Спорт • 21 Қыркүйек, 2021

Тұңғыш турнир теннисшілерді Арқа төсінде тоқайластырды

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында үстел теннисінен ITTF Kazakhstan International Open-2021 халықаралық турнир өтті. Былтыр ғана бой көтерген Saryarka үстел теннисі орталығын екі күн дүбірге бөлеген додада Аустрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның әр қиырынан келген 70-тен астам спортшы 30 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын сарапқа салды.

Тұңғыш турнир теннисшілерді Арқа төсінде тоқайластырды

Жарыстың ашылу салтана­тына Мәдениет және спорт ми­нис­трі Ақтоты Райымқұлова және бір­­қа­тар мәртебелі меймандар арнайы келіп қатысты.

Айта кету керек, аталған тур­нир Халықаралық үстел тен­нисі федерациясының (ITTF) ТМД елдері аумағында биыл ұйым­дас­тырған жалғыз рейтингтік жарыс болды.

«Биыл Қазақстан үстел тен­нисі федерациясы ITTF аясында дүбірлі де беделді додаларды дәс­түрлі түрде өткізуге ниетті еке­нін жариялайды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл аймақтардағы материалдық-техникалық базаны нығайтумен бірге, рес­пуб­ликадағы ең ауқымды олим­пиялық спорт түрлерінің бірін дамытуға қосымша ынталанды­ру­ды қамтамасыз етеді. Біз Kazakhstan Open додасын жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр­мыз», деді турнир алдында Қазақстан Үстел теннисі феде­ра­циясының президенті Данияр Әбілғазин.

Дүбірлі дода қорытындысы бойынша ерлер арасындағы сында, бұған дейін хабарлан­ғанындай, отандасымыз, ел үс­тел теннисінің көшбасшысы Кирилл Герасименко топ жарды. Ал әйелдер арасындағы тартыс­ты бәсекеде ресейлік Валерия Ко­цюрдің жолы болды. Екінші жүлде де ресейлік Екатерина Охот­­никоваға бұйырса, қола ме­дальға қазақстандық Айя Әлім­баева қол жеткізді.

Ерлер арасындағы жұптасып өнер көрсету сынында Кирилл Герасименко мен қарағандылық жас талант Алан Құрманғалиевқа тең келер қарсылас болмады. Ресейлік жұп Валерия Ко­цюр мен Валерия Щербатых әйел­дер арасындағы сайыста мық­ты­лығын мойындатты. Ал қара­ғандылық Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Миркадирова болса, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Аралас жұптар арасындағы өткен тартыста Ресейден келген Валерия Коцюр мен Максим Ка­бур­кин жұбы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл сында қазақстандық теннисшілер де жүлдесіз қалмады. Атап айт­қанда, Эрик Райтер мен Арай Әшкеева жұбы қола жүлдеге ие болды.

Сөйтіп, тартысты өткен турнирде Қазақстан құрама командасы екі алтын және үш қола жеңіп алып, сәтті өнер көрсетті.

Аталған турнирге келген қо­нақтар мен қатысқан спортшылар дүбірлі доданың өте жоғары деңгейде өткенін бірауыздан атап өтті. Жалпы, соңғы жылдары Қарағанды облысында үстел теннисі қарқынды түрде дамып келеді деп айтуға берік негіз бар. Нақтырақ айтқанда, осы спорт түрінің өңірлік федерациясына жетекшілік ететін облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қамқорлығының арқасында үстел теннисі шеберлерінің жарыстарға алаңсыз да тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жа­салған.

Ал былтыр Мемлекет бас­шысының өзі ашқан Saryarka заманауи теннис орталығы ха­лықаралық деңгейдегі кез келген жарысты өткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, жалпы аумағы төрт мың шаршы метр болатын бұл нысанда 18 теннис үстелі қойылған ойын бөлмесі және Халықаралық үстел тен­нисі федерациясының барлық тех­ни­калық талаптарына сәйкес ке­летін тоғыз теннис үс­телі бар жаттығу залы бар. Сон­дай-ақ мұн­да кешенді дайын­дық­қа ар­нал­ған жаттығу залдары, меди­циналық кабинет, спорт­шы­ларға арналған демалыс бөл­мелері, тө­решілер мен бапкерлер бөл­ме­лері, конференц-залдар мен фудкорт қарастырылған.

Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Темірхан Абылаевтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде үстел теннисімен айналысушы балалар мен жас­тардың қатары көбейіп келеді. «Облыс орталығында жаңа теннис орталығының салынуы спорт­тың осы түрінің дамуы­на үлкен серпін берді. Осы бағыт­тағы жұмыстарға барынша қол­дау көрсетіп отырған облыс бас­­­шылығына деген алғысымыз мол», дейді ол.

Еліміздегі және облыстағы күрделі эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты, жарыстың көрерменсіз өткенін айта кеткен ләзім. Есесіне, бұл ITTF Kazakhstan International Open-2021 турнирін Qazsport телеарнасы мен Халықаралық үстел теннисі федерациясының ресми сайты тікелей эфирде көрсетті.