Қоғам • 28 Қазан, 2021

Мұқтаждың мұңын бөліскен мейірімді мамандық

721 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарияларға қолұшын созып, ерекше күтімді қажет ететін ересектер мен балалардың, табысы төмен тұрғындардың қамқоршысына айналған жанашыр жандар бар арамызда. Отандастарымыз осындай мейірім мен жан жылуын әуелі әлеуметтік қызметкерлердің бойынан көріп келеді. Мұқтаждың мұңын бөліскен мұндай мамандық иелерінің саны Қазақстанда қазір 12 мыңнан асады. Оның 10 мыңы медициналық-әлеуметтік мекемелерде еңбек етеді.

Мұқтаждың мұңын бөліскен мейірімді мамандық

Еліміз егемендік алған жылдардан бері әлеуметтің әлеуеті назардан тыс қалған жоқ. Өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға мемлекет қашанда қолұшын созуға даяр.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік не­гізі» атты Қазақстан халқына Жол­­дауын­­да «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі», деп ашық айтқан болатын. Алайда Президент қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып бара жатқанын да алға тартады. Әсіресе, әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтардың қатары көбейді. «Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Соған қарамастан «қанатымен су сепкен қарлығаштай» әлеуметтік қыз­мет­керлердің еселі еңбегі де ескерусіз қал­майтыны анық. Соның жарқын дә­лелі ретінде елімізде қазан айының соң­ғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жү­йесі қызметкерлерінің күні атап өті­ле­ді. Әйтсе де еліміздегі әлеуметтік қыз­­меткерлердің мәртебесі әлі де ай­қын­­далған жоқ. Бұл ретте, елімізде мүм­кін­­дігі шектеулі жандардың құқығын қам­­тамасыз ету және өмір сүру сапасын жақ­сарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асы­ру аясында 2025 жылға дейін әлеу­мет­тік қызметкерлердің мәртебесі мен әлеуе­тін арттыру белгіленетін болады. Ал биыл әлеуметтік қызметкерлердің жал­ақысы 50%-ға артып, осы мақсатта мем­­лекеттік бюджеттен алдағы үш жыл­ға 95 млрд теңгеге жуық қаражат қарас­ты­рылды.

Жалақы стационарлық (қарттар мен мү­гедектерге арналған үйлер) және жар­­тылай стационарлық үлгідегі ме­ди­­­циналық-әлеуметтік мекеме­лерде (күн­­діз болу бөлімшелері, оңалту орта­лық­­тары), уақытша болу мекеме­ле­рін­де (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам­дар­ға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына арналған оңалту орта­лық­­та­ры) қызмет ететін негізгі персонал (әлеу­мет­тік қызметкерлер) мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көр­се­­тетін әлеу­меттік қызметкерлерге қа­тысты болды. Соның нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.

Әлеуметтік қызметкерлердің мәрте­бесі әуелі заң аясында айқын­дала­тыны анық. Бұл ретте, елімізде «Қазақстан Рес­­пуб­ликасындағы әлеу­мет­тік қыз­мет­кер­дің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айта кеткен жөн. Аталған заң жобасына сәйкес біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптардың артуын ескере отырып, еңбекақы мөлшерін арттыру, аттестаттау және тіркеу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің есебін құ­ру және кадрларды даярлау, олардың үздік­сіз кәсіби даму жүйесін жетілдіру жөнін­де ұсыныстар жасалып жатыр.

Бұл ретте, ең алдымен, сертификаттау және үздіксіз білім беру жүйесі арқылы әлеу­м­еттік қызметкерлердің кәсіби дағ­дыларын арттыру қажет. Бүгінде елі­міз­дегі әлеуметтік қызметкерлердің 27%-ында арнаулы орта, 22%-ында ар­­н­ау­лы білімі жоқ. Соған байланыс­ты әлеу­меттік қызметкерлердің қызмет ая­­сын кеңейтіп, кәсіби стандарттар­ды арттыру керек болып отыр. Соны­мен қатар осы заң жобасына сәйкес еңбекақы психоэмоционалдық жүктеме үшін төленетін төлемдерді қоса алға­н­да, біліктілік деңгейіне және нор­ма­тивтік жүктемеге сәйкес төлеу жос­пар­ланған. Сондай-ақ бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­лігі әлеу­мет­тік жұмыс саласын­да ха­лық­ара­лық ын­ты­­мақтастық жұмыс­та­рын жүйелі жүр­гі­зіп келеді.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ кеңсесінің өкілі Артур ван Дизеннің айтуынша, 2020 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ ара­сын­дағы ынтымақтастық шеңберінде ме­дициналық-әлеуметтік мекемелер мен жұмыспен қамту орталықтарының 11 мың маманы кәсіби және жеке құзы­рет­терінің деңгейін және оқуға деген қа­жеттіліктерін анықтау үшін тест тапсырды. Тестілеу нәтижелері әлеу­меттік қызметкерлердің 91%-ы өту балын, ал 50%-ы орташа және орта­дан жоғары балл алғанын көрсетті. Қазақстандағы ЮНИСЕФ кеңсесінің өкілі сонымен қатар, кейінгі екі жыл ішінде Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігімен бірлесе отырып, әлеуметтік қорғау сек­торының 2 мыңға жуық қызметкері білік­тілікті арттыру курс­тарынан өткенін жеткізді. Білік­ті­лікті арттыру курстары биыл да жал­ғасып жатыр. «Нақты деректер ведомс­тв­оаралық ынтымақтастыққа, жеке жос­парларды әзірлеуге және қауіп-қа­тер деңгейіне сәйкес және баланың мүдделерін ескере отырып, қолдауды ұйымдастыруға ерекше назар аудара отырып, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби және тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын нығайтуды жалғастыру қажеттілігін көрсетеді», дейді Артур ван Дизен.

Әрине, әлеуметтік қызметкердің әлеу­етін арттыру мәселесі «Қазақстан Рес­публикасындағы әлеуметтік қызмет­кер­дің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасымен шектелмейтіні анық. Сонымен қатар, алдағы уақытта елі­міз­де Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаң­ғыртудың 2025 жылға дейінгі жол кар­тасы, әлеуметтік қызметкерлерге үздіксіз білім берудің тұжырымдамалық тәсілдері, отбасы жағдайын анықтау әдіс­темесі сынды бірқатар маңызды құжат­тар қа­былданбақ.

Бүгінде ел аумағында республикалық деңгейде 33, ал жергілікті деңгейде 10-нан астам әлеуметтік көмек түрі көр­сетіледі. Табысы аз азаматтарды әлеу­меттік қолдау төлемдері, жәрдем­ақы­лар, азық-түлік және тұрмыс­тық жиынтықтар, жұмыспен қамту сынды көмек жасалады. 2020 жылғы мәлі­мет бойынша, кейінгі 3 жылда осы мақ­сат­тар­ға арналған бюджет шамамен 1,8 есеге, 551-ден 964 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыру 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,5 есеге – 33,2-ден 118 млрд теңгеге дейін, он жылда – 42 еседен астам өсті (2010 жылы – 2,8 млрд теңге).