Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2021

Нұр-Сұлтанда Ауғанстандағы жағдай талқыланады

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

15-17 қыркүйек аралығында елордада өтетін XVII Еуразиялық Медиа Форумы аясында көрермендер үшін шеберлік кластары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда Ауғанстандағы жағдай талқыланады

Еуразиялық Медиа форумы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен өтеді. Іс-шарада «ҮЕҰ және әлеуметтік сторителлинг үшін бейнематериалдар жасау», «Сыни ойлау неліктен соншалықты маңызды?» «Болашақты қалай басқаруға болады?», «БАҚ аудиториясы – өзара іс-қимыл форматтары», «Digital me: әлеуметтік желілерде отыру әдетінен арылып AI және сингулярлыққа кіруге дейін» және «Әлеуметтік маркетинг» сияқты тақырыптар талданады.

«Біз коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, журналистика факультеттерінің студенттері мен басқа да мүдделі мамандар форумның шеберлік кластарына онлайн қатысады деп күтеміз. Аталмыш шеберлік кластарының күн тәртібін қазақстандық аудиторияға арнап, олар медиа саласындағы соңғы трендтер жайлы хабардар болуы және заманауи құралдарды жұмыста пайдалана алуы үшін ыңғайлап жасадық», деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілі Мирас Іргебаев.

Форум аясында «Түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпараттық құралдары. Жаңа шынайылық жағдайында ынтымақтастықты дамыту», «Жаңа бетбұрыс: Ауғанстандағы оқиғалардың Орталық Азия аймағына әсері қандай болуы мүмкін?» және т.б. өзекті тақырыптар талқыланады.

«Дөңгелек үстелге бұл тақырыптарды қосуға «Талибан» радикалды қозғалысы Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатқанын жариялаған 15 тамыздағы оқиғалар түрткі болды. Ел тарихының қайтып оралмастай өзгеріске қалай ұшырап жатқанын дүние жүзі демін ішіне тарта бақылап отыр. Біз бұл мәселеден қалыс қалмай, Орталық Азия аймағында орын алып жатқан осы оқиғаларды талқыға салу үшін сарапшылар шақырдық», деді ЕАМФ Бас директоры Алмагүл Ахметжанова.

Дөңгелек үстелдің спикерлері Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Өзбекстаннан «Ma’no» Зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтияр Эргашев, АҚШ-тағы Пәкістанның бұрынғы елшісі және Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері және директоры Хусейн Хаккани, Тәжікстаннан саяси ғылымдар кандидаты Саймидин Мирзоев болады.

Дөңгелек үстелдің модераторы - қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарыынң кандидаты, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов.

ЕАМФ-2021 көрермендерін «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сессия», «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?!», «Ақпарат көп – шындық аз», «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік», «Ашушаңдық дәуірі. Әлемді билеп тұрған кім?», «Медиа және технологиялар. 2021 трендтері», «Еңбек нарығының болашағы және білім», «Орындалған келешек әлемі» тақырыбында 8 сессия күтеді.