Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік күні туған сәбилерге baby-бокстар сыйға тартылды

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда 16-17 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күндері дүниеге келген 2 мыңнан астам сәбиге baby-бокстар сыйға тартылды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Тәуелсіздік күні туған сәбилерге baby-бокстар сыйға тартылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай берілген «Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», деп жазылған Президенттің құттықтауында.

16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолдады.

«Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.