Қазақстан • 31 Тамыз, 2021

15 әскери қызметші мен құтқарушының мәйіті табылды

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Министрліктің орталық аппаратының жедел-тергеу тобы Жамбыл облысында болған жарылысты тексеріп,  куәгерлерден жауап алып жатыр. Бұл туралы брифингте ведомствоның ресми өкілі Нұрділда Ораз хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

15 әскери қызметші мен құтқарушының мәйіті табылды

Фото: Zakon.kz

«Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің аумағында болған жарылыстарды толық және объективті тексеру үшін ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлерінің арасынан жедел-тергеу тобы құрылды.

Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жүріп жатыр», деді Н.Ораз.

Оның айтуынша, жедел-іздестіру шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ зақымдалған объектілерді тексеру жүріп жатыр.

«Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында саперлер мен кинологтар бригадасы іздестіру жүргізіп жүр. Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының мәйіті табылды», деп қосты ІІМ ресми өкілі.

Министрліктің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтауға және оқиғаның салдарын жоюға 800-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның сарбаздары, 113 арнайы техника жұмылдырылды.

Полиция оқиға орнына кіру жолдарын, оның ішінде теміржолды уақытша жауып тастады және оқиға орнына жедел жәрдемді бірге алып жүрді. Төтенше жағдай аймағына жақын жерде Қайнар, Жібек жолы, Үшбұлақ елді мекендерінен 700-ден астам адам эвакуацияланды, 2350 пойыз жолаушысын автобуспен тасымалдау ұйымдастырылды, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Байзақ ауылының №4 лицейінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел штаб құрылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұлан мен полицейлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Оқиға орнында жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында», деді Нұрділдә Ораз.