Президент • 11 Қаңтар, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі

2877 рет
көрсетілді
49 мин
оқу үшін

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Төраға!
Құрметті Мәжіліс депутаттары!

Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап бол­дық. Ел басына түскен осындай сы­нақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағ­дайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сон­дықтан еліміз душар болған ауыр қасі­реттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.

Өкінішке қарай, бүгінде халық ара­сында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспай­тын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себеп­тері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.

Бірақ бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.

Мұның қатарында Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы арандатушылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоғамымыздың тұ­тас­тығын жүйелі түрде, соның ішінде на­ра­зылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сце­нарийлерді қолдану арқылы шай­қалтып келген.

Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қаупісіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұ­мыс­тарға нақты баға бере алмады және бер­гісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төн­­ген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйым­­дастырушыларына тек себеп іздеу ғана қалды, ал ол себеп бәрібір табылар еді.

Халықтың газ бағасының өсуіне бай­ланысты наразылығы құрал ретінде пай­даланылды. Содан кейін оқиға спи­раль түрінде дамыды. Бірінші кезең­де бірнеше өңірде, атап айтқанда, Жаңаөзенде митингтер өтті. Екіншісінде қарақшылар мен басбұзарлар қосылды. Бұдан әрі «отты» кезеңге жетіп, қарулы лаңкестер, соның ішінде шетелдік содырлар іске араласты. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түпкі нәтижеде билікті басып алу.

Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқа­нымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездік пен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұялатып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды.

Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идео­­логиялық, жалған ақпараттандыру жә­не тағы басқалар. Билікті басып алуға да­йын­дық жұмыстарын кәсіпқойлар жүргізді.

Бұл халықаралық лаңкестік тарапынан елімізге қарсы жасалған қарулы агрессия болғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік шарты бо­йынша әріптестеріне бітімгершілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.

Мынаны түсіну керек: осындай ше­шім қабылдап жатқан кезде Алма­тыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағ­дайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айы­рылатын едік. Қаңтардың қаралы күндеріндегі оқиғалардың мәні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлімшелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.

Қазақстан – оның толыққанды құрыл­тайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мер­зімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету.

Лаңкестерге қарсы операцияны то­лығымен Қазақстанның күштік құры­лымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солар­дың жанкешті іс-әрекетінің ар­қасында төңкеріске жол берілген жоқ.

Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұ­рақ­ты­лығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырады. Біз біртұтас ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын бірге қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі және бұрынғыдан да көркейе түседі. Енді бұл менің тікелей міндетім және әрине, Үкіметтің жауапкершілігі.

Осы сәтті пайдалана отырып, терро­рис­тік агрессияның нысанына айналған қалалардың тұрғындарына көңіл айтқым келеді.

* * *

Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының террористік агрессияның бетін қайтарудағы ерлігін атап өткім келеді. Мысалы, Алматы қаласында полицияның шағын тобы полиция департаментін басып алмақ болған бандиттердің шабуылын екі түн қатарынан тойтарып отырды.

Қиын-қыстау кезеңде Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері де абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ.

Бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кетті.

Енді алғашқыда атқаратын жұмыстың бағытын айқындап бергім келеді. Бірінші. Антитеррорлық қимылдарды табыс­ты аяқтау қажет. Азаматтарымыздың қалаларда, елді мекендерде және ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тәртіпті толықтай қалпына келтіру керек.

Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Осыған байланыс­ты ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мә­лімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгершілік контингентін ке­зең-кезеңмен шығару басталады. Кон­тин­гентті шығару процесі 10 күннен аспайды.

Екінші. Содырлар мен олардың бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыстарға қатысы бар сыбайластарын түгел тауып, жазалау керек. Лаңкестік шабуылдардың артында кім тұрғанын тыңғылықты анықтау өте маңызды.

Тағы бір өзекті мәселе – содырлардың жасырын «ұяшықтары» мен олардың командалық пунктінің қызметі не себепті мемлекеттің назарынан тыс қалды? Неліктен еліміздің аумағында осыншама заңсыз қару мен арнайы құралдар бар болып шықты? Терроризм нысандарын анықтау мен бейтараптандыру бойынша агентура жұмысы неліктен жүргізілмеді? Арнаулы жедел тергеу тобы өз жұмысын са­палы әрі толық көлемде атқарып, тра­гед­ияның барлық себебі мен мән-жайын ашуы керек.

Үшінші. Қаза болған тәртіп сақ­шы­ларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз.

Төртінші. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.

Бесінші. Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз.

Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.    

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсатқа – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғауға жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Мұны мемлекетіміздің негізгі мүдделері талап етеді. Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет.

Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға шұғыл кірісуі қажет.

Екінші. Ұлттық ұланды сан мен сапа тұрғысынан нығайту. Өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін жасақтап, бар бөлімшелерді күшейту, көліктік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет.

Ішкі істер министрлігінің арнаулы мақсаттағы құрылымдарының және Ұлттық ұланның санын ұлғайтып, әскери дайындығын күшейту керек. Қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қосымша жарақтандыру қажет. Бүкіл күш­тік құрылымдардағы арнаулы бөлім­шелер қызметкерлерінің жалақысы көтерілсін.

Үшінші. Полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру. Билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет.

Төртінші. Әскердің жауынгерлік қабілетін арттыру. Қысқа мерзімде Ар­наулы операция күштері қол­бас­шылығын құру.

Бесінші. Шекара қызметінің ұйым­дастыру және басқару принциптерін қайта қарау керек. Мемлекеттік шекараны әскери қорғаудан жедел жұмыс әдістеріне баса назар аудартқан реформаларға ревизия жүргізу.

Алтыншы. Сыртқы, әскери, қыл­мыс­тық және қаржылық барлауды қоса ал­ған­да, барлау қызметін толықтай құру қажет.

Жетінші. Түрлі күш құрылымдары арасын­дағы тиімді үйлестіруді қамта­масыз ету керек. Дағдарыс жағдайын­дағы мемлекеттік органдардың іс-қимыл­дарының алгоритмдері өзектендіріліп, ведомствоаралық үйлестіру күшейтілуі қажет. Барлық күш құрылымдарының жедел және әскери-техникалық сәйкестілігін жолға қою керек.

Сегізінші. Қарулы Күштердің өздігінен шешім қабылдай алуын қамтамасыз ету, басшыларының жауапкершілігін күшейту қажет.

Тоғызыншы. Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру. Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек. Таяуда Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткіземіз. Ол жерде жоғарыда айтылған жайттар ортаға салынып, шешу жолдары қаралады.

Қайғылы жағдай негізінен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі жағдай мен азаматтардың қажеттіліктерінен ай­тар­лықтай алшақтауы байқалды. Билік құры­лымдарының өкілдері халықтың өмі­ріне, олардың ұмтылыстары мен қажет­ті­л­іктеріне қатысты қате көзқарас қалып­тасты.

Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ.

Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр.

Елде құрылған әлеуметтік-экономи­калық жүйе жалпы ұлттық табысты арттыруда өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ оны бөлісуде тиімсіз екені аңғарылды. Мұны бәріңіз жақсы түсініп отырсыздар.

Экономикалық өсуден негізінен қар­жылық және олигархиялық топтар пайда тауып отырды. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті.

Ең алдымен, еліміздің жаңа эконо­микалық тұғырын қалыптастыруды мық­тап қолға алу қажет. Экономикалық саяса­тымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту.

Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдын­дағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіп­керлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер.

Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет.

Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көптеген әділ сұрақтар туындап жатыр. Қа­лыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бо­йынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тұншықтырып, реформаны тоқтататын ерекше артықшылықтарға ие.

Мысалы, Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді.

Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз болып отыр. Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы қажет. Өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.

Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс. Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын.

Келесі мәселе. Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз.

Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агент­тігімен, сондай-ақ Энергетика министр­лігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыс­тарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады.

Келесі мәселе – «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі. Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тіке­лей әсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақ­газ және Қазақстан темір жолы сияқты ин­фрақұрылымдық компаниялары эконо­микамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды.

Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.

Қордың сатып алуларының ашық­тығына қатысты мәселелер бар. Шағымдар жиі түседі. Осы мәселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Әсіресе, мем­лекеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулар тәртібін қайта қарастыру міндеті алда тұр.

Былтыр реттелетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда мәселелердің көбі бұрынғыдай заңға тәуелді актілер мен Қордың өз шешімі деңгейінде шешілуде. «Самұрық-Қазына» ережелері мен рәсімдерін Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігімен келісуді қамтамасыз ету керек.

Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет. Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мем­лекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын артты­рып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүм­кін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсі­бінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға кел­мейді.

Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыс­тан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты. Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуына мүдделі ме? Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс.

Шикізат қорын, құзыреттері мен эко­номикалық тиімділікті ескере отырып, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақ­ты жобаларды әзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құра­мының алдында тұрған басты міндет­тердің бірі.

Келесі. Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизация­лау, автомобильдік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен кон­структивті түрде талқылау керек.

Отандық автокөлік пен ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алушыларға утиль­дік алым есебінен ваучер беру мәсе­лесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар.

Біздің қоғамды, әсіресе елорда тұрғын­дарын тітіркендіретін демесек, қатты алаң­дататын тағы бір мәселе – ЛРТ құры­лысы. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Орасан зор қаражат жұмсалды, қарыз алынды. Шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қа­былданды. Бұл жоба әу бастан қателік еді, оны мойындау керек. Оған қоса, бұл жобадан күшті жемқорлықтың иісі шы­ғады.

Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет. Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Бізде отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны пай­даланудың ықтимал нұсқаларын анық­таудан басқа таңдау жоқ.

Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс.

Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз.

Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік
тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджет кірістерінің қосымша көздері қажет. Шикізат баға­сының жоғары болуына байланысты тау-кен өнеркәсібі саласындағы кәсіп­орындардың кірісі өсті. Мұны білеміз.

Үкіметке бюджетке қосымша кірістер мәселесін пысықтауды тапсырамын. Есесіне жаңа кен орындарын барлау мен игеруге ауқымды жеңілдіктер беруге болады. Мен ірі тау-кен және басқа компаниялар туралы айтып отырмын.

Қолайлы нарық жағдайында бензин өндірушілер мен әртүрлі делдалдар қосымша пайда алады. Осы маржаның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын. Үкімет тиісті есептеулер жүргізуі керек. Бұл ретте бағаның өсуіне жол бермеу қажет.

Бюджет кірістерін арттырудың айтарлықтай әлеуеті кеденде тәртіп орнатумен байланысты. Әсіресе Қытаймен шекарада.

Онда болып жатқан нағыз былықтар бәріне мәлім. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қы­тайдың кеден органдарымен салыстыр­малы статистикадағы сәйкессіздік мил­лиардтаған долларға жетеді. Қол сұғыл­майтын мәртебесі бар «уәкілетті операторлар» бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып отыр. Бұлай болмайды.

Бас прокуратураға Қаржы министр­лігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да мүдделі органдармен ке­шенді тексеру жүргізіп, кедендік ше­карадағы тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бюджет кірістері туралы айтқанда, шы­ғыстардың жекелеген баптарына тоқ­тал­мауға болмайды.

Үкімет мүшелері мен депутаттардың, әкімдердің еңбекақыларына тоқталайын. Өткен жылдың соңында бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Негізі аталған са­наттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан Үкімет мүшелерінің, өңірлер әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауға болады деп есептеймін.

Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіз­дер бұл жаңалықты түсіністікпен қа­был­­­­­дайсыздар деп ойлаймын. Әкімші­лік мем­­­лекеттік қызметшілер мен бюд­жет­­­те­­­гілердің еңбекақысын бюджет мүм­кін­дік­те­рінің өсуіне қарай арттыруды жалғас­тырамыз.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көле­мінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін.

Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын.

Валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпейінше тұрақты эконо­микалық өсім мүмкін емес. Орын алған оқи­ғалар, төтенше жағдай режімі салдарынан ұлттық валютаға айтарлықтай алаяқтық қысым тәуекелі туындады. Ұлт­тық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне нарықтың сыртқы және ішкі қатысушылары тарапынан теңгеге сенім толықтай қайта қалпына келгенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ әрдайым бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Бірнеше жыл бойы жоғары инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін тө­мен­детеді. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны және халықтың инфля­циялық күтуін тұрақтандыру керек.

Инфляцияны төмендету бойынша жос­парлы жұмыс жүргізілуге тиіс. Мақсатты дәлізі – 2025 жылға қарай 3-4 пайыз. Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірлеуі қажет. Ол импортқа тәуелділікті, артық делдалдықты төмендету және ақша-несие саясаты құралдары бойынша іс-шараларды қамтуы керек.

Қазақстанда тікелей шетел инвестиция­сын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Біз қолайлы инвестициялық ахуалдың сақталғанына мүдделіміз. Мемлекет ішкі және шетелдік инвесторлардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдайтындығына сендіргім келеді. Инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемесі мен кепілі толық көлемде орындалатын болады. Дәл осы кезеңде жаһандық энер­ге­тикалық және технологиялық өту – ESG талаптарының күшеюі жағдай­ында елдің тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжы­рымдамасы қажет.

Келесі мәселеге жекелей назар аудар­ғым келеді. Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты жекелеген қар­жылық-өнеркәсіптік топтардың капиталды шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау жолымен жылыстату тәуекелі артып тұр. Біз қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың есепшоттарындағы қозғалысты байқадық. Сондықтан Ұлттық банкке Қаржылық мониторинг және қар­жы нарығын реттеу агенттігімен бірле­сіп, нақты бақылауды қамтамасыз етуді, барлық транзакциялар мен елден қара­жатты негізсіз шығарған тұлғаларды тек­серуді және бақылауға алуды тапсырамын.

Сөзімнің экономикалық блогын түйін­дей келе, бүгін біз жаңа Премьер-Ми­нистрді тағайындағанымызды, оған бір­қатар нақты тапсырма жүктелгенін атап өткім келеді.

Премьер-Министрге үш аптаның ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Оны ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында қараймыз.

Дүние жүзінде коронавирустың жаңа толқыны басталды. Қазақстанда науқастардың күрт өсуі байқалады. Күніне 2 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Пандемия басталғалы бері вирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан астам адамды құрады. Сондықтан босаңсымай, коронавируспен күресті жалғастыру маңызды. Бұл да жаңа Үкіметтің басты міндеті болуы керек.

Енді өңіраралық теңгерімсіздіктер туралы. Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағаны баршаға аян. Теңсіздік әлеуметтік жайсыздық пен миграциялық көңіл күйге жол ашады. Соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік өңірлерде халықты еңбекпен қамтудың өзекті мәселелерін көрсетті. Бұл өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан жүйелі индустрияландыру, шағын және орта бизнеске көмек көрсету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болмақ.

Дамудың мәдени-ағартушылық құрамдас бөлігін де ұмытпау керек. Білімді азаматтардың еліміздің түкпір-түкпірінде бәсекеге қабілеті артып, табысқа жетуге және лайықты өмір сүруге мүмкіндіктері молаяды. Үкіметке аталған өңірлер үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және басқа бағдарламалар аясында жекелеген бағыттар әзірлеуді тапсырамын.

Әрі қарай. Жасыратыны жоқ, көбіне кей өңірді қолдау деңгейі тұрғындардың нақты сұранысына емес, нақты бір әкімнің «салмағына» байланысты. Бұл дамудағы теңгерімсіздікке және азаматтардың нара­зы­лығына әкеледі. Олардың көп­шілігі, әсі­ресе шикізаттық өңірлердің тұр­ғын­дары бюджеттік ресурстарды бөлуде өз об­лыс­тарына көбірек назар аударыл­ғанын қалайды.

Бұл өңірлер бюджеттің доноры бола тұра, әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген параметрі бойынша артта қалып келеді. Сондықтан тәсілдерді біртіндеп өзгерту керек. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалаудың уақыты жетті. Үкіметке заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеуді тапсырамын.

Мемлекеттік басқару саласы кешенді реформалауды қажет етеді. Кадрлық әлеуеттің төмендігін, формализмді, жем­қорлықты және кадр тұрақтамауын мо­йын­дау керек. Сондықтан халықтың мем­ле­кеттік билік институттарына сенімі төмен.

Мемлекеттік қызметке алу талабын же­тілдіру, артық талаптар мен кедергілерді жою керек. Жұмысқа қабылдау мен жоғарылатудың нақты принципі «меритократия» болуы керек. Мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандық үшін ашық болғаны жөн.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кету процесін де жеңілдету керек. Кейбір шенеуніктер кабинетінде жылдар бойы тапжылмай отырады. Олар жас әрі перспективалы мамандардың өсуіне жол бермейді, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетеді. Ондай шенеуніктермен оңай қоштасу керек. Дегенмен мемлекеттік басқару аппаратына келсек, шенеуніктің институционалдық жады да маңызды мәнге ие. Барлық шенеунікті бірден жас­тармен ауыстыра салуға болмайды. Бұл жерде мейлінше қисынды қадам қажет.

Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сараланған көзқарас болуы керек. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетіктерді әзірлеп, енгізуді тапсырамын.

Мен «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына бастама жасадым. Бұл – келешегі зор жастар үшін әлеуметтік лифт. Сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастырудың, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізудің тетігі. Бұл тәжірибе жалғасын табады.

Менің тапсырмама сәйкес өткен жылы мемлекеттік аппараттың көлемі 15 пайызға қысқартылды. Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғалтқышы және орындаушысы, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді, «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын жүзеге асыруды қамта­масыз етеді. Мемлекеттік аппаратсыз мем­лекеттің өзі табысты өмір сүре алмайды.

Қазіргі кезеңде мемлекеттік қыз­мет­керлердің санын оңтайлы деп санаған жөн. Жаңа Үкіметті тағайындауға қатысты барлық ұйымдастырушылық шешім қабылданғаннан кейін бұл санды орта мерзімді кезеңге бекіту қажет. Содан кейін байқаймыз. Мемлекеттік функциялардан бірте-бірте арылсақ, оларды бәсекелес ортаға көшірсек, демек мемлекеттік аппараттың көлемі де бірте-бірте азаяды.

Шенеуніктердің азаматтармен диа­логының тиімділігі төмен екендігін айтып өткен жөн. Мемлекеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті кейде қорқатын секілді. Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуға тиіс. Ал өңір әкімдері әрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керек.

Тағы бір мәселе – бюрократияның етек жаюы.

Ол азаматтардың санасында мем­ле­кеттік аппарат туралы баяу жұмыс істей­тін немқұрайды машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек.

Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нәтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үдерістің бәрі жойылуы керек.

Бүгінде мемлекеттік органдар тапсыр­малардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағ­дарланған. Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар әзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін ресми және қағазбен дәлелдеуді қажет етпейді деп тану керек. Олай болмаса, цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз? Цифрландыру сәнді ойыншық емес қой. Ол мемлекеттік аппарат функциясын орындау тұрғысынан пайдалы болуы қажет. Жиындардың көбін онлайн форматта өткізу керек. Мемлекеттік аппаратты бюрократсыздандырудың осы және өзге де шаралары жеке Жарлықта көрініс табатын болады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің функционалдарында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және бюрократсыздандыру шараларын іске асыру мен мониторингтеудің нақты функцияларын қарастыру қажет.

Азаматтардың әл-ауқаты және әлеу­меттік көңіл күйі мемлекеттің басты назар­ында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді термин­дерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр.

Бұл әлеуметтік-еңбек саласын са­палы жа­ңартуды қажет етеді. Осы мақ­сатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Ха­лықтың табысын арттыру бағ­дар­ла­ма­сын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әр­бір азаматқа бағдарланған болуы керек. Бас­қарудың әр деңгейінде кедейлікті тө­мен­детудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет.

Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Үкіметке Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.

Осы құжат аясында әлеуметтік саясатты пандемия тәуекелдері мен қор­да­ланған проблемаларды ескере отырып бейімдеуіміз керек. Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі эле­ментіне айналуға тиіс.

Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін.

Үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есеге – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі.

Келесі. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақ­сы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұ­ғалім – мектептің жүрегі».

Сондықтан мен мұғалімдер тапшы­лығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Жоғары білімнің қолжетімділігі де – көкейкесті мәселе. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО-ның бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр.

2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда, екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн.

Жалпы, бәрімізге білім туралы көз­қарасымызды өзгерту қажет. Гумани­тарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет.

Келесі. Әлеуметтік әділдік те маңызды мәселенің бірі болып қала береді. Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Бізде Ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан хал­қына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешумен айналысады.

Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматының сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана.

Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкімет­тің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстан­дықтардың қоры, халықтық қор. Ол Әкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейді. Беделді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады.

Қор жеке және мемлекеттік көздерден қаржыландырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бәс тігу орталығынан және басқа монополистерден міндетті жарналар түседі.

Әлбетте, біз Қорға ірі бизнес тарапынан қомақты әрі тұрақты, атап айтамын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз.

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар мен тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да бай адамдар тобы пайда болды. Енді Қазақстан халқына тиесіліні беретін және оған жүйелі әрі тұрақты негізде көмектесетін уақыт жетті деп есеп­теймін. Сондықтан Үкіметке компаниялар қатарын анықтау және олармен Қорға бөлінетін жыл сайынғы жарна көлемін келісу қажет болады. Сонымен қатар іс жүзінде орасан қаражатқа ие бола отырып, көлеңкеде қалып келе жатқан тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін.

Қор қоғамды ұйыстырудың тағы бір құралы болатынына, азаматтарда әлеу­меттік әділдік сезімін нығайтатынына сенімдімін.

Өткен оқиғалар қоғамымыздағы өткір мәселелердің бетін жалаңаштады. Қала­ларымызға, туғандарымыз бен жақын­дарымызға жасалған шабуыл мем­лекетіміздің ең басты құндылықтарының – бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты нәзік екенін көрсетті.

Біз мемлекет пен азаматтар, бұл бір­тұтас екенін айқын түсінуге тиіспіз.

Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар.

Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады.

Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды.

Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия.

Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы.

Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек.

Біз – мықты халықпыз.

Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік.

Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз.

Жалпы, мемлекет пен қоғамның ара­сындағы өзара қарым-қатынасты трансформациялау қажеттілігі пісіп жетілді.

Қоғамдық шарттың жаңа форматы керек.

Қазақстан саяси жаңғыру бағытын жалғастырады. Бұл менің қағидатты ұстанымым.

Саяси салада аз шаруа істелген жоқ. Менің тарапымнан саяси реформалардың төрт пакеті ұсынылды, соларды жүзеге асыру аясында 10-нан астам заң қабылданды. Бұл орайда мен өте жедел әрі сапалы жұмыстары үшін Сенат пен Мәжіліс депутаттарына аса ризамын.

Митингтер туралы шын мәнісінде жаңа заңнама іске қосылды.

Партия құру үшін тіркеу кедергілері мен олардың Парламентке өту межесі төмендетілді.

Әйелдер мен жастардың Мәжіліс пен мәслихаттарда өкілдік ету аясы кеңейді.

Парламенттік оппозиция институты енгізілді, сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» деген баған пайда болды.

Ел тарихында тұңғыш рет ауыл әкім­дерін тікелей сайлау өтті.

Адам құқығын қорғау саласында сал­мақты ілгерілеулер болды. Атап айт­қанда, Қылмыстық кодекстің 130 және 174-баптары декриминалдандырылды
жә­не ізгілендірілді.

Еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылды.

Құқық қорғау саласын кешенді жаң­ғыртуға бағытталған «Қазақстан Респуб­ликасының адам құқықтары саласын­дағы әрі қарайғы шаралары туралы» Жарлыққа қол қойылды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл институты жүйелі нығайтыла бас­тады. Өлім жазасы толығымен алынып тасталды.

Қыркүйектегі кезекті Жолдауымда азаматтық қоғаммен және сарапшылармен кең ауқымды және сындарлы диалог негізінде әзірленетін саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынамын.

Мемлекет те өзінің базалық функ­цияларының толыққанды және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Мемлекет заңдылықтың сақталуына және құқықтық тәртіпке, азаматтардың қауіпсіздігі мен меншік құқықтарының қорғалуына кепілдік беріп, әлеуметтік игілікті және сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Өз кезегінде бизнес пен азаматтар қо­ғамдық мінез-құлық нормалары мен заңнамаларының сақталуына, салықтар­дың әділ төленуіне және еңбек қатынас­тарындағы ашықтыққа жауапты. Осыған байланысты кезең-кезеңді өзгерістер бағдарламасын әзірлеу керек.

Үкіметке жауапты сарапшылық қоғамдастықпен және азаматтық қоғаммен бірлесе отырып тиісті ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырамын.

Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір отырысында қаралатын болады.

Құрметті отандастар,

құрметті депутаттар!

Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде азаматтарымыздың басым көпшілігі патриоттық танытты, экстремистермен күресте бірлігін көрсетті. Халықтың ауызбірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қоғамды ұйыстыру және елімізді ілгерілету үшін қуатты іргетас болып саналады.

Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз.

Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!

Қадірлі отандастар!

Қиын күндер артта қалды.

Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін!

Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.

Ең бастысы, береке-бірлікті, ты­ныш­тық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. 

Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады.

Бұл шынайы жаңару кезеңі болады.

Егемен елімізді бірге өркендетейік!

Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат.

Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!