Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2021

Энергетика саласында 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы жобаларын талқылау кезінде Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отын энергетикасы саласындағы жобалар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика саласында 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

«Индустрияландыру картасын іске асыру барысында министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, отын-энергетика кешені саласында 4,5 трлн теңге құрайтын 19 жобаны іске асыруда. Республикалық картада 4,3 трлн теңге сомасына үш жоба көзделген. Бұл жобалар аясында шамамен 12 550 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде құрылыс кезеңінде он бір мыңға жуық адам және пайдалану кезеңінде 1 650 адам жұмыспен қамтылатын болады. 2021 жылы 25 млрд теңге болатын бір жоба жүзеге асырылды», деп түсіндірді М. Мырзағалиев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жалпы сомасы 4,3 трлн теңге болатын 2 жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, өңірлік картада екі жүз миллиард теңге сомасына 16 жоба көзделген. Бұл жерде үш мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, құрылыс кезеңінде екі жарым мың адам және пайдалану кезеңінде 450-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Бүгінгі таңда бір жоба салынып бітті. Оның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрады. 15 жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы сомасы – екі жүз млрд теңгеге жуық.

«Оның ішінде 14 жобаны биыл жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бір жобаны іске асыру 2022 жылға жоспарланған», деді министр.