Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Қыстан шығу қиын болғалы тұр

517 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өңірдегі малсақ қауымның бағымында 544,2 мың қара мал, 741 мың қой-ешкі, 248,4 бас жылқы бар. Осы малды қыстатып шығару үшін 1 181 мың тонна шөп қажет. Әзірге шабылып, жиналғаны 435,3 мың тонна немесе барлық көлемнің 36,9 пайызы ғана. Биыл көктем шыққалы жауын болмағандықтан шөп сұйық. Қытымыр қыс қамданбағанды қырына алатын түрі бар.

Қыстан шығу қиын болғалы тұр

Шөп те азық, қамыс та азық

Биыл малшы қауымның көңілі күпті. Мамыр-маусым айларында аспаннан нәр тамбады. Оның үстіне күннің көзі де шыжғырып тұрып алды. Өткен қыста қар жылдағыдан мол түскендіктен жұрт­тың жағасы жайлауда болатын. Үміт ақталмады. Қар суы көктем шығысымен лезде кеуіп кетті. Жылдағыдай өзендер де тасыған жоқ. Көктемгі қар суы жиналатын өзекшелер мен қара сулар мамыр айының соңында кеуіп қалды. Ауыл тұрғындары мал суаратын су көзін таппай қиналуда. Ертеректе бітеліп қалған, кейін ешкім ескермеген бұлақ көздерін іздеп қарекет етуде. Жайылымға құдық қазып алуға қаражат жоқ. Жығылғанға жұдырық дегендей, өңірдің далалы аймақтарында шөп мүлде көтерілмей қалды. Орманды өңір біршама тәуір. Мамандардың айтуына қарағанда, шөптің биіктігі орташа есеппен 15 см-ге жетер-жетпес. Соның салдарынан өнім де көңіл тоғайтпай тұр. Мәселен, шөп шауып жатқандардың бүгінгі мәліметінше, гектар берекесі шамамен 2,5-3 центнерден айналуда. Күнімен бос айналғандықтан аз шөптің өзіндік құны да шарықтап тұр. Түсінікті болу үшін мысал келтіре кетелік, ауа райы қолайлы болмаған 2019 жылдың өзінде әр гектардан 6,2 центнерден шөп жиналған. Былтыр біршама тәуір болды. Шабындықтың әр гектарынан 7,8 центнерден шөп жинады.

«Қазгидрометтің» мәлімдеуінше, өңірде мамыр-маусым айларында 13,1 және 19,1 мм ылғал түскен. Жылда бұл уақытта шамамен 33-35 мм жаңбыр жа­уатын. Құрғақшылық жылы ылғал көлемі екі еседен астам аз болып тұр. Осы­ған орай шабындықтағы шөп шығымы да әрқилы. Мәселен, өңірдегі барлық шабындықтың 1,8 млн гектары немесе 40 пайызы тәуір деп есептейтін болсақ, 2,5 млн гектары сәйкесінше 55 пайызы қанағаттанар­лық деңгейде. Ал 228,1 мың гектары неме­се 5 пайызы мүлде нашар.

Биыл өңірде 1,5 мың шөп дайындайтын бригада қауырт жұмыс істеуде. Шөп науқанына 8 мыңға жуық трактор, 2,5 мың дана тіркемелі шалғы, 2 мыңға таяу шөпті жинап буатын құ­рылғы пайдаланылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­метіне қарағанда, жемшөп дайын­­дауға қажетті жанар-жағар май жеткілікті. Бұл тарапта жемшөп дайын­дауға арнайы субсидияның жоқ­ты­ғын екпін түсіріп айта кетуге тиістіміз. Өңірде қазір дизель оты­­нының құны шарықтап кеткен. Субсидия күзгі жиын-терінге бір-ақ беріледі. Шаруаға көмек жергілікті әкімдердің тарапынан жасалуы тиісті. Бірақ олардың қолында мұншалықты көлемде дизель отыны жоқ.

Тығырықтан шығар жол қайсы?! Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтің айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен жұмыс жүргізілуде. Айталық, шетелдік астық комбайндары сабанды турап тас­тайтын. Құрғақшылыққа байланысты ендігі арада сабанды турамай, атжалға түсіріп, халыққа тарату туралы тапсырма берілуде. Аз да болса сеп. Бірақ ылғалдың жоқтығынан дәнді-дақылдар да бой салып өспей қалды. Сол себепті талпыныс болғанымен, сабаннан да қайыр болмауы әбден мүмкін.

– Қолда бар малды қаһарлы қыстан аман алып шығу үшін техника бара алмайтын, егістік жерге жарамсыз сай-сала мен өзен-көлдердің жағалауларын шауып, амалдау қажет. Қамысты да, құрақты да жинап алған жөн. Қазір өңірдегі орманды алқаптардың шығымы біршама тәуір. Жерде өнгенді жерде қалдырмай, қара күзге дейін қимылдасақ, мал азығын қамдауға әбден болады, – дейді Е.Әленов.

Одан қалды көптеген серіктестіктің кәдеге аспай жатқан шабындықтары мен жайылым жерлері пайдаланылуда. Жергілікті әкімдіктер қазір осындай талап қойып отыр. Жасыратыны жоқ, біраз серіктестік егістік жерді ғана пайдаланады. Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтеріліп, айтылған болатын. Жерден айырылмау үшін қулыққа көшкен серіктестіктер өздері меншігіне алған жайылымдық жердің шамамен 20 пайызын ғана пайдаланып мал бағады. Қолданыстағы заңға сәйкес мал ұстағаннан кейін олардың жерін мемлекет меншігіне қайтарып алу өте қиын. Өйткені мал бағып отыр ғой. Ал жер толық пайдаланылмайды. Биылғыдай қысылтаяң кезде тоқымдай жер болса да толық кәдеге асырылса жөн. Тиісті орындар өңірде 1 млн гектарға жуық жердің бос жатқанын айтып дабыл қаққан. Ел игілігі үшін, қолда бар малдан айырылып қалмау үшін қалайда осы бос жатқан жерлерді шабындыққа, жайылымға пайдалансақ қана төрт түлік мал жұтқа ұшырамас еді. Әрі ұзақ жыл бойы шалғы тимей, адам аяғы баспай тусырап жатқан жерде биылғы шөп сұйық болса да, былтырғы өліқаудың бары анық. Тым құрығанда жылқының қысқы тебініне әбден жарап жатыр. Жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтардың осы бос жатқан жерді қыста тебінге пайдалануына әбден болады емес пе? Әйтпесе, елді мекеннің төңірегіндегі алақандай жайылымдық жер тұяқкесті болып тозып біткені ешкімге жасырын емес. Ол жерде қой-ешкі де, сиыр да, жылқы да бағылады. Малмен көзін ашқан көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жылқы жайылған жерге қара малды шығару бері қойғанда әбестік. Жылқының тісі қысқыш тәрізді орналасқан, ол шөпті тамырына дейін тістей алады. Ал қара мал тілімен орап жейді. Жылқыдан кейін сиырдың сыбағасы сұйылып кетеді.

– Жері құнарлы Біржан сал ауданында да шөп шығымы ала-құла. Жаз бойы жауын жаумағандықтан тамырына дейін күйіп кетті. Жылда мал азығын молынан дайындап алатын шабындықтағы шөп шалғының тісіне ілікпейді. Сондықтан қолат-қойнаудағы, сай-саладағы, өзекшедегі шөптің бәрін жинап алуға тырысу керек. Қамыс шапсақ та қарап отырмайық. Біздің шаруашылық төрт түліктің төресі – жылқы өсі­румен айналысады. Бағымымызда 200-дің төңірегінде жылқы бар. Өз төлі есебінен көбейтуге мүмкіндік болғанымен, жайылымдық, шабындық жердің тарлығы қолбайлау болып отыр. Соған қарамастан жылқы басын мыңға жеткізген шаруа­шылықтарды да білеміз. Менің көз­қарасымда бұл дұрыс емес. Мал азы­ғын қамдап алмайынша, малдың басын көбейткеннен пайда жоқ. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, шамасына қарай шақтауы керек. Қазір ауылдық жерлерде жылқышы тауып алудың өзі мұң. Атқа мініп, құрық ұстап жылқы бағатын жылқышы жоқ. Автокөлікпен әйтпесе, мотоциклмен бағады. Ауылдағы ағайын жылқыны егін орағы аяқталғанша қамап бағып отыр. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта күнұзақ шарбақтың ішінде қамаулы тұрған мал өсе ме?! Ал егін орағы қоңыр күзге дейін созы­лады. Арғы жағы қарлы жаңбыр. Жілі­гіне май бітпеген жылқының тебінге шыдауы мүмкін емес. Мал ішінде өлім-жітімнің көбеюі осындай қырсыздықтан болып тұр, – дейді «Шарипов» шаруа қожалығының басшысы Әсет Шарипов.

Шынтуайтында малсақ қауым үшін ауа райы жыл сайын қолайсыз болып тұрғандықтан, табиғи шөптің шығымына иек арту, соған сену қиындай беретін түрі бар. Демек бос жатқан жерлерге екпе шөп еккен ләзім. Сонда ғана мал азығын молайтуға мүмкіндік туады. Бұл орайда өңірде аздаған ұмтылыс бар. Мәселен, өткен жылы 186 мың гектар алқапқа әртүрлі мал азығындық дақылдар егілсе, биыл бұл көлем 4 мың гектар алқапқа молайтылыпты. Мамандардың айтуына қарағанда, табиғи шөптен гөрі екпе шөп алқаптарының шығымы тәуір.

 

Қуаңшылық Атбасар өңірін де қусырып тұр

Қуаңшылық табиғаты жақсы, топырағы құнарлы Атбасар өңірін де қусырып тұр. Биыл қар суымен нәрленген ойпаңдар мен өзекшелерде болмаса, шабындықтағы жағдай мақ­танарлық емес. Облыстың ауыл шаруашылығында үлесі басым ауданда 232 шаруашылық бар. Бү­гінде төрт түліктің басы өскен бақуат­ты ауданның малсақ қауымы тегіс алаң­даулы. Ірі шаруашылықтың санатына енетін 70 серіктестіктің жағдайы тәуір болуы мүмкін. Өйткені олар жалғыз табиғи шөпке иек артпай, мал азығы дақылдарын мол егіп отыр. Құрғақшылықтың кәтепті қара нарға жүк болатын зілмауыр салмағы ұсақ шаруа қожалықтар мен ауылда мал сүмесімен күн көріп отырған адамдардың иығына түспек.

Ерте көктемде өз ісіне мұқият диқандар агротехникалық шараларды бұлжытпай орындады. Барлық егістік алқабында ылғал жабу жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Аспан қабағын бағып, секемденіп отыратын серіктестік басшылары дала жұмыстарын мерзімінде аяқтады. Бұл тарапта олқылық орын алмағанымен, көктем шыққалы бұлт бауырының имеуі шаруаны шатқаяқтатып тұр. Нақтырақ айтсақ, өткен жылмен салыстырғанда құрғақшылық әлде­қайда басым. Мәселен, былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда ылғал айтарлықтай аз түсті. Егер өткен жылы осы уақытта 43 мм ылғал түссе, биылғы көрсеткіш 11,5 мм ғана.

Аудандағы шабындық жердің ауқымы 100 мың гектарға таяу. Оның 33 мың гектары – табиғи шөп алқаптары. 22 мың гектар жерге көп жылдық шөп егілген. 16 мың гектар жерге бір жылдық шөптің тұқымы сіңірілген. Былай қарағанда, аудандағы төрт түлік малдың азығын еркін жинап алатын кең көсілген алқап. Бірақ шөп шығымы сұйық болғаннан кейін түсімі де төмен. Күн ұзақ шабындықта шалғысын босқа сілтеп жүрген шөп дайындаушылардың көңілін күпті ететін жай да осы. Жоспар бойынша аудан шаруашылықтары 82 мың тонна шөп жинауы керек. Өткен жылы шөп шығымы жақсы болғаннан кейін жоспардан асыра мал азығын маялап алғандары көңілге демеу.

Шөп дайындайтын бригадалар тірнектеп жүріп осы уақытқа дейін 31 мың тонна шөп жинап, қыстақтарға тасып алды. Шынтуайтында бұл – негізгі шабындық жерлерден шабылған шөптің көлемі. Бар болғаны жоспардың 38 пайызы ғана. Енді мұндай шөп шабатын алқап та аз. Амалсыздан табиғат жомарттық танытқан жылдары табанын басуға батпайтын өзекшеге түсіп, көл жағасындағы құрақ пен жұғымы аз жусанды да жығып жатыр. Жабай өзенін жағалап, көктемгі қар суы лықсып келіп ойпаңға су жиналған жерлер әлдеқашан кеуіп қалған. Қар суы мейірін қандырған осындай жағалауларда ғана шалғының тісіне ілігетін шөп бар.

Қазір аудан басшылары, ауыл­дық округтердің әкімдері ел ішінде жатпай-тұрмай жемшөп жинап алу мәселесімен шұғылдануда. Ірі серіктестіктер басшыларымен келісімге келуде. Әркім өз көрпесін өзіне тартпай, жалпақ жұрттың жайын ойлау қатаң тапсырылуда. Айталық, қолында техникасы жоқ, бірақ азын-аулақ мал бағып отырған ауыл тұрғындарының ішіндегі зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар қамқорлықтан қағыс қалмауы қажет. Ендігі бір амал – бұл күні ұмыт болған қол шалғыны қолға алып, техника түсе алмайтын ойпатта өскен шөпті рәсуа қылмай жинап алу. Тірнектеп қимылдаса, жол жиегінен де бірер көпене шөп шауып алуға әбден болады.

Ел жағдайын ескерген ірі шаруа­шылықтың басшылары шөптің әр тоннасын 10 мың теңгеден сатуға келісім беріп отыр. Биылғы жағдайда сутегін баға десек те артық емес. Күзгі егін орағы кезінде сабанды атжалға түсіру де мықтап тапсырылуда. Түсінікті болу үшін айта кетелік, шетелдік алымдылығы жоғары астық комбайндары бұрын сабанды турап тастайтын, биыл комбайнның құрылғысын өзгертіп, мал азығын сабанның есебінен молайту қажет болып-ақ тұр.

Ауданның оңтүстік өңірінде құр­ғақшылық айқын байқалуда. Әсіресе, Сепе ауылдық округі шөпсіз қалатын түрі бар. Округтегі шабындық жердің ауқымы мол болғанымен, жаңбыр жаумаған соң шөп күйіп кетті. Сол­түстіктен орталықта еңбектенген адамға мал азығын жинап алатын мүм­кіндік бар. Мысал келтіре кете­лік, «Полтавка-2» серіктестігі шөп шабу науқанын толық аяқтады. Шаруа­шылықтың агрономы Валерий Помил­коның айтуына қарағанда, 600 тонна шөп шабылған.

– Жиналған шөптің жартысын серік­тестіктің зейнеткерлеріне жеңіл­дік­пен сатпақшымыз. Тоннасы – небәрі 10 мың теңге. Жауынның аз болатыны байқалысымен егістік науқаны аяқтала бере арпа тұқымын әдеттегіден тереңірек егіп тастағанбыз. Нәтижесі жақсы болды. Бұл да болса биылғыдай қуаңшылық жылы тәп-тәуір сеп болатын түрі бар, – дейді В.Помилко.

Ел ішіндегі қуаты мол серіктестіктер басшылары жұрт жайын осылай ескерсе, ешкім де жем-шөптен тарығып, жұтамас еді.

«Қазгидромет» мекемесінің мәлі­метіне қарағанда, шілде-тамыз айларында жауын жауады деп болжа­нып отыр. Шөп буыны қатып, ішінара қурап кеткенімен, көк өскіннің шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, бар мүмкіндікті тегіс пайдаланған абзал. Сонда ғана қамданғанның қапы қалмасы анық.

 

Ақмола облысы