Білім • 08 Қыркүйек, 2021

196 қазақстандық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

196 қазақстандық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды

Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура, докторантура, резидентура бойынша оқитын, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 196 қазақстандыққа берілді.

Отырыста білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалып, «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барлығы 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Тағы 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша бөлінді. Бұл санат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітілген.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылғы 4 мамырдан бастап 28 қазанға дейін жалғасады.

Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.