Экономика • 18 Қараша, 2021

Азық-түлік бағасы төмендеді

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев Сенаттың жалпы отырысында елімізде азық-түлік инфляциясы сәл төмендегенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азық-түлік бағасы төмендеді

«Азық-түлік бағасының өсуі негізгі проинфляциялық фактор болды. Ол жалпы инфляциядағы үлестің жартысын иеленеді. Азық-түлік инфляциясы уақытша және барынша орнықты факторлардың әсерінен соңғы 5 айда алғашқы рет баяулап биылғы қазанда 11,5-тен 11,3%-ға дейін төмендеді. Биылғы шілде-тамызда ұзақ сақталатын көкөністер бағасының соңғы жылдардағы рекордтық өсуі тіркелді», деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк дерегінше, ет, өсімдік майы және қант бағасының өсуі инфляцияны жеделдетудің тұрақты факторы болып қалуда.

Мұны өсім деңгейі бойынша әлемдік трендтермен салыстыруға болады. ФАО деректеріне сәйкес, бір жылда еттің әлемдік бағасы орта есеппен - 22,1, өсімдік майының бағасы – 73,6, қанттың бағасы – 40,6%-ға өсті.

«Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын инфляция, бірінші кезекте, тұтынушылық белсенділіктің қалпына келуі аясында жанар-жағар май және ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының өсуі нәтижесінде жылдамдады. Ақылы қызметтер инфляциясы негізінен электр энергиясы, тұрғын үйді жалдау және көлік қызметтері бағасының өсуі есебінен жылдамдады», деді ол.