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысқаны үшін тұтқынға алынған Азаматты полицейлер ұрып, соғып әбден қинаған болатын. Күдіктінің арқасына қызған үтік басып, азаптау дерегіне қатысты бүгінде қылмыстық іс қозғалған. Ол істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тергеушілері тексеріп жатыр.

Ал Батырбаевтың қорғаушысы Бауыржан Азанов жәбірленушінің тергеу үстінде өзін аяусыз азаптап, денесін үтікпен күйдірген тәртіп сақшыларын беттестіру кезінде танығанын айтады. Демек, Мемлекет Басшысының пәрменімен басталған әділдік пен қылмыстың ара-жігін заңға сәйкес анықтау жұмысы енді оң бағытқа ойысатыны сөзсіз.

Ел ішіндегі жағдайға келсек, қазір прокуратураның араласуымен 33 адам облыстағы тергеу және уақытша ұстау изоляторларынан босатылды. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 8 жасөспірім бар.

Жалпы, қаңтар оқиғасына қатысты Талдықорған өңірнде 88 адам қамауға алынған. Бүгінге дейін осы ұсталғандардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, алпыстан астам тұлғаға қатысты іс жеңілдетілген. Олардың деніне қоғамнан оқшаулау бабынан тыс түрлі бұлтартпау шаралары қолданылып отыр екен.

«Бұлтартпау шарасы жеке басын, жасын, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесін, әрекетке қатынасын және басқа да сипаттайтын мәліметтерді мұқият зерттегеннен кейін таңдалды. Іс-әрекеттерінде қылмысты ауырлататын мән-жайлар жоқ адамдарға жазаны жеңілдету бөлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында шаралар қабылдануда. Мұнда әрбір құқық бұзушыға жеке мән беріп отырмыз. Сипаты мен санатының ауырлығы бағаланды», дейді Алматы облысы прокурорының міндетін атқарушы Рашид Әміров.

Жалпы, Алматы облысында қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 409 қылмыстық іс тергелуде, оның ішінде 158 іс ұрлыққа қатысты, 191 іс қаруды заңсыз сақтауға орай, 11 іс терроризмге қатысты, 3 іс жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша және 3 іс кісі өлтіру бабына қатысты қозғалған.

Ал тергеу нәтижелері бойынша жазаны жеңілдету мақсатында 93 апелляциялық өтінішхат енгізіліп, сот тарапы прокурордың актілерін қанағаттандырыпты. Нтәижесінде 71 тұлға қамаудан босатылып, 22 адамға салынған айыппұл ескертуге ауыстырылды. Прокуратураның дерегіне сенсек, қазір облыс аумағында әкімшілік іс бойынша қамауда отырған адамдар жоқ екен.

Айтпақшы, ұсталғандарды азаптауға қатысты қозғалған қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жүргізіп жатқаны белгілі. Бүгінде дәл осы бап бойынша 37 қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне келіп түскен жәбірленушілердің өтініштерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан азаптауға ұшырағаны жайында айтылған. Яғни, олардың барлығында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасына қатысты ылмыстық істерді тергеу кезінде жәбірленушілерге қатысты қылмыс жасады деп тану мақсатында азаптаулар жасағаны баяндалған. Полиция және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты қорғаушылар, туыстары, ата-аналары және жәбірленушілердің өздері өтініш білдірді. Сонымен қатар, күн сайын қажетті тергеу әрекеттері жүргізілетін БАҚ мониторингі жасалуда. Қазіргі уақытта тергеудің жан - жақтылығын қамтамасыз ету үшін бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облысытық департаменті басшысының орынбасары Дулат Мадияров.