Қоғам • 15 Қараша, 2021

22-26 қарашада Қазақстанның Х мерейтойлық Азаматтық форумы өтеді

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 22-26 қараша аралығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» атты Х Азаматтық форум өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

22-26 қарашада Қазақстанның Х мерейтойлық Азаматтық форумы өтеді

Форум қоғамды дамыту және демократиялық үдерістер, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру және оларға қол жеткізудегі социумның, мемлекет пен бизнестің негізгі міндеттеріне арналған.

Форум қарсаңында және апта бойы министрлердің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері, әкімдердің өңірлердегі ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері, шағын гранттар жобаларының таныстырылымы, сондай-ақ «ҮЕҰ сыйлығы» мен «Таңдау» сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсімі ұйымдастырылады.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде азаматтық сектор қызықты трансформациядан өтті. Тәуелсіздіктің маңызды жетістіктерінің бірі үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби, белсенді және тәуелсіз қоғамдастығы болып табылады. Сондықтан қазіргі X Азаматтық форум Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылып отыр. Биылғы форумда еліміздің түкпір-түкпірінен өте жігерлі және белсенді қатысушылар бас қосады. Қатысушылар қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіруден бастап, әлеуметтік саланың, цифрландырудың, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінің өзекті мәселелерін шешуге дейінгі ондаған күрделі мәселелерді талқылайды. Тәуелсіздік жылдарында үкіметтік емес секторға еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналуға мүмкіндік берген маңызды стратегиялық құжаттар, заңнамалық база қабылданды. Заңнаманың үздік әлемдік тәжірибелерін тарату, стратегиялық құжаттардың сәтті жүзеге асырылуы ҮЕҰ-ның сандық және сапалық өсуін қамтамасыз етті», деп атап өтті ҚР АҚДМ азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет. 

Соңғы 30 жылда үкіметтік емес ұйымдар желісі 100 ҮЕҰ-дан 22 мыңға дейін өсті. Мемлекеттік әлеуметтік әріптестік тетіктері арқылы мемлекеттік инвестициялар, гранттар мен сыйақылар көлемі ҮЕҰ жұмысын қолдауға жалпы алғанда 140 млрд теңгеден астам соманы құрады.