Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, ӘҚБтК-нің 204-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілік сауда үшін арнайы орындар анықталған кезде ғана туындауы тиіс.
«Оларды облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер анықтайды («Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңның 27, 31-баптары). Алайда, көптеген өңірлерде мұндай орындар болған жоқ, бірақ адамдарға 12-ден 27 мың теңгеге дейін айыппұл салынды», деді Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.
Мысалы, Жезқазғанда сауда орындары анықталған жоқ, осыған қарамастан кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды. Прокуратура шаралары бойынша 38 іс тоқтатылды, қалада сауда орындары анықталды.
«Осыған ұқсас, еліміздің басқа өңірінде – Ақмола облысының Зеренді ауданында прокурордың актісі бойынша сауда орындары анықталды. Нәтижесінде, 26 заңсыз қаулының күші жойылды», деп түсіндірді Болат Дембаев.
Жалпы, прокуратура шаралары бойынша 14 мыңнан астам заңсыз әкімшілік іс тоқтатылды. Әкімдіктердің шешімдерімен еліміздің барлық өңірлерінде 4 126 сауда орны анықталды.
Жіберілген бұзушылықтар үшін 113 тұлға (87 полиция қызметкері және әкімдіктердің 26 қызметкері) тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бас прокуратураның бастамасымен сауда және интеграция министрлігі бұл мәселені бақылауға алды.