Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2021

АҚШ елшісі: Қазақстандықтарға рахмет!

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзінің дипломатиялық миссиясын аяқтаған АҚШ елшісі Уильям Мозер Қазақстанды сағынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

АҚШ елшісі: Қазақстандықтарға рахмет!

«Сіздердің көпшілігіңіз білетіндей, мен Қазақстанда 90-шы жылдары жұмыс істегенмін. Мен осында оралып, Қазақстанның жылдар бойы қаншалықты дамығанын жеке өзім көргеніме мақтанамын. Мен үшін Қазақстан тәуелсіздігінің және елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығында осында болу үлкен мәртебе», деді Уильям Мозер Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.

Дипломат осы жылдар ішінде АҚШ пен Қазақстанның серіктестігі жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

«Ашық аспан шарты, 10 жылдық визалар - бұл біздің сәтті ынтымақтастығымыздың бірнеше мысалы», деп қосты ол.

Уильям Мозер пандемия салдарынан көп жерлерді аралай алмағанына өкінетінін мәлімдеді.

«Пандемияға дейін мен ел бойынша саяхаттап үлгердім. Мен бұл үшін өте ризамын. Әрине, Пандемия жалғасуда. Сондықтан мен барлығын мүмкіндігінше вакцинациялауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. Бұл қалыпты өмірге қайта оралудың және елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтуды жалғастырудың жалғыз жолы. Мені жылы қабылдаған қазақстандықтарға да рахмет. Біз Қазақстанды сағынатын боламыз», деді ол.