Фото: startribune.com
Іс-шара Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылғанына 20 жыл толуына орай Бүкілқытай әйелдер федерациясының ШЫҰ Хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Форумға онлайн-форматта ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты.
Пекин форумының пікірталас алаңының тақырыбы - Пекин декларациясы мен Пекин іс-қимыл платформасының негізгі міндеттерін іске асыру бойынша жұмыстың басымдықтарының бірі ретінде әйелдер арасындағы кедейлікті жою және білім беру мәселесі болды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері - ықпалды саясаткер әйелдер, көшбасшы әйелдер, әйелдер істері жөніндегі министрлер, әйелдер ұйымдары мен ШЫҰ-на қатысушы елдер бірлестіктерінің басшылары Тұрақты даму мақсаттарына жету жолында әйелдерге білім беру және кедейлікті қысқарту бойынша үздік тәжірибемен алмасты
«Қазақстанда халықтың әйелдер бөлігінің тұлғасында құнды адами капиталды қалыптастыруға мүмкіндік беретін жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Президент әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқаруға, әсіресе жергілікті деңгейде өңірлерде белсенді тарту туралы тапсырма берді және ол ең бастысы болып саналады», деп атап өтті ұлттық комиссия басшысы Ләззат Рамазанова.
Көптеген «классикалық» рейтингтер шеңберінде Қазақстан елімізде «әйелдердікі» болып саналатын білім беру саласындағы неғұрлым мықты позицияларды тұрақты көрсетіп отыр. 2020 жылы мектеп оқушыларының 49%-ын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқушыларының 47,3%-ын қыздар құрады. Еліміздің 125 жоғары оқу орындарында қыздар мен әйелдердің 53% оқиды.
«Болашақта цифрлық технологиялардың дамуы дәстүрлі түрде «ерлердікі» деп саналатын IT-мамандардың әйелдер арасында сұранысының өсуіне ықпал ететін болады», деп атады Ұлттық комиссия басшысы.
Қазақстандық тарап форумда қаралатын мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық бастамаларды іске асыруға сындарлы үлес қосуға дайын екенін білдірді.
«Бүгінде әлемге жалпы адамзаттың тұрақты дамуының негізгі алғышарты ретінде білім беруді дамыту және кедейлікпен күрес үшін әйелдерді жандандыру қажет. Қазақстан өз кезегінде осы мақсаттарға жету жолында өзара тиімді ынтымақтастыққа күш салады», деп атап өтті Л. Рамазанова форум қатысушыларына.