Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2021

2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндірісі артады - Мағзұм Мырзағалиев

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында 2030 жылға дейін еліміздегі мұнай өндірісінің жайы қандай болатынына болжам айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндірісі артады - Мағзұм Мырзағалиев

Министрдің айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна, экспорт 67,6 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде.

«Жоспарға сәйкес елімізде мұнай өндіру көлемі артып, 2030 жылға қарай 104,2 млн тоннаға жетеді», деді Энергетика министрі.

Ол мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу бірқатар жобалар есебінен қамтамасыз етілетінін айтты. Бұл - ТШО-дағы болашақ кеңейту жобасы, соның арқасында мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға ұлғайтылады (қолданыстағы өндіру 28 млн тонна); Қарашығанақ кен орнының өндіру сөресін қолдау жобасы, соның арқасында мұнай өндіру жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталады (қолданыстағы өндіру 11,6 млн тонна). Сондай-ақ, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарының құрылысы 3 млрд м3 тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді жылына 16-дан 20 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Каспийдегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыс басталды, олар 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте министр биылғы мұнай өңдеу көлемінің нәтижелерімен бөлісті.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 17,1 млн тонна, мұнай өнімдерін өндіру 13,1 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен бензин өндірісі - 4,7 млн тонна, дизель отыны - 4,8 млн тонна, мазут - 2,4 млн тонна, битум - 933 мың тонна және авиакеросин - 600 мың тонна көлемінде болжанып отыр», деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ведомство басшысы осы жылдың тамыз айынан қазан айына дейін жанар-жағармай материалдары нарығында дизель отынының тапшылығы туындағанын еске салды. Осыған байланысты ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды, ол 2022 жылғы 21 мамырға дейін қолданыста болады; АМӨЗ-ге жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылды; жөндеуді ПМХЗ-ға 20201 жылғы қыркүйектен қарашаға ауыстырады; РФ МӨЗ-нен 281 мың тонна көлемінде дизель отыны импорты жүзеге асырылды.

«Жедел қабылданған шаралардың арқасында дизель отыны нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді», деп қосты Мағзұм Мырзағалиев.